2015 жыл қазақ үшін тарихының шаң-тозаңын сүртіп, қайтадан қарап, елдігіміздің жолында қаны мен терін төккен текті тұлғаларды ұлықтайтын құтты жыл болып келе жатқан секілді. Хандығымыздың құрылғанына бес жарым ғасыр болғанын былай қойғанда, биыл Ж.Тәшенов, Е. Бекмаханов, І. Есенберлин сынды бір туар алыптардың туылғанына бір ғасыр толыпты. Алаш азаматтарының артындағы тәуелсіз ұрпақтары әлі келгенше бабаларын еске алып жатыр.
9 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ұлт зиялылары мен қаламгер қауымның қатысуымен І.Есенберлиннің туылғанына бір ғасыр толуына байланысты, «Қазақстанның қазіргі әдебиетіндегі ұлттық идеия» атты конференция өтті. Конференцияны филология факультетінің деканы Ө.Әбдиманұлы өзі бастап ашты.
Конференцияға халық жазушысы Қ.Жұмаділов, Қазақстан жазушылар одағы директорының орынбасары Сұлтанәлі Балғабай, Бауыржан Жақып, Талас Омарбеков, Дандай Ысқақұлы сынды зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысты.
Қ.Жұмаділов І.Есенберлинмен бірге жұмыс жасаған кезіндегі шынайы өмірден алынған естеліктерімен бөлісіп: «Ілмекеңнің ең алғашқы «Қаһар» романының шығуы Алла сәтін салған іс болды. Бұл әңгімені басынан бастауға тура келеді… Ілмекеңнің өмірінің тыныштығын бұзған, ең бірінші оның жарының халық жауының қызы болғандығы еді. Сен халық жауының қызына некелестің деп, сол кездегі қатал үкімет соңына түсті. Ілмекеңді де халық жауы деп темір торға отырғызып, соттады. Кейін босап шыққан соң не істерін білмей, кино сценарий жазып, аударма жасап жүргенде, кезінде пікірлес болған, дос болған Димекеңмен (Д. Қонаев) ойда жоқта жолығып қалады. Екеуі бір-бірін танып қызу әңгімеге беріледі. Әңгіменің ыңғайында Ілмекең өзінің жұмыссыз екенін айтады. Жағдайды түсінген Димекең бір аптадан соң Ілмекеңнің сұрауы бойынша, жазушылар баспасының директоры етіп тағайындайды. Кейде қолда шексіз биліктің болғаны да жақсы екен. Ілмекең тұншығып жатқан тұп-тұнық тарихи романдарын жарыққа шығара бастады. Ілмекең бақталастарым балағымнан тартар деп үркіп, сол кездегі жалындаған жастар бізді шақырды. Біз деп отырғаным мен, М.Мағауин және тағы басқалар еді. Біз қауырт жұмысқа кірісіп кеттік. Ілмекең бір күні мені шақырып алып: «Қабеке, мен ғой техникалық маман иесі екенімді белесің, оның үстіне орысша оқығанмын. Орысша ойлап, қазақша жазып кетуім мүмкін. Тағы да бір мінім қазақтың салт-дәстүріне онша қанық емеспін. Енді өзің қазақтың қара баласысың. Менің жазған романымды көркемдік деңгейге көтеріп, кемістігін келістіріп қоярсың!»,-деді. Сол күннен бастап мен романның көркемдік жетекшісі болып кеттім. «Қаһардың» алғашқы аты «Хан Кене» болатын. Бірақ олай шықпады. Себебі ол кезде Кенсары туралы кітап жазғанды қойып, атын аузыға алсақ атылатын заман еді. ақыры ақылдаса келе «Қаһар»деп қойдық. Бұл халықтың қаһары ма, Кеңестің қаһары ма, Кенесарының қаһары ма, оны халық өзі тауып алар дедік. Міне осылай алғашқы кітап шықты. 60 мың данамен шыққан кітап бір айдың ішінде жылан жалағандай болды. Қазақты қазақ көре алған ба? Анық айтқанда әдеби ортаның тым күншіл екенін белміз ғой. Оның үстіне қайдағы бір тау-кен өндіру маманының, тарихшылардың тісі батпай жүрген тарихи кезеңді жазып шығуы, сол кездегі кейбір адамдарға ұнамады.Ілмекеңнің елдің рухын көтерген шығармасын теріске шығарып, Зейнолла Серкқалиев сыный мақала жазды. Бұл мақала қазақ жұртын қатты ашуға мінгізді(кейін Зейнолла сыный мақаланы жазғанына қатты өкінетінін, бірақта сол кезде өзінің де басқалардан қысым көргенін айтты.) Осыған байланысты, жалпы «Қаһар» романының мағынасын түсіну туралы талқылау жиыны өтетін болды. Сол күнгі жиналған халықтан басымыз айналды. Күздің қара суығына қарамастан кептелген адам. Жүрудің өзі қиын. Қаладағы халықты айтпағанда алыс райондардан, ауылдардан, тіпті Қарақалпақстаннан келген бір қазақ жігітін көрдім. Бас қосуға жиналған халық өте көп болды. Сонан Ғ.Мүсірепов халыққа: «бүгін жиын белгілі жағдайларға байланысты күшінен қалдырылды»-, деп айтып жұртты әрең тарқаттық. Бұл тарихтағы адам келмей қалғаннан емес, адамдар тым көп жиналғандықтан өтпей қалған бірінші бас қосу болатын. Бұл арқылы айтайын дегенім, егер Димекең Ілмекеңді жазушылар баспасына басшылыққа тағайындамағанда, «Көшпенділердің» жарыққа шығуы да неғайбыл еді. Ілмекең одан кейін де романдар жазды, деседе қылышынан қан тамған кеңес одағы қазақтардың тарихи санасының оянуынан сескенген болса керек. Ақыры қолындағы билігін алып, өзіне айып тақты. Ілмекеңнің жанындағы інілері болған бізді де жазушылар баспасынан шеттетіп тастады. Бірақ біз өз міндетімізді атқардық. Ешкім қозғауға батылдық етпеген тарихи тақырыпты қозғаған Ілмекеңнің қолына сүйеу, қолтығына демеу болдық. Ілмекеңмен бірге тарихи төңкеріс жасадық. Қазақ тарихы барда, қазақ мәңгілік ел болып салтанат құрып тұрғанда, Ілмекеңде алмас қылышын асынып, қазақтың тарихын күзетіп тұра береді. Мұрасы ғасырдан ғасырларға жете берсін!»
Бірлесбек Саягүл
Пікір қалдыру