БҚО-да медиаторлар одағы құрылды

/uploads/thumbnail/20180215161205546_small.jpg

« ... Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.  Сондықтан азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет» деген еді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында.  

Жуырда Орал қаласындағы  Достық үйінде БҚО ҚХА-ның ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан облысында медиацияны дамытудың тиімді әдістері» атты форум өтті. Басқосуға Батыс Қазақстан облысының  әкімі Алтай Көлгінов және кәсіби,  қоғамдық медиаторлар, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

– Біз көп ұлтты елміз, көп ұлтты ел қашанда ымыра мен бітімге ділгер. Ал медиатор қашанда адамдарды ымыраға, түсінісуге шақырады. Яғни дау-жанжалды өршітпейді. Бұрын ол қазақта тек билердің төл ісі болған. Нәтижесінде бұрынғы қазақ қоғамында дау-жанжалдан туындаған кикілжің тереңдемеген. Сөйтіп, адамдар бір-бірімен барынша татулықта өмір сүруге мүдделілік танытқан. Бізде медиация жүйесінің қолданысқа енгеніне тап көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, қазір өңірде жүзден астам медиация кабинеті бар. Демек, жұмыс баяу болса да, ілгерілеп келеді. Әлі де қиындықтар жеткілікті. Олай болса, форумда тек жетістікпен шектеліп қалмай, қиыншылықтар туралы да батыл айту қажет, – деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңды жүзеге асыруда белгілі бір жұмыстар тындырылғанымен, әлі дау-жанжалды сот үдеріміне жеткізбей шешуде пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер барын айтты. Оның пайымдауынша, өңірдің барлық елді мекенінде медиация кабинеттері жұмыс істейді. Бірақ олардың үгіт-насихат жұмысы мардымсыз. Сондықтан облыстық ҚХА негізінде медиаторларды оқыту жұмысын ұйымдастыру қажет. Жұмыс сапасы да күн тәртібінен түспеуі тиіс. Егер медиаторлар жұмысы жаппай өріс алса, соттарға түсер салмақ азаяр еді. Жалпы, медиация жұмысын жеңілдету мақсатында былтыр өңірде елімізде тұңғыш рет «Цифрлы медиация» қанатқақты жобасы енгізілген. Сондай-ақ медиаторлардың басын қосатын орталық не бірлестік құру да алғаш рет бізде қолға алынбақ. Жиында Оралдағы кәсіби медиатор, «Татулас» кәсіби медиаторлар мекемесінің басшысы Маулина Хабиева, №2 қалалық соттың судьясы Алтын Айтуарова және басқаларының күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарламалары тыңдалды. Форум соңында «Қоғамдық медиаторлар одағы» құрылып, оның төрайымы болып  бөрлілік Майра Селбаева сайланды. Ал Алуа Рихишева «БҚО медиаторлар одағы» қауымдастығының төрайымы болды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар