Алматы облысында соққының астында қалған зейнеткердің ісіне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 67 жастағы Кеген ауылының тұрғыны дәрігерлер көмегіне жүгінді. Медбикелер соққының салдарынан зейнеткердің миы шайқалғанын айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел соққының қайдан пайда болғанын жасыруға тырысқан.
«Анықталғандай, егде әйелді жарақаттаған оның 1975 жылғы туған ұлы болып шықты. Ер адамды іздеп тауып, аудандық бөлімшеге апарды», - делінген хабарламада.
Полицейлердің мәлімдеуінше, анасын соққыға аларда ер адам мас күйде болған. Жанжал барысында ол анасының басына көсеуді лақтырып жіберген.
Райымбек аудандық ішкі істер бөлімі полицейлері тергеу жұмыстарын бастады. Күдіктіге қатысты «Сотқа келу міндеттемесі» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы қолданылады.