Елбасы тапсырма берсе де әлі де жедел түрде іске аспай жатқан бірнеше жоспарлар бар деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Әрине көш жүре келе түзеледі демекші араға біраз уақыт салып бірнеше мәселелердің шешіліп кететініне сенеміз. Әлемдік ішкі өнімнің 70 пайызынан астамы қалалардың үлесінде болсағ біздің елдегі ішкі жапы өнімнің 30 пайызын Астана мен Алматы қаласы ғана қамтамасыз етіп отыр. Неліктен өзге өңірлердің үлесі тым аз болып отыр? Биылғы жылы ғана Елбасы еліміздегі басқа да қалалардың ішкі жалпы өнімінің үлесін көбейту туралы тапсырма берген болатын.
Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап аталмыш екі қаланың тұрғындар саны миллионнан асып, мегаполистердің саны үшеуге жеткен болатын. Халық саны күн санап артып келеді. Алайда бір өкініштісі қалалардағы инфрақұрылымдық жағдай жақсы емес. Еліміздегі басқа қалалардың инфрақұрылымы сұранысқа сай жедел дами алмай жатырғаны жасырын емес. Аталмыш олқылықтардың орнын толтыру мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары қолға алынған болатын. Биылғы жылы жергілікті маңызы бар жолдарға 150 млрд теңгеге, ауылды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 100 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Елбасының биылғы жолдауында өңірлерді бұқаралық спортты дамытуға баса мән бергенін де ескерген жөн.
Елбасы биылғы Жолдауында өңірлерде бұқаралық спортты дамытуға да баса мән берді. Ол үшін Үкімет пен әкімдерге кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. «Бұл – дені сау қоғам қалыптастыру үшін өте маңызды бастама», – дейді сала мамандары. Садық Мұстафаев, ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» МК бас директоры: – Болашақ Азия, Олимпиада жүлдегерлері ауылда жүр. Олардың спорттық залдары, жаттығатын жерлері болмағаннан кейін ондай мүмкіндік жоқ. Елбасы өскелең жас ұрпақтың денсаулығын нығайту үшін тапсырмалар беріп жатыр. Осыған арнайы Білім министрлігінің бұйрығымен Қазақстанның мың мектебінде үшінші сабақ футбол сабағы деп кіргізді. Бұл қазіргі таңдағы мектеп қабырғасындағы оқушылардың спортқа деген талпынысын өзгертеді.
Өңірлерді дамытуда медицина саласы да назардан тыс қалған жоқ. Келер жылдан бастап еліміздегі емханалардың барлығы құжаттарды электронды жүйемен жүргізеді. Тиісінше дәрігерлер қағазбастылықтан құтылады. Сондай-ақ Елбасы ең алдымен ауылдарда алғашқы медициналық санитарлық көмекті қолжетімді етудің маңызыдылығын атап өтті. Роза Абзалова, МСАК саласының сарапшысы: – Президенттің алғашқы көмек көрсететін дәрігерлерге назар аударып, оларға қолдау көрсеткені қуантты. Осы сала үшін арнайы 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл аз ақша емес. Яғни медбикелердің айлығына шамамен 15 мың, ал дәрігерлерге 20 мың көлемінде ақша қосылады. Өңірлерді дамыту мақсатында Елбасы 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді жүктеді.
Хадиша Ханқызы