"Қазақтың" жаны - төте жазу еді...

/uploads/thumbnail/20170708150907256_small.jpg

Бүгін, 2 ақпан қазақ ұлтының алғашқы мерзімді баспасөзі − «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл!

      Тарихқа  көз  жүгіртсек,  жалпыхалықтық газет ашумен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы 1905 жылдан бастап айналысты.  Алаш арыстары қазақ ұлтына цензурасыз ағартушы  газеттің қажет екенін, әрі бұл рұқсат сұрау емес газеттің алдағы уақытта шығатынын ескерту ретінде Патша атына жазылған әйгілі «Қарқаралы петициясының» 3-тарауында жазған болатын. Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. "Қазақ" газетінің негізгі ұйымдастырушы авторы әрі қамқоршысы −  Әлихан Бөкейхановтың: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы− сөз бостандығы»  деп шырылдағаны сол  еді. Сөйтіп,  апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде Орынборда жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды.

       «Қазақ»  газетін ұлттың алғашқы басылымы дейтініміз −  газет тұтас қазақ даласын қамтыған, хат танитын кез-келген адам іздеп оқитын алғашқы басылым болған. Тіпті тозығы жеткенше қолдан-қолға, ауылдан-ауылға таралып,  руханияттың кәусарымен халқын сусындата білді. Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті.  «Қазақ» газетінің алғашқы басылымдардан  ерекшелігі − таралу аумағының  ауқымдылығы ғана емес, айшықты айтар сөзі  мен тұрақты мақсат-мүддесінің болуы. «Қазақ»  газетінің құрылтайшылары  Әлихан Бөкейханов және оның сенімді үзеңгілестері, газетке редакторлық еткен Ахмет Байтұрсынұлы және  Міржақып  Дулатов  болды.  «Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ», - деп газет  бетінде  жазылғандай,  басылымның  ұлт  үшін  өзіне  артқан  жауапкершілігі  салмақты еді.

Отаршыл империядан аман шыққан  «Қазақ» газеті қазақ жеріне  кеңестік үкімет орнаған алғашқы жылы- ақ, 1918 жылы жабылды. Оның  шығарушылары  Алаш арыстары саяси қуғын-сүргінге ұшырап,көп ұзамай атылып кеткені белгілі.

Алайда,  басылым  жабылса  да,  артына  мәңгілік   өшпейтін із,  құламайтын  тұғыр  тұрғызды.    «Қазақ»  газетінің тағылымы  дегенде,  басылымның мынадай  үш  қыры  ойға  оралады:

Әуелі қазақтың алғашқы басылымдары қандай қалаларда жарыққа шықты және басылып таратылды? Ташкент, Омбы, Орынбор... Өкініштісі, бұл қалалар қазір Қазақстанның әкімшілік картасында жоқ. Бұдан не түсінуге болады?

Екіншіден,  «Қазақ» газеті қандай жазумен таралды? Әрине, қазақтың төл жазуы − Ахмет Байтұрсынұлы  араб қарпінен өңдеген ел аузындағы төте жазу. Біз неге осы жазудан айырылып қалдық? Қазіргі кириллше жазу ыңғайлы болғандықтан емес,  кеңестік үкіметтің қазақты мәдениетін, әдебиетін  ұмыттырғысы келген сұм айласының кесірінен көз жазып  қалдық.

Үшінші,  араб қарпі  − Қасиетті кітап Құранның таңбаланған әрібі. Ахмет Байтұрсынов неге осы жазуды ыңғайлап қазақтың төл жазуын жасады? Қазақтың дініне шоқынғандардан төніп келе жатқан қауіпті Алаш арысының сезгендігінен болар.   Яғни мұсылмандықтан алшақ кетпеуді  көздеген болар.

Ғасыр бұрын халқымыздың  басында мемлекет құру және оны дербес билеу басты мәселе болса,  бүгін біз дербес мемлекет болғанымызбен,  тәуелсіздіктің  басты байлығы − тілдің, діннің жайы тыныш ұйықтатпайтын халде тұрғаны шындық.   Қазан жаңарды, шекарасы белгілі ел болдық, Ел екі рет жаңарды, жазу төрт рет ауысты, іргеміз берік пе, мерейіміз үстем бе? Алайда кешегі «Қазақ» газетінің айтқанын бүгінгі Қазақстан баспасөзі айта алып жүр ме?

Бір  ғана  мысал,  билік  айтты деп бір-екі айдан бері   жазу ауыстырамыз  деп  ұлардай шулап  жатырмыз.  Латын әрібі компьютердің тілі, бірақ қазақтың дыбыстарын толық таңбалай алатын 33 әріп латында  жоқ. 26 әріптің кейбірінің астын, кейбірінің үстін түрткілеп қазақша жазу жасағаннан не ұтады қазақ? Теріс жазу- сол теріс жазу боп қала бермей ме?

Бірақ,    «Қазақ»  газетінің әрібін неге пайдаланбасқа? Төте жазу араб әрпінің қазақтағы баламасы екенін айттық, саны 100 миллионнан асатын Араб халқы (Арабтар билейтін Египет, БАӘ, Иран сияқты бірнеше мемлекеттер)  араб қарпімен өркениетін дамытып отыр. Төте жазу −оңынан жазылатын оң жазу, компьютерде мүлде таңбаланбайды деп айта алмайсыз, мұны Қытайдағы бір жарым миллион қазақ әлі пайдаланып келеді. Компьютермен де жазып жүр. Дініміз оңалмай, тіліміз оңалмай тұрған тұста төте жазуға көшу ең дұрыс шешім сияқтанады. Төте жазуға көшсек ертеңгі ұрпақ мұрағатта жатқан «Қазақ»  газетін оқып, Алаш арыстарының  атын жаттап, рухына құран бағыштап жүретін болар.

Осы  секілді  мәселелерді  «Қазақ»-тың  бүгінгі  ізбасарлары – тәуелсіз елдің  баспасөзі  айтуы керек,  жазуы  керек.  Қазіргі  қазақ  баспасөзінің, ең алдымен көтеруге тиіс жүгі − осы. «Қазақ» газеті  ғасыр  бұрын жарыққа  шығып,  қайта  өшсе  де,  оның  бетінде сайрап  жатқан сансыз із   қазіргі  қазаққа ақыл айтып, жол  көрсетуге  әлі  жарайды.  Газеттің  болмысының    нұсқар   бағыты – төте  жазуды қолға алу!

Міне,  бүгін сол  «Қазақ»  газеті өмірге келгеніне 100 жыл, жарыққа шыққан ғұмыры бес- ақ жыл болса да,  «Қазақ»  газетінде соғылған сойыл, сілтенген қамшы қазаққа әлі де керек.  

Нұрғали Нұртай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар