Алматы әкімдігі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына дайындық шараларын әлі бастамаған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Күн мен түн теңеліп, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянатын, жер мен көк жаңаратын мезгілге небәрі бірер ай қалды. Алайда тырп еткен қала басшылығы жоқ. Наурызға дайындық барысына байланысты жіберген сауалымызға әкімдік «Наурыз мейрамының концепциясы әзірлену үстінде» деген жауап қатты.
2017 жылдың қазанында календарь бойынша ауысатын Жаңа жылға дайындық барысын әкімдіктен сұрастырғанымызда өзімізге керекті жауапты сол айда-ақ алдық. Онда мерекеге дайындықтың Тәуелсіздік күнінен кейін басталатыны, жергілікті бюджеттен 600 миллиондай қаржы бөлінгені, қаланы безендіру үшін қандай дизайн элементтерінің қолданылатыны бүге-шүгесіне дейін жазылған.
Ал былтыр Жаңа жылға дайындықтың шын мәнісінде қашан басталғаны қала тұрғындарына мәлім. Тәуелсіздік күні былай тұрсын, желтоқсан басталмай қала түрлі-түсті жылтырақтарға тұнып тұрды. Дүкендер мен ірі сауда орталықтарының іші-сырты безендіріліп, шыршалар орнатылды. Жаңа жылдық көңіл-күйді күздің қара суығында-ақ сезінген едік. Мерекеге орай түрлі жеңілдіктер жасалып, байқаулар өткізілді. Сонда Алматы әкімдігінің екі сөлегені ме? Мұны түсіне алмадық.
Бұл әр жыл сайын айтылып жүрген әңгіменің бір сарыны. Айтып шаршаған халықтың қарасы көп. Ғасырлар бойы ата-бабамыз асыр салып тойлап келе жатқан өз мейрамымыз Ресей патшалығы тұсында келген Жаңа жылдың тасасында қалып қойғалы біраз болды. Оған дәлел – бүгінде еліміздің кей өңірінде Ұлыстың ұлы күні бір күн ғана тойланады. Қала тұрғындары мерекені тек 22 наурызда сезіне алады. Онда да алаңға барып, жарты күндік концерт тамашалайды. Бір кесе Наурыз көжесін ішіп, қазақ эстрадасы әншілерінің әндерін тыңдаумен-ақ уақыты өтеді. Ал ауылды аймақтарда тек сол күні ерлеріміз шапан жамылып, әйелдеріміз комзолын киеді. Балалар асық ойнап, күресіп, алтыбақан теуіп сол бір күннің қызығына батып қалуға тырысып бағады. Әрине, бір күндік шараға дайындықты асықтырмауға болатынын қала басшылығы да жақсы біліп алған.
Наурыз мейрамы жөнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек» деген болатын. Яғни Наурыз мерекесінің маңызын түсіне білуіміз керек. Алайда төл мерекеміз туралы сауалымызға басшылықтан мардымды жауап ала алмадық.
Пікір қалдыру