Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi С.З. Қайырбекованың назарына
Қазақтың «Не қорлық көрдің» дейтін зекіме сөзі бар. Өз еліңде тұрып, өзге тілді білмегенің үшін өміріңе қауіп төну – ең үлкен қорлық. Сол қорлықты көріп отыр бұл қазақ.
Жақында бір танысым мынадай оқиға айтып еді. Қытайдан көшіп келген оралман досы қатты сырқаттанып ауырып, жедел жәрдем шақыртады. Жедел жәрдем келгеннен кейін науқастың жағдайын айтайын десе, келген қызметкерлер орыстілді екен. Науқастың қанша уақыттан бері ауырып жатқандығын, қызуы қанша рет көтерілгендігін әлгі ақ халаттыға айтып жеткізу мүмкін болмапты. Қазақша айтса: «Говорите по русский! Я не понимаю!» – деп дүрс еткізген екен. «Жеті қараңғы түн. Көрші ұйғырды оятып, мынаған орысша түсіндіріп берші дегеннен гөрі осылай жатып өле салған жақсы» – депті әлгі бейбақ.
Түк түсінбеген дәрігер хал үстіндегі адамды ақыры ауруханаға алып кеткен көрінеді. Басқасы басқа. Дәл осы жедел жәрдем қызметкерлері мемлекеттік тілді білмейді деген не сұмдық?! Бұл ана тілінде сөйлейтін Алаш баласын сыйламау ғой! Сонда ол қызметкерлер қандай критерийлер бойынша жұмысқа қабылданады? Егер жәрдемге зәру адам өліп кетсе, не болар еді? Өлім тарихына «ауру симптомдарын түсіндіре алмай қайтыс болды» деп жазар ма еді? Кім білсін...
Қазақстан Республикасының Статистикалық агенттігінің ұсынған ақпараттарына сүйенер болсақ, Қазақстанда барлық мамандықтағы дәрігерлер саны 2010 жылы 63855 адамды құраған. Ал, орта медициналық қызметкерлер саны 143822. Саны көп, бірақ сапасы сын көтере бермейтін қызметкерлер кәсіби сауатты болғанымен, мемлекеттік тілді меңгеру бағдарламасын толығымен жүзеге асырмауда. Аталмыш жағдай бірнеше рет орын алғанын өз көзімізбен де қөрдік. Медициналық көмек көрсететін қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгермеуінің кесірінен көптеген проблемалар ауылда да туындайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы! Сіз қатты сырқаттанып, көмекке дәрігерлерді шақырдыңыз. Ең жақын жердегі жедел жәрдемді шақырғаныңызбен, сіз ауылда тұрасыз. Жаныңызға батқан дерттен өліп кетуге шақ қалғанда дәрігерде жетті дейік. Сорыңызға бір ауыз қазақ тілін білмейтін орыс ұлтының өкілі немесе өзіміздің «қара орыс» келсе не боласыз? Ол ештеңені түсінбегендіктен, мүлде қарама-қайшы емдеу шараларын жасаса, өлген жеріңіз сол емес пе?!
Ата Заңымызда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп анық жазылған. Ендеше жедел жәрдем қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгермеуі Мемлекет құрушы 10 миллион қазақтың өмірін, құқығын аяққа таптаумен бірдей демеске шараң жоқ. Ешкім еріккеннен дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Жаны қиналған кезде науқасқа медеу бола алмаған ақ халаттыларды, соның ішінде жедел жәрдем қызметкерлерін мемлекеттік аттестациялаудан өткізумен қатар мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша арнайы сынақ тапсырту қажет. Бұл олардың жұмысқа қабылдануы мен жұмыс сапасының өлшемі, көрсеткіші болуға тиіс.
Түсініксіз нұсқаулық
Күнде ашулы отыратын, жазуы қисық-мисық дәрігердің кабинетінен түк түсініп болмайтын бір жапырақ қағазды құшақтап, дәріханаға жүгіресің. Ары қарай қаладағы барлық дәріханаларды шарлап, әлгі дәріні таба алмай шарқ ұрасың. Сосын бір транскибер шығып, әлгі жазуды түсініп, тиісті дәріңді әкеліп береді. Қымбат дәріні, қалтаңның тесігі көрінгенше ақшаңды шығындап тұрып сатып аласың. Сосын әлгі «дәрісымақтың» нұсқаулығына көз жүгіртесің. Астапыралла! Қазақша жазылған нұсқаулықты түсіну қиямет қайым. Сауатсыз құрастырылған, қалай болса солай аударылған нұсқаулықты оқимын деп ауруыңызға ауру қосасыз...
Мысалға, «Химфарм» компаниясынан шығарылатын «Авиценна» атты бальзамының нұсқаулығына былай деп жазыпты:«Сипаттамасы. Өзіне тән исі бар, қызылдау қоңырдан, лағыл қызыл түстен қызыл түске дейінгі қызыл сұйықтық». Енді түсініп көр! Дәрінің артық дозалануы деген жерге: «сипатталмаған» деп қойыпты. Дәрі дәрмек мөлшерден артық пайдаланылғаны сипатталушы ма еді? Анықталмай ма? Дәрілік өнімді пайдалануға болмайтын айрықша нұсқауларында «жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға сақтықпен қолдану керек» деген сөйлемді оқыдық. Жүрек жеткіліксіздігі деген сөз бар ма қазақта?
Тізбелеп көрелік:
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен (аты мен бұйрық нөмірі көрсетілмепті) бекітілген «Хербион Пәкістан Пвт Лтд» аталатын өндірушінің «Инсти» атты тұмауға қарсы ұнтағының (суда ериді) нұсқаулығында «Жөтел орталығын бәсеңдететін препараттармен, сондай-ақ қақырықтың түзелуін азайтатын дәрілік заттармен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды» деп жазылған. «Жөтел орталығын бәсеңдететін», «қақырықтың түзелуін азайтатын» деген сөздерді қалай түсінуге болады. Бұл қазақ тілін қалай болса солай пайдаланудың нақты көрінісі емес пе?!
«Ацикловир» дәрісінің басқа дәрілермен өзара әрекеттесуі жайлы нұсқаулықта «1 г пробенецидті қабылағаннан кейін 1 сағаттан соң ацикловирді тағайындағанда, ацикловирдің жартылай шығар кезеңі және «қан плазмасындағы концентрациясы-уақыт» қисығы астындағы аумағы тиісінше 18 и 40% үлкейді... Осылайша жолмен шығарылатын барлық препараттар ацикловирдің қан сарысуындағы концентрациясын көбейтуі мүмкін» деп жазылыпты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дәрі-дәрмек ұсынушы компаниялардан әрбір препараттың мемлекеттік тілдегі нұсқаулығын дұрыс жазуды заң жүзінде қатаң талап ету қажет. Егер жоғарыдағыдай қойыртпақ аудармалар жалғаса берсе, қарапайым тұтынушы зардап шекпесіне кім кепілдік береді?
Рысгүл Рамазанова
Пікір қалдыру