Папоротник (жапон аңызы)

/uploads/thumbnail/20170708174224431_small.jpg

Чичибудың Такахашино тауының баурайында дәулеті жұрттан асқан бай болыпты. Сарайының айналасындағы мың үй оған қызмет етіпті. Бай көктемде папоротник кестірмек боп, былай деп бұйырады:  Мың үйдің бүкіл адамы бір күн ішінде Такашино тауындағы папоротниктің бірін қалдырмай отап, менің сарайымның маңындағы қораларға жинасын.

Мың үйдің бала-шағасынан бастап қариясына дейін Такахашино тауына қаптайды. Бай таудың төбесінде тұрып, жұртқа әмір беріп тұр:

— Түгін қалдырмай кесіңдер, бірде-бір папоротник қалмасын.

Күн батқанша байдың бұйрығын орындау мүмкін емес еді. Таудың бір беткейінің ғана папоротнигі кесілгенде Күн батысқа қарай ауды. Бай батып бара жатқан Күнге паңдана қарады. «Әй, Күн! Шаруа бітпей жатып, неге батасың? Менің батқан Күнді қайта шығарар құдіретім бар».

Бай желпуішін желпіп «Ей, Күн қайт кейін!» деп айғайлады. Байдың даусы бүкіл тауды жаңғырықтырды. Осы сәтте батып бара жатқан Күн Аспанға қайта көтерілді де, айнала жап-жарық болды. Жұрттың таңданысында шек жоқ.

— Менің құдіретіме ешкім тең келмейді. Қане, папоротникті түгел отап бітіріңдер.

Жұрт жапа-тармағай оталған папоротникті жинауға кірісті. Күн сәулесі түскенде тауды жалын шарпып өткендей болды.

— Папоротникті қораға  тасыңдар, қане жылдам!

 Ағаш арқалаған жұрт байдың сарайына бара жатты. Қора папоротникке толғанда Күн де батты. Тау төбесіндегі бай асқақтана билеп жүр. Аспан қып-қызыл. Жұрт демін ішіне тарты. Көктемде көрінбейтін қызыл шегіртке Такашино тауына жосып барады. Мыңдаған қызыл шегіртке...

Кенет қорадағы папоротниктер аспанға ұша бастады. Күн ұясына кіргенде тау басында құтыра билеген бай да ғайып болды. Қоралардан ұшқан папоротниктер тауға қайта тігілді. Такашино тауы папортник тауы ретінде белгілі боп, Чичибудың халқын бүгінде асырауда.

Көктемде Такашино тауы қызыл арайға боялғанда таудың төбесінен өкірген байдың даусы естіледі деседі.

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар