Жасы 82-ден асқан ақсақалдың әңгімесін тыңдап отырмын. Жан жадыратар жаңалығы болса бір сәрі ғой, жүрек ауыртатын, ауыртып қана қоймай, жүрекке шаншудай қадалатын әңгіме. Қызығып емес, қиналып отырып тыңдайтын әңгіме. Бірақ тыңдап отырмын.
— Шырағым, жақында 83 жасқа аяқ бастым. Қартайған шағымда тағдырдың тәлкегіне түсіп, туған қызымнан зәбір, 30жапа шегіп отырған жайым бар. Одан көрмеген қорлығым жоқ. Енді төрімнен көрім жақын шағымда шаңырағымды шайқалтып, басымдағы баспанамды тартып алып, қаңғыртып далада қалдырмақ ойда, —деді жасқаншақ дауыспен жағдайын жайлап баяндаған Айтбек ақсақал. Әрі қарай менің сұхбаттасым Айтбек Рәпілбекұлы Жәнібековтың өмірі мен басына түсіп отырған жағдай былай өріледі. Қазақ халқының басына нәубет түскен 1932 жылдың 1 қарашасында қазіргі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Өрнек ауылында Рәпілбек пен Райханның отбасында дүниеге келген Айтбек Ұлы Отан соғысы жылдарында шөмеле салып, арба айдаған, ұжымшардың қол жұмыстарының бәріне жегілді өз тұрғыластарымен бірге. Тағдырдың маңдайына жазғаны солай болса қайтсін. Жалғыз ол емес, бүкіл халықтың басына туған күн ғой. Әйтеуір соғыс жеңіспен аяқталып, Айтбектің замандастарына әрі қарай бейбіт өмір сүріп, жүрек қалауымен таңдау жасайтын күн туғанына шүкір! 1949-50 оқу жылында сол кездегі Шонақтау орта мектебін ойдағыдай бітірген Айтбек Рәпілбекұлы Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсырған. Жолы болып оқуға түсіп кетіп, 1955 жылы аталмыш оқу орнының биология факультетін ойдағыдай бітіріп шығады. Дипломда жазылған мамандығы — биолог-топырақтанушы. Ол содан бір жыл бұрын ҚазПИ-дің жаратылыстану – жағырапия факультетінің студенті, атыраулық ару Бағделге үйленген. Айтбек диплом алған жылы дүниеге Мұрат атты ұл келіп, екі қуанышты қоса тойлады. Ой, ол нағыз бақыттан бас айналған сәттер еді ғой! Одан кейінгі өмірі де кісі қызыққандай сәтті әрі тәтті өтіп жатты.
Ә дегенде республика Ғылым академиясына кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан Айтбек сондағы ғылыммен «тісі сарғайған» ақсақал қызметкерлердің «жастар өндіріске жақын болуы керек, әйтпесе кеңседе қағаз кеміріп отырып қаласың» деген ақыл-кеңесімен ауыл шаруашылығы академиясына, одан сәл кейіндеу Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қызметке ауысқан. Ақсақал ғалымдардың ақылы дұрыс екен, Айтбек Қазақстанның тың және тыңайған жерлер игеріліп жатқан Солтүстік өңірінде де болып қайтты. Содан екінші перзенті Зарида дүниеге келген 1957 жылы болуы керек, сол кездегі КСРО-ның көпірме басшысы Никита Хрущевтің «ғылым өндіріске жақын болуы керек» деген көсемсіген сөзімен «Қазсушар» ғылыми-зерттеу институты Жамбыл қаласына көшіріліп, Айтбек те отбасымен осында қоныс аударған. Бұл кезде ол ҒЗИ-дің топырақ-мелиорация бөлімінің бастығы болатын. Ол осында жүріп Тәшкен қаласына барып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғады. Одан кейін бірқатар жылдар Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған Айтбек қайтадан өндіріске оралып, облыстық агрохимсараптама мекемесіне директор болып ауысқан. Соңында Облыстық тәжірибе станциясында мелиорация бөлімінің бастығы қызметінен құрметті демалысқа шықты. Оның қайсыбір жылдары Алматы, Талдықорған облыстарының жер пайдалану картасын жасау жөніндегі экспедицияны басқарғаны да бар. Айтуынша, еңбек еткен жылдарында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Ал зайыбы Бағдел Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында тері-жүн зертханасында ұзақ жылдар аға сарапшы қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Екеуі жұбайлық ғұмыр кешкен 57 жылда жоғарыда айтқан Мұрат, Заридадан кейін Гүлнара, Гүлмира, Асқар атты перзенттер сүйіп, олардың отбасы шаттық ұялаған шаңыраққа айналған.
Мұның бәрін неге айтып отыр дейсіздер ғой, «түңлікті үйден тысқары», осындай сүттей ұйыған отбасының отағасы Айтбек қызымен соттасып жатыр. Анығында ол емес, қызы Гүлнара оны сотқа беріп жатыр. Бәрі де Бағдел қайтыс болғаннан кейін басталды. Айтбектің 57 жыл отасқан зайыбы Бағдел 2012 жылдың 9 қаңтарында дүниеден озды. Бұл кезде олардың ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Бәрі де үйлі-баранды. Ата-аналарынан бөлек тұрып жатты. Содан сол жылы, яғни 2012 жылдың 19 мамырында Айтбек ақсақал төсек жаңғыртып, басы бос, бұрыннан таныс әйел Сарқытбаева Қалымхан Қызырқызымен заңды некеге тұрып, оны қолына кіргізіп алған.
Біз «Япырай, бұл не деген асығыстық! Айтбек ақсақал үйленуге неге асықты екен?! Мұның сыртында бір сыр жатқан сияқты», — деп ойлағанбыз. Ойымыздағы сұрақты қойғанбыз да. — Бағдел қайтыс бол-ғаннан кейін мен үйде жалғыз қалдым. Сексен (!) жастағы адамға тамақ істеп ішу, кір-қоңын жуу қиын екені белгілі. Балалар өздері-мен өздері. Сол екі ортада ауырып қалып, облыстық ту-беркулез ауруханасында екі ай жатып емделіп шықтым. Қалымхан сонда тазалықшы екен. Біз бұрыннан таныс едік. Ауруханада жатып емделген екі айдай уақытта ол маған жақсы күтім жасады. Басы бос екенін білемін, сонан соң қалған өмірімді бірге өткізуге ұсыныс жасадым. Ол келісті. Содан бері бірге тұрып жатырмыз. Ол кезде балаларымның тарапынан да ешқандай қарсылық болған жоқ. Өздері маған күтім жасап жатпаған соң, неге қарсылассын. Енді келіп мына қыз «бүйректен сирақ шығарып» отыр, — деп жауап берді Айтбек ақсақал бұл сауалымызға. Ол кісінің «мына қыз» деп отырғаны – өзінің туған қызы Жәнібекова Гүлнара Айтбекқызы. Әкесін сотқа беріп, үйден қуып шыққалы жатқан да сол. Енді мына қызыққа қараңыз, Гүлнара Айтбекқызы ол пәтерге 2013 жылдың 19 қарашасында пәтер иелерінің келісімімен тіркеуге тұрған. 2014 жылдың 18 наурызында пәтер иелерінің бірі — әкесі Жәнібеков Айтбектің сыйға тарту келісімшарты негізінде пәтерге ие болып шыға келген.
— Мен ешқандай пәтерді сыйға тарту келісімшартына қол қойған жоқпын. Бір күні таңертең төсектен тұрар-тұрмастан қызым Гүлнара бір қағазды алдыма тосып: «Папа, мына қағазға қол қойып беріңізші», — деді. Әлі киініп, жуынып-шайынып та үлгермеген мен оның Астанада сатып келген үйіне қатысты қағаз екен деп қол қоя салғанмын. Сөйтсем, ол бәлелі қағаз екен ғой. Енді сол қойған қолым өзіме сор болып жабысып отыр. Маған алдап қол қойғызған келісімшарт негізінде таныс нотариусы арқылы пәтердің маған тиесілі бөлігін өзінің атына заңдастырып алыпты. Таныс нотариусы дейтін себебім, ол нотариус маған өзі қол қойғызуы керек қой. Шақырса да барар едім. Әзірге тірімін, жүруге жараймын ғой, — деп, өкінішпен күйіне әңгімелейді ақсақал пәтердің өзіне тиісті бөлігін қызына сыйға тарту жөніндегі келісімшартқа қол қойғаны туралы. «Пәтер иелері», «пәтердің тиісті бөлігі» деген сөздердің мәнісіне үңіліп көрейік. Тараз қаласы, Төле би көшесі, №71 үйдегі №20 даулы пәтерді 1996 жылғы 27 мамырдағы сатып алу-сату келісімшарты бойынша сол кезде Жәнібекова Бағдел сатып алған. Яғни екеуінің ортақ меншігі. Ал пәтер атына тіркелген Жәнібекова Бағдел қайтыс болғаннан кейін заң бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлік негізінде 2012 жылдың 13 қарашасында оның жұбайы Жәнібеков Айтбектің атына пәтердің ½ (екіден бір) бөлігі ресімделген. Дәл сол айдың 22 жұлдызында қалған ½ (екіден бір) бөлігі қызы Жәнібекова Гүлмира Айтбекқызының атына ресімделіпті. Ол Жәнібекова Бағделдің өсиет хаты бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлік негізінде. Сонда марқұм Бағдел қызына мұрагерлік құқық туралы өсиетхатты көзінің тірісінде беріп кеткен болып шығады ғой. Ендеше, пәтердің Гүлмираға тиесілі бөлігінде ешкімнің дауы жоқ. Гүлнара әкесі Жәнібеков Айтбекке тиесілі екінші бөлігін оның «сыйға тарту келісімшарты» бойынша өзінің атына заңдастырып алып, енді сол пәтерден әкесі мен өгей шешесін шығарып жіберуді сұрап сотқа арызданып отыр. Естімеген елде көп, «түңлікті үйден тысқары» деп отырғанымыз да сондықтан. Сонда төрінен көрі жақын, жасы 83-ке аяқ басқан сорлы шал қайда бармақ?! 2014 жылдың 10 желтоқсанында судья С.Қалдыбаевтың төрағалық етуімен іс қараған Тараз қалалық соты: «Жәнібекова Гүлнара Айтбекқызының Жәнібеков Айтбекті, Сарқытбаева Қалымхан Қызырқызын, оларға басқа тұрғын-жай бермей, жоғарыда аталған тұрғын-жайдан шығару жөніндегі талап-арызын қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуға» шешім шығарды. Өте дұрыс әрі әділ шешім! Енді Айтбек ақсақал өзін алдап соққан қызына «берген» сыйға тарту келісімшартының күшін қалай жойғызамын деп дал болып жүр.
Айтбек ақсақал нотариусқа өз аяғымен бармағанын айтады. Ендеше, Гүлнараның әкесіне қол қойғызып әкеліп бере салған «сыйға тарту келісімшарты» бойынша оған пәтерді ресімдей салған нотариустан да сұрау болуы керек шығар? Ол жағы құқық қорғау органдарының еншісінде. — Менің кеткенімді қалайды, — деді біз жолығып сөйлескен Қалымхан. — «Әкеме өзім қараймын» дейді. Бұған дейін қараса, қайда қалған? Ал менің бірге тұрып жатқаныма үш жыл әрі некелескенбіз. Соны айтамын-ау, әкесін әу бастан-ақ қамқорлығына алса, қайда қалған? Қалымханның қандай ойы бар екенінде кімнің шаруасы бар. Ал Айтбек ақсақалдың патша көңілі Қалымханмен бірге болуды қалайды. Ол үшін уақтылы тамағын әзірлеп, кір-қоңын жуып, тіпті шомылдырып отырған Қалымханнан артық ешкім жоқ қазір. Тіпті қызының өзіне күтім жасайтынына сенбейді де. Мүмкін онысы да жөн шығар. Біз осы мақаланы дайындар алдында пәтердің жартылай иесі Гүлмирамен телефон арқылы хабарласқанбыз. — Менің әкеме қояр ешқандай талабым жоқ. Ол кісімен соттаспаймын да. Ал Гүлнара не істеп, не қояды. Ол өзінің еркі, — деп жауап берді ол. Міне, елде жоқ іске барып, әкесін сотқа сүйреп, қазақ деген қасиетті халықтың атына кір келтіріп отырған оқиға туралы әзірге білетініміз осы.
Болат Жаппарұлы
Дереккөз:kazakhstanzaman.kz