Түс ауа ұйқысынан оянған әнші, композитор Ырбигүл жанұшыра туалетке жүгірді. Кеше түнде үлкен мерекелік шараға қатысып, жүз бірдеңе ұлт мекендейтін бақытты еліндегі ащы-тұщысымен даңқы шыққан Корей мейрамханасына жолы түскен. Жақпайтынын білсе де, көзі қимай, үстел толы таңсық тағамдардан қарбытып-ақ жіберіп еді. Енді, міне, қырық түрлі қышқылдан құралған дәмдеуіштер өзінің күшін көрсете бастады. Іші таудан көшкін жүргендей гүрілдеген Ырбигүл туалетте ақ тер-қара терге түсіп, «Ішім-ай … ішім-ай …», – деп ышқынумен болды. Қиналыспен ұзақ отырып, төсегіне жақындай бергені сол еді, іші қайтадан бұрап ауырып, кері зыңғыды.
Туалетте ауа жоқ: божыған, жидіген күлімсі иістер қолқаны қабады. Әдетте жоқ нәрсеге кірпідей жиырылып, кірпязданып жүретін Ырбигүл бұл жолы аузы-мұрнын тұмшалаудың орнына жалаңаш санын шапалақтап, өзгеше күйге енді. Шабыты келе қалған екен ... шабыт шіркін жер таңдай ма?! Ыңқылы ыңылға ұласты. «Ішім-ай ... нә-нә-нәй... нә-нә-нәй... ішім-ай... нә-нә-нә-нә-нә-нә-нәй...». Санын бұрынғыдан да жітірмелете шапалақтады ... Иә сәт! Бекерге жінікпеген екен, көп өтпей құлақтан кіріп, бойды алатын ойнақы әуен дүниеге келді. Айтқан сайын айтқысы келе берді. Туалетті басына көтерді. Телеэфирден күніне бір ән жазатынын айтып сұхбат бергенде күлкіге айландырып, табалағандар да табылған, ал күліңдер енді. Шабыты шарықтап, ішінің ауырғанын ұмытқан Ырбигүл жаңа әнін жаздыру қамына кірісті. Алдымен ойындағыдай мәтін жаздыру керек, бірден ақын құрбысы Саунагүлге телефон шалды. Әннің қалай туғанын, шабытының қалай келгенін, не ішіп, не жегенін жіпке тізгендей қылып тәтпіштеп баяндап берді. Ән мәтінінде «ішім-ай» сөзінің сақталуын ерекше ескертті. Мына сәйкестікке қарамайсыз ба? Сырлас досы да буын-буыны босап, самайынан алты айғыз тер ағып, парда қыздырынып отырған екен, өтінішін екі етпеді. Қас пен көздің арасында SMS-пен мәтін жазып жіберді. Әуенге құйыла кетті:
Ішім-ай, ішің-ай!
Ауырмасын ішің-ай!
Ауырса да ішің-ай,
Бәрі елің үшін-ай!
Студияда ән жаздырған кезде де Ырбигүл туалетке мың кіріп, мың шықты. Осылайша Ырбигүлдің әуені туалетте, сөзі саунада жазылған жаңа әні әуе толқынына шыққан сәттен бастап суперхит болып шыға келді. Бесіктегі баладан белі еңкейген кәріге дейін әуеніне елітіп, «Ішім-ай, ішің-ай, ауырмасын ішің-ай!», – деп билейтін болды. Соңғы екі жолы әсіресе атқа мінерлерге ерекше ұнаған сияқты, бұрынғыдан да міндетсініп шалқаятын болды. Әннің құрметіне мемлекеттік деңгейде үлкен шоу ұйымдастырып берді. Ырбигүлдің достары өткен күннен естелік айтысты. Бала кезде тығылмақ ойнағанда, Ырбигүлдің ылғи да туaлетке жасырынатынын еске алысты. Кештің түйін сөзі атағы мен ордені екі есекке жүк болатын өнертанушы Зердесіз Зердебаев мырзаға берілді. Айналасына қораздана қарап, жөткірініп алған Зердебаев Ырбигүлдің жанашыл стиліне ерекше тоқталды. Бұрынғы ақын-әншілер тау-тас кезіп, табиғат аясынан шабыт іздесе, Ырбигүл мұндай әуре-сарсаң, ескі дәстүрге тойтарыс беріп, дала кезбей-ақ, таза ауасыз туaлетте отырып өлмес ән жазуға балатынын дәлелдеді. «Ішім-ай» әнінің шығу тарихына қаныққан жанкүйерлер шоудан кейін туалетке ағылды. Туалеттің есігін ішінен іліп алып, сағаттап шабыт шақыратындар көбейді. Қайда барсаң – үйде де, түзде де қырғын кезек. Бұл мәселе депутат Ұятсыз Ұялғанов мырзаны бей-жай қалдырмады. Үкіметтен «Ішім-ай» сияқты хит әндердің көптеп жазылуы үшін көшелер мен үйлерде туалет санын көбейтуді талап етті.