Жарқын Сәленұлы. Бірігейік, бауырлар...

/uploads/thumbnail/20170708150647344_small.jpg

Зер салып көрген зерек жанға аян, қазақ қазақ болғалы көрмеген азабы мен ауыртпалығы, қорлығы мен зорлығы аз ба? Өз басым өткенімізге ой жүгіртсем, етегім жасқа толып еңірегім келеді, әсіресе, жазықсыз жазаланып қаза тапқандар, беймезгіл бейнет кешіп опат болғандар, қолдан жасалған ашаршылықтан ауыз азап шегіп, арғы дүниеге аттанған миллиондаған қандастарым еске түссе, есім кетіп егіле түсем. Олардың бәрі өз ажалынан о дүниелік болды десеңіз, қателесесіз. Отарлаушылардың оспадар, ожар қылықтарын қоспағанда, өз бауырының сатқындығынан сан соғып, сарсаңға түскендер мен қапыда қаза тапқандар да қаншама?  Сенбесеңіз, тарихқа жүгініп көріңіз.

 Алаш арысы, ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының мына бір өлеңі ойымызға жанды дәлел:

 Қинамайды абақтыға жапқаны,

 Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

 Маған ауыр осылардың  бәрінен,

 Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны...

 Сондағы айтпағымыз не? Тағдырдың тауқыметін тартып, тарыдай шашылған онсыз да аз қазақтың егемендік алып, есін енді жинай бастағанда ертеңін ойламай, бөліне беретіні несі? Неге өткеннен сабақ алмаймыз? Оған қазақтың білімі мен парасаты, ақылы мен тәрбиесі жетпей ме? Әлбетте,  жетеді. Бірақ...

 Әлдебір мекеменің есігін қағып, есіміңізді айта бастасаңыз, жеріңіз бен руыңыз сұрала бастайды, жай ғана таныстық үшін болса бір сәрі, қазақы салт деп қабылдар ек, жоқ, бізде жақындық пен жаулықты қайдағы бір болар-болмас дүниеге бола бірден қалыптастыру үрдіске айналған. Ана жүз андай, мына жүз мындай, шығыс сойқаншыл, оңтүстік алдап кетеді, батыс ұрда-жық, Құдай-ай, үңіліп көрсеңіз, сіз жамандаған кесір мінез қасыңыздан, қасыңыздағы досыңыздан, бауыр-туысыңыздан да молдап табылады. Осыны ойлап көрдіңіз бе? Ендеше, көпке топырақ шашпаңыз, бұндайды қазақ: «Өз басындағы боғын көрмей, кісінің басындағы шоғын көріпті», - дейді. Бұл – барып тұрған білімсіздік, топастық. Бүгінде мұндай масқаралық балабақша, мектеп қабырғасындағы ең жас қазақтан бастап, қарттарымызға (болса сақалы)  дейін кең етек жайған, тектеп жатқандар шамалы, сұмдық-ай... «Бөлінгенді бөрі жейді»,  дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екенін білсек те, көбіміз арғы мәнін бағамдап жатпаймыз. Алматының төрінде жерге, жүзге бөлініп төбелескіш тентектерді тәрбиелеудің орнына кейбір қадірлі санаған ағаларымыз айдап салып, «ақыл айтады». Тексіздік деген осы шығар...

Соңғы кездері қазақты бөлшектейтін күштердің ойлары сәтті іске асып барады. Онсыз да бөлінгіш елді енді «жергілікті», «оралман» деп жіктеп, жамандық пен жүгенсіздікті, келеңсіздік атаулыны көбіне сырттан келген қазаққа теліп, оралмандарды оңбаған етіп көрсету арқылы отанына оралуға кедергі жасап, келтірмеуге тырысқан керенау әрекеттер көбеюде, шеттен келген қандастарға қарата дұрыс емес қоғамдық пікір қалыптастыру қадамы жеделдей түсті.

Бұрындары біз еркімен келетін көш пен жастар қатарының азайғанын айтып шырылдасақ, енді құзырлы орындардың елге келгендер мен келем деушілерге тосқауыл болатын саясатын сынауға мәжбүрміз. Соңғы кездері тіркелу мен азаматтық алуға тоқтау салған түсініксіз жайт есі дұрыс бар қазақты алаңдатпай қоймайды, егер ол  дұрыс шешім таппаса, онсыз да шиеленіскен қоғамдық жағдай ауырлай түспек. Бұл арада қазақты біріктірмей ірітетін, берекесін қашырып, бейбітшілігін бүлдіріп, арысы егемендігінен айыруға бағытталған сайқал саясаттың, сұрқия  қадамның жатқанын әр қазақ білуге тиіс. Бізді көре алмайтын, енді ғана есін жиып келе жатқан елімізді бесігінде тұншықтырғысы келетін қара ниеттілердің қатарында, айтағында болған кейбір қандастарға айтарымыз:  түптің түбінде ұлт тарихы алдында адам айтқысыз жазалауға, масқара күйге түсетініңізді ұмытпаңыз. Бар қазақ бауыр болып бірікпейінше, байтақ даламыз бен тәуелсіз елімізді сақтап, өркендету мүмкін емес, сондықтан да кімнің дос, кімнің қас екенін анықтай білейік, «әр қазақ – менің жалғызым» дейтін асқақ сезімді ұстанайық. Қазақ біріксе алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі, жетпейтін жетістігі болмайды. Бізді бөлшектегісі келетіндерге сес һәм қарсылық ретінде бір мақсатқа жұмылайық, қазақтар! Өз қамын ғана ойлайтын тілегі бөлек, тірлігі бөтен, мысық тілеулі өзгелердің қолшоқпарына айналып, жалшы болмайық, ұлттың ұлы мұратын іске асыруда бір-бірімізге қамшы болайық, қандастар!!! Мақаланы хакім Абайдың жадымызда жатталып, ісімізде ақталуға тиісті ұлағатты ойымен аяқтайын: Біріңді, қазақ,  бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар