Ақтау тұрғыны ер адамды айдалада ұрып өлтіріп, сол жерге көміп кеткен. Ол 19 жылға сотталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Азат Ізбасаров айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
Темірлан (аты-жөні өзгертілген) өз ұлын Маңғыстау облысының тұрғыны Марат есімді жігіт өлтірді деп күдіктенген.
Темірлан күдіктіні ұрлау мақсатында танысы Тимурдан көмек сұрап, үш мың АҚШ долларын беретінін айтады. Тимур үш ер адамды жалдаған.
Өлтіремін деп қорқытқан соң "күдікті" Темірланның ұлын өлтіргенін мойындайды. Осыдан кейін Темірлан құқық қорғау органдарына хабарласып, Марат қылмысты мойындағанын айтады. Дегенмен полицейлер Маратты қамауға алмаған.
Кейінірек Темірлан Маратты екінші рет ұрлап әкеткен. Ол үшін сыбайластарына төрт миллион теңге беруге уәде еткен. Маратты тағы да елсіз жерге алып келеді. Бұл жолы Марат Темірланның ұлын өлтіргенін мойындамайды. Содан кейін Темірлан оны ұрып өлтірген. Мәйітті сол жерге көміп кеткен.
Кісі өлтіргені үшін Темірлан 19 жылға, ал сыбайластары 16 жылға сотталды. Үкім заңды күшіне енді.