Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бәкиев пен оның туған ағасы Жәнібек Бәкиевті Бішкектегі Октябрь ауданының соты сырттай 10 жылға соттады. Бұл туралы ТАСС агенттігі сот канцеляриясына сілтеме жасап хабарлайды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Олармен қоса түрлі мерзім мен айыппұл төлеуге ауылшаруашылық жерді заңсыз пайдаланған бірнеше шенеунік міндеттелді», - делінген канцелярияда.
Ұлттық парламенттің экс-депутаты Қарғанбек Самаковтің дүние мүлкі тәркіленіп, өзі 10 жылға сотталды. Алайда ол рақымшылыққа ілініп, жаза мерзімі үш есеге қысқарған. Бұрынғы вице-премьер Ескендір Айдаралиев, сондай-ақ экс-премьер және қазіргі парламент депутаты Игорь Чудинов қылмысы үшін 5 млн қырғыз сомы мөлшеріндегі айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұдан өзге, аталмыш қылмыстық әрекет аясында бірнеше мемлекеттік қызметкерлердің үстінен іс қозғалған.
Бұл топқа қатысты қылмыстық іс 2 жыл бұрын қозғалған. Оларға қатысты 262 гектар ауылшаруашылық жерді тұрғын үйлер салуға арналған аумаққа айналдырғаны үшін айып тағылған.