Қытайдағы қазақтар Твиттерге ұқсас «Tyttey» микроблогтар сервисін құрды

/uploads/thumbnail/20170708150901351_small.gif

Қытайда латын қарпіндегі микроблог алаңы - «tyttey.com» дүниеге келді. Құрылғанына үш күн ғана болған микроблогқа қазірге дейін 300-ден аса адам тіркелсе, оның 10 шақтысы Қазақстанның азаматтары болып шықты. Германия, Франция және АҚШ елдерінен де «tyttey»-ге үн қосушы қазақтардың саны күн санап артуда.

Жақын күндері Қытайдың қазақ тілді сайттарының қызу талқыдағы тақырыбы – латын әліпбиіне көшу мәселесі екеніне куә болып жүрміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» дегені Қытайдағы қандастарымызды бір қуантып тастады. Бұны өткен жылдың ең жағымды жаңалығына балаған қандастарымыз латынға көшуге құлшыныстарын іс арқылы дәлелдей бастады.

Ғаламтор арқылы талай қазақтың басын қосып жүрген Қытайдағы ең алғаш құрылған қазақ сайттарының бірі, төте және кирилл қәрпінде ақпарат тарататын бірден-бір портал - www.senkazakh.com «Титтей» (www.tyttey.com) деп аталатын микроблогтар алаңын ашты. Әлемде бұл тектес www.twitter.com жүйесінің миллиондаған қолданушысы бар болса, Қытайдың www.weibo.com-ына 500 миллиондай адам тіркелген.

«Микроблог жүйесінің аты «титтей» болғанымен көтерген жүгі аруыр. www.tyttey.com қазақ тілді сайттар әлеміне үлкен бір жаңалық, ғаламтор қолданушыларына жаңа бір ұғым сыйлайтынына сенімім зор»,-дейді «Сен-Қазақ» сайтының жетекшісі Ақытбек Шеризатұлы.

Шынымен де бұны қазақ қоғамындағы тың жаңалық деп айтуға әбден қақылымыз. Өйткені елімізде әлі күнге бұндай қазақстандық жүйе ашыла қойған жоқ. Біздің де қолданатынымыз www.twitter.com.

«Күллі қазақ баласының рухани бірлігі үшін латын қарпіне көшуіміз керек. «Титтей» атты жүйені ашудағы мақсатымыз – барлық қандастарымыздың ұялы телефон сияқты заманауи техникалық құралдарда өз жазуымызбен тілдесуін бастап, сол арқылы ана тіліміздің өрісін кеңейту»,- дейді аталмыш жүйені құрушылардың бірі, Шыңжаң газетінің аудармашысы Құлқайтекті Нұрлан Жанайқанұлы.

Қазақ елі кирилл қарпін қолданғалы жарты ғасырдан астам уақыт болса да Қытайдағы қандастарымыз әлі күнге Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуында жүр. Екі түрлі әліпби қолдану екі ел қазақтарының мәдени ауыс-күйісіне кері әсерін тигізіп келгені анық. Оның үстіне ондағы қазақтың тілі сол елдің саясатының салдарынан тоз-тозы шыға бастады. Сондықтан да Қытай қазақтары күллі қазаққа ортақ әліпбиге көшуді зор үмітпен күтіп отырғанын айта кеткен жөн. Осыған орай «Ана тілге титтей үлес қос!» деген ұранды көтерген «Сен-Қазақ» сайтының азаматтары Әбдуәли Қайдаровтың жасаған латын жобасын өздеріне икемдеп, www.tyttey.com-ның жұмысын бастап отыр.

Ендеше, бар қазақтың баласы «Титтей»-ге тіркеліп, титтей үн қосыңыз дегіміз келеді!

 

Майгүл СҰЛТАН

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар