Көшпенділер тарихы негізінен ауызша тарих, шежіре ретінде қалыптасып келген. Мұнда ата тек шежіре, жер су атаулары, ірі тарихи оқиғаға байланысты атаулар және аңыздар, жыр дастандарды еңгізуге болады.
Соңғы жылдары шежірешілер көбейіп те кетті. Бұл, әрине, ата тегін түгелдеу, қанның тазалығын сақтау, әрі ынтымақты нығайтуға себепкер болары хақ. Бірақ тарихтан бейхабар адамдардың жазған кейбір шежірелерінде ағаттық та кетіп жататыны анық. Мұнда көбіне қазақтың шыққан тегі, немесе тайпалардан бастаған тұстарда жансақтық пайда болады. Әрі өз ой, пікірін тура тықпалаушылық та бар көрінеді.
Қазақ ислам дінінде болғандықтан арабтан таралады немесе Керейден Абақ, Ашамайлы деп таратып кетеді.
Жалпы қазақ тайпалары исламды ХІҮ ғасырдан қабылдай бастағанын еске алған жөн. Ал Керей атауы І ғасырларда «Хэлянь» атпен Қытай жазбаларында кездеседі.
Егер Керейден Абақ, Ашамайлы деп таратар болсақ қазіргі ұрпақтан Керейге дейін 21-22 ата аралайды. Бір атаны 30-35 жыл деп есептегенде керейге дейін 600-630 жыл өткен, яғни Керей ХІҮ-ХҮ ғасырда өмір сүрген адам боп есептеледі.
Жеті ата санасу Жәнібек ханның тұсынан бастау алады да, сол дәуірде өмір сүрген адамдар жеті атасын түгелдеу үшін Керейден бастап кеткен болуы мүмкін. Осы тұрғыдан қарасақ Керей адам аты емес, тайпаның ортақ атауы болмақ.
Әңгімеге арқау боп отырған Сарыарқа төріндегі жер, су атаулары, яғни Ботақара тауы, Жәнтекей ауылы, Нұра өзені, Теңіз, Барақ көлдері.
Шежіреге жүгінсек Жәнтекей - он екі Абақ Керейдің ірі руы. Жәнтекейді «Кең қолтық Керей» деп те атайды. «Он екі Абақ Керей бүлінсе, Жәнтекейдің қолтығына енеді, Жәнтекей бүлінсе, қайда сияды?» деген тәмсіл сөз бір жағынан тайпалық бірлікті сақтауға бағытталып айтылған болса, бір жағы Жәнтекей ұрпағының өскендігінен мағлұмат беріп отырғандай.
Жәнтекейде Сүйіншәлі, Сүйіндік, Сүйінбай атты үш ұл болған. Сүйіншәліден Қожамжар, Барақ, Секел, Бұланбай тарайды.
Қожамжардан Ботақара, Әйтімбет, Ботақарадан Тыныбек, Жанұзақ, Дербесәлі, Балқыбек, Ақша, Солтан тарайды.
Әйтімбет өмірден өткен соң екі әйелін бірдей Тыныбекке қаратқан. Сонымен Тыныбектің үш әйелінен Шоқан, Қаражандарды қосқанда 8 ұл туған екен. Кіші әйелінен туған тұңғышы Нұра, Нұраның тұңғышы Теңізбай.
Қазіргі ұрпақтан Ботақараға дейін 12 ата, Жәнтекейге дейін 14 ата аралайды.
Жәнтекей ауылы Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы, Қарашалғын ауылдық округіның орталығы. 1928 жылы құрылған екен.
Теңіз көлі. Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы. Көлемі 1590 шаршы км, жағалау сызығы 470 км, тереңдігі 7,75м, орташа тереңдігі 2,5 метр. Мұнда Қорғалжың мемелекттік қорығы орналасқан. Құятын өзендер: Нұра, Құланөтпес
"Бір атаның ұрпақтары бұл жерде қайдан жүр?" деген сұрақ туындауы орынды.
Жауап қайтару үшін жазба тарихқа көз жүгірту керек.
ХҮІ ғасырдың соңғы жылдары Ойрадтардың Батысқа деген құлшынысы арта түсті. Оның себебі Шығыстан Монголдар Ойрадты қыспаққа алып, Батыс Сібірге ығыстыруына байланысты жері, жайылымы тарыла бастағандық еді. Олар батыста Еділ бойына тұрақтап, Ресей қолдауымен Қалмақ патшалығын құрды. Н. Я. Бичурин торгауыт және дөрбеттің бір бөлігі Жайық, Еділ бойына ілгерілеуі «астыртын жүргізілген зұлымдық жоспар», яғни «қырғыз-қазақ ордасының ту сыртынан шабуылдау» үшінгі ойрад феодалдарының мақсатынан туындаған деген. (Бичурин. Н. Я. Историческое обозрение ойратов или калмыков с ХҮ столетия до настоящего времени. Спб., 1834. С. 62-63)
Қазақ Ойрад арасында 1399 жылдан бастау алған талай реткі соғыс болғаны тарихтан белгілі. Бірде ойрадтар қазаққа, енді бірде қазақтар ойрадқа шабуылдап, жерін азат етумен қатар ойрадтың көптеген жерлерін басып алып та келді.
1587 жылдары Хотгойдтардан жеңіліске ұшыраған ойрад Харахул Алтай тауы, Алтай өлкесін түгелдей басып алды.
1635 жылы Тобольскге келген татар нояны Абак « Қара қалмақтар Қазақ ордасын талқандап, Есім ханның баласы Жәңгірді қолға түсірді... осы жетістігіне арқаланған Далай тәйжі Қазақ ордасына шабуылдауға аттанды» деген. (Русско-монгольские отношения. 1607-1634. Сб. Докумнтов. В 2 т. М., 1974.Т.1. С278.)
«Қазақ даласына Ойрадтар жасаған екінші ірі осы соғысының кездейсоқ куәгерлері Ресей елшісі казак атаманы Гаврила Ильин және оның атқосшылары еді» дейді. /В. А. Моисеев /Зүүнгарын хаант улс ба казахууд. Улаанбаатар. 2015. Ст.47/
Эрдэнэбаатар хунтайж 1942-1943 жылдары қазақ даласына шабуыл жасайды.
1643 жылғы қыста Алтан ханның ұлы Омбо-Эрдэнэ ойрад нояндарымен бірлесе қазақ даласына шабуылдайды. Г. Ильиннің айтуына қарағанда Жәңгір ханда небары 600 адам ғана болған. Бұл соғыста Хунтайжнің он мың астам қолын Жәңгір хан талқандаған екен. Кешікпей Жалаңтөс баһадур жиырма мың қолмен көмекке келеді. /В. А. Моисеев, Зүүнгарын хаант улс ба казахууд. Улаанбаатар. 2015. Ст.47/
1652 жылы Очирт цэцэн хан қырғыз-қазақтарға шабуылдайды. Бұл соғыста Очирт цэцэн ханның 17 жасар ұлы Галдамба Жәңгір ханның басын алады.
1658 жылы Бұхар қолбасшысы Абду Шүкер 38000 сарбазымен Талас бойына келеді. Оларға хошут нояны Галдамба қарсы тұрған.
Ойрадтар Қазақ даласына қайта шабуылдайды. «Жәңгір және Батыр хунтайж арасына жасалған бейбітшілік келісім ұзаққа созылмады» дейді В. А. Моисеев. /В. А. Моисеев Зүүнгарын хаант улс ба казахууд. Улаанбаатар. 2015. Ст.47/
Міне шығыстан келген шапқыншылардан үріккен ел, яғни керейлер Орталық Қазақстан өңіріне осылай тұрақтаған.
«Бүкіл қазақтың ішінде жалпы керейлер шамамен 1,1 миллион, оның 700 мыңдайы Қытайда, 200 мың Қазақстанда, Моңғолияда 120 мыңдай, Ресей және басқа елде бірігіп 80 мыңдайы тұрады деген мәліметтер бар. Осы кезде керейлер Алтайдан Арқаға, Арқадан Сырға, Сырдан Орға, Ордан Ырғыз Торғайға, одан Аягөз, Шыңғыс, Қалбатау өңіріне дейін толассыз ағылып бірге босыған найман, арғын, уақтардың аздау бөлігімен бірге барлык жағынан жоңғар соққысына ұшырап әлсірей берді. Бүрыннан қалған бір сөзде «Алатауды айнала көштік, Әлемді аралап көштік» дегендей керей елі жоғары аталған жерлерді шарлап жүргені, сейіл құрып, саяхаттап емес зобалаң өмірдің тақаршылығын көріп тентірегендіктен екен. Алғаш атамекені Алтайдан сонау Арқа, Сыр, Ор, Торғайға дейін босып көшкенде бір жағы 2500-4000 шақырым жерді басып өткен.» /Хабсатар Омарұлы. Жәдік. Улаанбаатар. 2018. 32.б./
Жалпы Төрт Ойрад одақтас ел болған. Соңғы одақтық құрылымда Хошут, Чорос, Торғауыт, Дөрбет тайпасы болды. Негізгі билікті Хошут тайпасы жүргізеді. Чорос Эрдэнэбаатар хунтайжі Очирт цэцэн ханмен қабат билік жүргізіп тұрды. Хунтайжі өлген соң ұлы Галдан таққа отырысымен қайын атасы Очирт цэцэн ханға қарсы шабуылдап жеңеді.
Осылай Хошут тайпасының ықпалы жойылып, негізгі билік Чоросқа өтті.
Ресей зерттеушілері 1678 жылғы шабуылда Галдан хан қайын атасы Очирт цэцэн ханның басын алған десе Монгол тарихшылары Очирт цэцэн 1980 жылы өлген дейді.
Жалпы Ойрадтар қай дәуірде болсын Еуропаны Азиямен байланыстырушы-Жібек жолын ықпалында ұстаумен қатар жерін кеңейтуді көздеп келді.
Галдан хан Тибетте он жылдай оқыған діндар. Ол Орта Азия, Қазақ даласын бурханизмге еңгізуді мақсат тұтқан екен.
Очирт цэцэн 1610-1615 жылдар шамасында өмірге келген. 1635-1636 жылдары хан тағына отырған.
Жоғарыдағы аталған жер, су атауларына қайта оралайық. Ботақара шоқысымен іргелес Шешенқара шоқысы бар.
Қазақ батыры Ботақара, қалмақ батыры Шешенқарамен жекпе жекке шығады. Жекпе жек барысында қалмақ батыры қыз екендігін аңғарған соң жекпе жек тоқтатылады. Ал сол кездегі қалыптасқан қағида бойынша жекпе жек барысында сайыстан бас тартқандарды сатқындық жасағанға есептеп қатаң жаза жүктеп келген. Бұл сайыста қарсыласы қыз екенін білген Ботақара бірінші қаруын тастаса әйелге әлімжеттілік көрсетіп, қару сілтемеген, әйелді құрмет тұтқан ниетімен келіскен Шешенқарада сайыстан бас тартады. Осылай екі батырды бірдей өлтіріп екі шоқыға жерлеген, сол себепті екі шоқы екі батырдың атымен аталғаны туралы аңыз бар.
«Таспен атқанды аспен ат» көнеден жалғасқан қағида осы сайыста жүзеге асып тұрғандай.
Доктор профессор Жамбыл Артықбаев Шешенқара Очирт цэцэн ханның қызы екендігін дәлелдеген. Бірақ Очирт цэцэнде екі ұл болған, қыз болғандығы туралы ақпарат табылмады. Оның ұлы Галдамбада екі қыз болған. Галдамба 31 жасында өмірден өткен соң қыздары атасының қамқорлығына еңген.
Үлкен қызы Анударьді Баатар хунтайжнің ұлы Сэнгэ алады. Сэнгэ өлген соң інісі Галданға қаратқан. Анударь Монгол Жоңғар соғысында Улаанбаатар маңында ерлікпен қаза табады.
Галдан хан Очирт цэцэн ханға шабуылдағанда Доржравдан ханым 1000 отбасымен төркініне қашады. Доржравдан ханым Қалмақтың Пунцаг ханының қызы, Аюк ханның бірге туған әпекесі.
Кіші қызы Ахайдарь Сэнгэнің ұлы «Ақтабан шұбырынды»-ның авторы Цэвээнравданмен сөз байласып жүргенде Галдан хан тоқалдыққа алғаны туралы айтылады. Бірақ ол Галдан төңірегінде болғандығы туралы нақты дерек жоқ. Цэвээнравданмен Галдан ханнын аракикілжіңін Ахайдарьға байланыстыратындар да бар.
Цэвээнравдан Галдан хан Монгол, Манж Чин біріккен әскерінен ойсырай жеңіліп батысқа қашып бара жатқан шақта Цэвээнравдан көтеріліс жасап, Галдан ханның басын алады да өзі хан тағына отырады.
Чин патшалығы Қалмақпен Жонгар арақатынасының шинеліскен тұсын пайдаланып, Жонгарды Қалмақ арқылы бұғаттауды көздеген саясат ұстанды. Бірақ Ресей тарапынан Жонгарды қолдап, Қалмаққа тосқауыл қойып отырған. Оның түп мақсаты Қазақты Жонгар арқылы титықтатып бітіріп, Ресейге өз еркімен бодан болуына мәжбүрлеу еді.
Ал Ахайдарь ханышайым Очирт цэцэн, Галдан хан соғысынан соң ізім-ғайым жоғалуы анасы /әжесі/ Доржравдан ханыммен бірге Еділге қашқандығы болар.
Бұған дейін де, бұдан кейін де Жоңғариядан Еділге, Еділден Жоңғарияға талай рет көш жүрілді. Орталық Қазақстан арқылы өтіп тұрған көштермен жергілікті халық арасында талай қақтығыс өрбігені анық. Үркіп, босқан ел ат көлік, азық түлік тапшылығына ұшырайды, қоныс, қора қопсы, жайылымға таласушылық, ұрлық, барымташылық, тонаушылық етек алады.
Аңыздағы жекпе жек осындай қақтығыстардың бірінде болған. Шешенқара Ахайдарьдің лақап аты болуы мүмкін.
Әкесі Галдамба он жеті жасында Жәңгір ханның басын алған, әпкесі соғыста ерлікпен қаза тапқанына қарағанда Ахайдарь сайыс өнерін меңгерген, қандай да жекпе жекке дайын тұра алатыны белгілі.
Ал Ботақара кім?
Жоғарыда аталған жер, су атаулары бұл өңірде бір атаның ұрпағы мекен еткеннің айқын дәлелі.
Жәнтекей ауылы- Жәнтекей руы ауылдары шоғырланған өңір, Нұра өзені Тыныбекұлы Нұраның туған, немесе өмірден өткен жері, Теңіз көлі Нұраұлы Теңізбайдың атымен байланысты болар. Барақ көлі-Барақ Жәнтекейдің немересі.
Сонда Ботақара Жәнтекейдің шөбересі, Нұраның атасы, Теңізбайдың әзатасы Қожамжарұлы Ботақара екені анық.
1723-1725 жылдары болған «Ақтабан шұбырынды» қарсаңында Нұра өңірін Амарсанаа бастаған қол басып алады. Осы тұста Керейдің бір бөлігі Сырға ауған болар. Сырдан Орға кетті ме?, жоқ Арқада қалған бөлігі тура Орға көшіп, жау жар басылған соң Арқаға қайта оралдыма? деген көптеген сұрақтар жауапсыз қалып жатыр.
Бала кезімізде үлкендер айтатын қасқыр туралы әңгімеде қасқыр «Ұлды көрсем Ұлытауды айнала қашамын, қызды көрсем қызыл өңешіме салып аламын» дейтін.
Арқадан Сырға жету үшін арада Ұлытауды басып өтеді. «Ақтабан шұбырынды» заманында Керейлер Балқаштың теріскейі, Шұбартау, Арқадан Сырды бетке алып шұбырған.
Орда көп тұрақтамады, қайта Арқаға оралады. Арқадан Алтайға 1760-1770 жылдары шамасында көшеді.
Керейлер 1587 жылғы Харахул, 1635, 1642,1643, 1646 жылдарғы Эрдэнэбаатар хунтайж, 1652, 1653, 1658 жылдарғы Очирт цэцэн, Галдамбалар шабуылында Арқаға тұрақтағаны анық.
Жәнтекей, Барақ, Ботақара, Нұра атаулар осы тұсқа байланысты болса Теңізбай атауы «Ақтабан шұбырынды»-дан кейін, Ордан Арқаға қайта оралған тұспен дөп келеді.
Пайдаланылған материалдар:
1.Хожанияз Қапасұлы. Монголиядағы Абақ Керейдің Жәнтекей руының ата-тек шежіресі, Өлгий, 2006 жыл;
2.В. А. Моисеев, Зүүнгарын хаант улс ба казахууд, Улаанбаатар, 2015 жыл;
3.Ч. Далай, Ойрад монголын түүх1-р боть, Улаанбаатар, 2002 жыл;
4.Хабсатар Омарұлы, Жәдік, Улаанбаатар, 2018 жыл;
5.Раднабадраа, Сарны гэрэл, Улаанбаатар, 1967 жыл.
Күлмесхан Заупілұлы,
Дүниежүзі Қазақ Қауымдастығының мүшесі, жазушы, аудармашы
Пікір қалдыру