Қазақ ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Көбей Хұсайын 74 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан дүние салды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Отбасына, туған-туыстарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
1 сәуірде сағат 10:00-де ғалымның Алматыдағы үйінде (Чайковский 131, Шевченко көшесінің қиылысы) қаралы митинг өтеді.
13.00-де «Алтын адам» мейрамханасында (Шашкин 5а, Попов көшесінің қиылысы) қонақасы беріледі.
К.Ш.Хұсайын 1945 жылы 27 наурызда көрнекті мәдениет қайраткері, драматург-жазушы Шахмет Хұсайын мен Халық әртісі Бикен Римованың отбасында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, 1968 жылдан бастап Көбей Шахметұлы Тіл білімі институтында жұмыс істеді: 1968-1971 жылдары аспирантурада оқыды, 1971-1978 жылдары кіші, кейін аға ғылыми қызметкер, 1978-1982 жылдар аралығында ғалым-хатшы, 1982-1992 жылдары жетекші ғылыми қызметкер, 1992-1995 жылдары директордың ғылым жөніндегі орынбасары және 1995-2009 жылдары аралығында ҚР БҒМ Тіл білімі институтының директоры лауазымдарын атқарды. К.Ш.Хұсайын өмірінің соңғы кезіне дейін Институттың бас ғылыми қызметкері болып жемісті еңбек етті.
К.Ш.Хұсайын директорлық еткен жылдар қазақ ғылымының қиын да жауапты кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл бұрынғы кеңес түркітану ғылымы мен қазақ тіл білімінің ірі дербес ұлттық қазақ тілтанымы мен отандық лингвистиканың орталығына айналған сәті еді. Осы жылдары К.Ш.Хұсайынның жетекшілігімен қазақ ғалымдарының әлемдік түркітану ғылымының жауһарлары қатарына қосылған классикалық еңбектері жарық көрді, атап айтсақ: «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1999 ж.), үлкен «Қазақша-орысша сөздік (2001 ж.), «Қазақ грамматикасы» (2003 ж.), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (2000 ж.), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (2003 ж.), «Орысша-қазақша сөздік» (2005 ж.) және 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі (2006-2011 жж.).
К.Ш.Хұсайынның ғылыми еңбектері ішінен қазақ тілінің лексикология, фонетика, фоносемантика, лексикография салаларының теориялық мәселелеріне, терминология, мемлекеттік тілдің қолданылуы мен қазақ тіл білімінің тарихына арналған «В.В. Радлов и казахский язык» (1981 ж.), «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» (1988 ж.), «Проблемы фоносемантической деривации» (1998 ж.), «Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері» (2009 ж.), «Қазақ-ағылшын фразеологиялық сөздігі» (2010 ж.), «Қазақша-ағылшынша лингвомәдени лексика сөздігі» (2011 ж.), «Дыбыс-звук, мағына-значение, сөз-слово» (2016 ж.) атты кітаптары халықаралық танымалдыққа ие болды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Ғылыми кеңес пен докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестік төрағасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі, «ҚР ҰҒА Хабаршысы» журналы редакция алқасының мүшесі, «Тілтаным» журналының жауапты редакторы, Жоғары аттестаттау комиссиясы Төралқасының мүшесі ретінде К.Ш.Хұсайын қазақ тілін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға, тіл білімі мамандарын даярлауға, қазақ тілі білімі мен мемлекеттік тілді дамытуға орасан зор үлес қосты.
К.Ш.Хұсайын Мәскеу, Ленинград, Чебоксары, Қазақ (Ресей), Бішкек (қырғызстан), Копенгаген (Дания), Анкара, Ыстамбұл, Измир (Түркия), Майнц, Франкфурт-на-Майне (Германия), Утрехт, Тилбург (Голландия), Прага (Чехия) және Бейжің, Үрімші (Қытай) қалаларында халықаралық ғылыми конференцияларда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндамалар жасады.
Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, республикамыздың жетекші ғалымдарының бірі, көрнекті түркітанушы әрі қазақ тілі білімінің маманы, қазақ линвистикасының ғылыми орталығы – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын 15 жылға жуық басқарған Көбей Шахметұлы Хұсайынның бейнесі есімізде артында құнды ғылыми еңбектер мен ана тіліне және отанға қызмет көрсетудің жарқын үлгісі болып мәңгі сақталмақ.
Хұсайын Көбей Шахметұлы 1945 жылы 27 наурызда Алматы қаласында туған. 1968 жылы ҚазМУ филология факультетінің роман-герман бөлімін бітірген. 1968-1971 жылдары ҚР ҒА-ның Тіл білімі институтының аспирантурасында оқыған. 1971 жылдан осы кезге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында – кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер, Институттың ғалым хатшысы, директордың орынбасары, Институттың директоры.
2009 жылдан – Лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі, төрағасы (1998-2009 жж.) болды
«Исследование фонетики и лексики казахского языка в трудах В.В.Радлова» тақырыбында кандидаттық (1971 ж.), «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» (1988 ж.) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: - түркітану; - тарихи фонетика; - фоносемантика; - лексикография; - жалпы тіл білімі; - салыстырмалы-салғастырмалы лексикология.
Басты еңбектері: «Орысша-қазақша сөздік» (1978 ж., Т.І; 1981 ж., Т.ІІ), «В.В.Радлов и казахский язык» (1981 ж.), «Звукоизобразительность в казахском языке» (1988 ж.), «Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері» (2009 ж.), «Казахско-английский словарь-справочник для широкого круга читателей». – Алматы, 2010 және т.б.
Пікір қалдыру