Бауыржан Байбек №148 мектеп-гимназиясына арнайы келді

/uploads/thumbnail/20180528150426980_small.jpg

Шаһар басшысы Бауыржан Байбек қаланың жас тұрғындарының қуанышына қатысу үшін Жетісу ауданындағы «Құла­гер» ықшамауданына орналасқан №148 мектеп-гимназиясына арнайы келді. Ал­дымен қала әкімі Мемлекет басшысы­ның «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарла­масы аясында бой көтерген қаламыздағы төрт мектептің біреуі №148 мектептің ішін аралап шықты.

Заманауи талаптарға сай толығымен жабдықталған пәндік кабинеттер, спорт залы, бай кітап қоры бар мектеп кітапха­насы, асхана, балалардың сабақтан тыс уа­қыттарда демалулары үшін барлық мүм­кіндіктері бар демалыс бөлмелері, қысқы бақ, салауаттылыққа, сергектікке бастай­тын бассейн барлығы да шаһар басшысы­ның көңілінен шықты. Бүгінгідей техноло­гиялар дамыған дәуірде кез-келген бала­ның жаңалыққа қызығушылығы басымы­рақ екені белгілі. Былтыр мектепте  робо­тотехника үйірмесі ашылған еді. Қала әкімі осында ізденіп жүрген жас өнертап­қыш­тар­дың иннова­ция­лық жобаларымен таны­сып, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осыдан соң, Астананың 20 жылдығы аясындағы «Ел жүрегі Астана» деп атала­тын соңғы қоңырау салтанаты басталып та кетті. Ортаға Эльмира Қашаулиева жетек­шілік ететін 11 «а» сынып, Қалбүбі Беке­нова жетекшілік ететін 11 «ә» сыныбы және Баян Аманқұлова жетекшілік ететін 11 «б» сынып оқушылары шықты. Алтын ұямен қоштасқалы тұрған осынау 73 түлектің 16-сы «Алтын белгіден», 3-еуі «Үздік аттес­таттан» үміткерлер.

Енді бір сәт оқушылар қолдарын дүр­сілдей соққан сол жақ жүрек тұстарына қойып Қазақстан Республикасының гимнін шырқады. Барша мектеп бітіруші түлек­тер­ді, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды Бауыржан Байбек ізгі тілегімен құттық­тады.

– Жаңа ғана мектеп ішін аралап, таны­сып шықтым. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мультимедиялық кабинет­тер, демалыс бөлмелері, шахмат, дойбы бұ­рыштары, сонымен қатар, қаламыз бойын­ша 6 мектепте бар бассейнді көрдім. Осын­дай игіліктердің бәрі  еліміздегі білімге жасалып жатқан қолдауды көрсетсе керек. Елба­сымыздың тапсырмасы бойынша мек­тептердің барлығы кең жолақты интер­нетке тартылған. Сіздерге ғаламтор­дың көмегімен білім жүйесіндегі, әлемдік білім кеңістігіндегі барлық жаңалықпен танысу­ға мүмкіндік жасалған. Бұл ретте Елба­сымыздың «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы өте маңызды рөл атқарады. Жалпы, қала бойынша да білімге кең қолдау жаса­лып келеді. Алматының 6 жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша бірінші орын­да тұруы, әрине, ұстаздар сіздердің еңбек­теріңіз, – деген қала әкімі биыл да оқушы­лардың жазғы демалысы үшін қала бюд­жетінен қомақты қаражат бөлінгенін жеткізді.

Сәтін салса, қала мектептерінің жаны­нан ашылған жазғы лагерьде 223 мың бала демалатын болады. Құттықтау сөзін 11-сыныптарға бағыттаған шаһар басшысы алдағы ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, кез-келген өмір емтиханын тапсыруға дайын болуға шақырды. Үлкен өмірге қадам бас­қалы тұрған түлектерге арнаған сөзін тамаша тәмсілмен түйіндеді.

– Адамның өмірде мақсаты болмаса, оның мағынасыз өмір сүріп жатқаны, –  деді.

Құттықтау сөзінің соңында Бауыржан Байбек мектеп ұжымына үлкен теледи­дарды сыйға тартты. Мектептің мәртебесін биіктетіп, атын аспандатып жүрген дарын­ды ұл-қыз жетерлік. Сондай мақтаулы оқушылардың салтанатты шеруі де үздік мектептің көрсеткішінің көрінісі болды. Халықаралық олимпиада, ғылыми жоба, өнер, спорт байқауларының жеңімпазы болған 50 оқушы ортамен жүріп өтті. Тарыдай болған 1-сыныптықтар да бір жыл ішінде өздерінің көп оқып, үйренгендерін көрсетті. Жүректері алып ұшқан түлектер мектеп мақтанышы Айдана Медеулованың орындаған «Мектеп вальсі» әнінің ырға­ғына тербеле биледі. Міне, мектеп бітіруші түлектер үшін ең бір қимастық сәт келіп жетті. Аулада соңғы рет соғылған жез қоңыраудың үні кернеді.

Соңғы қоңырау, соңғы қоңырау,

Сыңғырлап үнің көңілде тұр-ау, – деген ән жолдары биікке қалықтап, аппақ көгер­шіндердің қанатындағы түлектердің арманын алысқа алып кетті.

Осылайша «Алматы қаласының орта білім беретін үздік ұжымы» байқауының, «Үздік педагогикалық ұжым», байқау­ларының жеңімпазы болған, ашылғанына тура 10 жыл толып отырған №148 мектеп-гимназиясы үлкен өзінің өмірге кезекті  қарлығаштарын ұшырды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар