Бүгін Қазақстандағы ішкі және келу туризмді дамыту мақсатында жасалған мемлекеттік бағдарлама мен салалық заң жобасының таныстырылымы өтті. Оған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, ҚР «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасының туризм саласы өкілдері, мемлекеттік мекеме өкілдері, мемлекеттік ішкі және келу туризмді дамыту штабы, туризм саласындағы мәселелер бойынша заң жобасын жасау бойынша топтар, «НК «Kazakh Tourism» АҚ, денсаулық сақтау, білім, даму институты, ұлттық компаниялар, қоғамдық ұйымдар қатысты.
Жиында сөз алған вице-министр 2025 жылға қарай Қазақстанның ішкі және келу туризмін дамыту үшін қызмет мәселелері бойынша заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін айтады. Нақты айтар болсақ, Қазақстандағы туристік сала туралы заңға 27 өзгеріс енгізілді және 18 баппен толықты.
Мемлекеттік бағдарламаны дайындау барысында шетел тәжірибесі зерттелді, туризм саласында талмай еңбек етіп жүрген қауымдастық, туристік бизнес өкілдері, ғалымдардың ұсыныстары ескерілді.
Қазақстанның ішкі және сыртқы туризм саласын дамыту мақсатында негізгі алты бағыт іріктелді.
Олар: Туристік инфрақұрылымды дамыту;
Визалық және көші-қон саясатын либералдандыру;
Туристік нысандар мен дестинациялардың көліктік қолжетімділігін арттыру;
Туристік брендті ілгерілету;
Мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру;
Қызмет көрсету мен кадрлық қамсыздандыруды жетілдіру.
Туризмді дамыту мақсатында, қазақстандықтар үшін Қазақстанда саяхаттау ыңғайлы әрі арзан ету, Қазақстанның көрікті жерлерін дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру көзделген. Мемлекеттік бағдарлама аясында туризм саласына қатысты барлық мәселелер қарастырылды, яғни жол мәселесін шешу, әуе билеттерін қазақстандықтар үшін арзан ету, қонақ үйлердегі жағдайды жақсарту, ондағы қызмет көрсету сапасын арттыру, жаңа демалыс орындарын салу, мезгілдік демалыс орындарын ашу, онда тек ересектерге ғана емес, балалар мен жеткіншектерге пайдалы әрі қызықты уақыт өткізуіне жағдай жасау.
Мемлекеттік бағдарлама аясында бір жылда Қазақстанға келетін туристерді 4 есеге арттыру көзделуде, яғни жылына 13 миллион турист келеді деп жоспарлануда. Ол үшін 4 миллиард доллар инвестиция құйылмақ. Қазақстандағы ішкі және келу туризмін дамыту үшін жасалған жоспар іске асар болса 64 мың адам жұмыспен қамтылады.
Қазақстандағы Бурабай, Алакөл, Каспий және т.б теңіз бен көлдері бар көрікті жерлерді дамыту басты жоспарда.
Туризмді дамыту үшін жаңа қонақ үйлерді ашу, жаңа жол салу, түрлі демалыс кешендерін, мейрамханаларды салу қажет. Мемлекеттік бағдарламаны таныстыру барысында қызықты идеялары мен жобалары барлар әлі де хабарласа алатыны айтылды.
Бағдарлама аясында, кәсіпкерлер Қазақстандағы туризмді дамыту мақсатында жобаны іске асыру үшін кредитті 20 жылға ала алады.
Қазақстанның туризм саласына бей-жай қарамайтын азаматтар жиын барысында толғандыратын сұрақтарын қойды. Жиын Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілгендіктен азаматтар онлайн режимінде өз сұрақтарын қойып, жауап ала алды.
Пікір қалдыру