Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жекешелендіруді жүзеге асыру барысы туралы» тақырыбында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың қатысуымен үкімет сағаты өтуде, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Министр Сүлейменов жекешелендіру ісіне қатысты өзінің баяндамасында 90-шы жылдардың басында жекешелендірудің бірінші толқыны болғанын атап өтті.
«Мемлекеттік меншікті өзгерту және оны жекешелендіру процесінің 90-шы жылдардың басында басталғаны баршаңызға мәлім. Бұл кезеңді жекешелендірудің «бірінші толқыны» деп атауға болады.
«Бірінші толқынның» түйінді міндеті жеке бизнесті дамыту үшін нарықтық экономика мен базалық шарттарды жасау болып табылады. Бұл бағдарлама шеңберінде 43 мыңнан астам мемлекеттік меншік объектілері жекешелендіріліп, кірістер шамамен 360 млрд. теңгені құрады.
90-шы жылдардағы жекешелендіру нарықтық экономиканың мықты іргетасын қалыптастыруға, жеке бастама мен меншіктің нығая түсуіне мүмкіндік берді», - деді министр.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік сектор ел экономикасының едәуір бөлігін алады. Қаржы және адами ресурстар үшін квазимемлекеттік сектормен тең емес бәсекелестік жағдайында жекеменшік кәсіпорындардың одан әрі дамуы қиындауы мүмкін екендігін де айтып өтті.
«Мемлекеттік органдар еліміздің басшылары берген әрбір тапсырма, міндеттер бойынша ұйымдар құрады, бұл квазимемлекеттік сектор субъектілері санының өсуіне, қызметтің қайталануына алып келеді және тұтастай алғанда ел бюджетінің жүктемесі ұлғаяды.
Егер квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 2010 - 2014 жылдар аралығындағы өсу серпінін талдайтын болсақ, жыл сайынғы өсім орташа есеппен 5% құрады және 2014 жылдың соңына қарай оның саны 7,7 мыңнан астам болды.
Нәтижесінде, бәсекелестікті және жеке бизнесті дамыту, ел экономикасының салаларын жаңғырту және дамыту үшін инвесторларды тарту мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметтің 2014 жылғы 14 ақпандағы кеңейтілген отырысында ауқымды жекешелендіру жүргізу арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін, яғни жалпы ішкі өнімнің 15%-на дейін қысқарту міндетін қойды», - дейді Тимур Сүлейменов.
Пікір қалдыру