Күн санап емес, сағат санап жаңарған озық технологиялар әлемді үлкен өзгеріске ұшыратып отырғаны байқалады. Осы оң өзгерістерге барлық жағынан дайын, әрі бәсекеге қабілетті болуы үшін бүгіннен бастап орта және шағын бизнес өкілдері жауапкершіліктерін түсінгені жөн. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауында осыны алдыға қойды. Сондай-ақ, жүзеге асыруға он жаңа міндетті жүктегенін білеміз.
Еліміз әлемге бейбітшілік сүйгіштігімен танылып отыр. Енді сапалы, табиғи дәруменге бай өнімдерімен де көзге түсе бастағаны қуантады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетіміз өте жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін заманауи технологиямен жабдықтауға кеңінен тоқталса, бұған толық негіз бар. Өйткені, Қазақстанның жері кең-байтақ, топырағы құнарлы, климаты түрлі дақылдарды өсіруге өте қолайлы. Біз осы мүмкіншіліктерді толығымен игеруіміз керек. Жолдаудың ерекшелігі сол, «Қазақстанда жасалған» деген брендті тез арада қалыптастыру үшін не істеу керектігі нақты міндеттермен көрсетілген.
Жамбыл ауданында соңғы жылдары саланы дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мал басын асылдандыру, өнімдерін өңдеу қолға алынды. Инвесторлардың бастамасымен біршама тың жұмыстар жүйеленгені қуантады. Әлі де дәнді-дақылдарды қайта өңдеу кешенін дамытып, сапалы өнім ұсынатын зауыттар салынса деген ой келеді. Бұл қадамды бастау үшін аграрлық саланың білікті мамандарын даярлаған жөн сияқты. Елбасы тез арада аграрлық университеттердің базасын қайта жасақтауды, сөйтіп озық білім орталықтарын құруды ұсынғаны тегін емес. «Ақылды» технологияларды дамытуды міндеттеген де ұтымды. Бұл дала төсіндегі сан салалы жұмыстарды адам күшімен емес, технологияның озық түрлері атқаратын болады деген сөз. Қазіргі таңда адам атқаратын суару, дән егу, тырмалау, жер жырту, тыңайту секілді дала жұмыстарына техниканы пайдаланған жөн. Дамыған елдерде бұл тәжірибе кеңінен қолданылып жүргені белгілі.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы десе, көз алдымызға күн астында қара жұмыс істеп, терлеп-тепшіп жүрген диқан елестейтіні жасырын емес. Жастардың санасында осы түсінік қалыптасқан. Бұл Жолдау ауыл шаруашылығы бағытындағы біз атап көрсеткен кедергілерді жойып, жаңа міндеттер арқылы әлемдік озық технологияларды тиімді пайдалануға үндейтінімен құнды. Іссапарға шыққан сайын елді мекендердегі шаруаларын шалқытқан еңбек адамдарының күш-жігеріне көңілім толады. Олар жер емшегін еміп, төрт түлікке қажетті жем-шөп дайындап, жаз бойы тер төгеді. Ал, күз бен қыста мал бордақылап, тұтынушыны сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Көктемде дала төсін думанды еңбекке бөлейтіні тағы бар. Олар еңбекпен тапқан дүниенің қадірін білетінін байқадым. Бұған Елбасы Еңбек Ерінің жоғары белгісін төсіне қадаған кәсіпкер, жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіровтың қол жеткізген жетістігі куә. Олимпиада және әлем чемпионы Ж.Үшкемпіров қазір Мыңбаев ауылында тұрады. Оның ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, экономикалық өсуін жақсарту үшін көптеген тыңғылықты жұмыстар атқарып келе жатқаны баршамызға мәлім. Саналы ғұмырының соңғы 20 жылын кәсіпкерлікке арнаған Жақсылық Үшкемпіровтың басшылығымен Мыңбаев ауылында жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың самбо, дзюдо, бокс, футбол сияқты бірнеше түрлерімен айналысуына мүмкіндік беретін спорт мектебі, үй-күйсіз жүрген отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету үшін 38 бөлмелі «Жақсылық» жатақханасы, ауыл бүлдіршіндерінің мектепке дейінгі даярлығын жетілдіруге арналған «Жақсылық» балабақшасы салынып, көпшілік пайдалануына берілді. Бұл да атпал азаматтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, патриоттық асқақ сезімін көрсетеді. Жақсылық ағаның «Жақсылық» атты шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған болатын. Иелігіндегі 20 мың гектар жері, 8000 ірі қара малы бар, сондай-ақ егін шаруашылығын да дөңгелетіп отырған кәсіпкердің алға қойған мақсаттары асуда-асу. Жолдауға – қолдау деген осы ғой. Әлі де оның биік белесін бағындыратындар қатары көбейсе деген тілек те ойыма оралады.
Майра Алдабергенова
Пікір қалдыру