Алматыда, Жамбыл атындағы кітапханада «Махаббаттың мәні» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оған БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері мен кітаптың мазмұнына қызыққан оқырман қауым жиналды. Ат терлертіп Қазақстанның шалғай өңірлерінен арнайы кітаптың тұсаукесеріне келгендер болды.
Жоба авторы Санжар Керімбай оншақты кітаптың эскизі сызылып, кезек күттірмейтін тақырыптар анықталып қойғанын, бірақ «махаббаттың мәні туралы жазуымыз керек» деген мәселе алға шығып кеткенін айтады.
- Психолог, психиатр Виктор Франклдың өзі «Еркіндіктің мәні», «Өлімнің мәні» деп жазып келеді де, «Махаббаттың мәніне» келгенде табандап тұрып 55 бет тек соған арнайды, - деп махаббаттың түсіндірмесінің қоғам үшін маңыздылығын түсіндіреді Санжар Керімбай.
Кітаптың атауына қарап, әдеттегі көз үйренген, кітап дүкен сөрелерінде толып тұрған «Қызды қаратудың 99 тәсілі», «Күйеуіңмен жақсы қарым-қатынас орнатудың 10 жолы» секілді кітаптың бір түрі екен деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Алайда онда ғылыми зерттеу мен махаббатқа қатысты мәселелердің себебіне емес, негізіне көңіл бөледі. Онда қалай емес, неге деген сұраққа жауап іздейді.
«Махаббаттың мәні» кітабын құрастырушыларының бірі филолог, магистр Сәкен Нұқабекұлының айтуынша, ғалым, ойшылардың махаббаттың мәні туралы жазған материалдарын іздеу, зерттеу қиынға соққанын айтады.
- «Махаббаттың мәні» туралы жазамыз «дегенде, махаббат туралы тақырып көп. Соны жинап берсек болды деп ойладым. Ақындар тек махаббатты жырлаған секілді, әншілердің барлығы дерлік махаббат туралы ән айтатын секілді көрінді. Нақты академиялық фундаментальды ғылымға келген кезде бұл тақырыпты нысан ретінде таңдаған ғалымдар өте аз болып шықты. Ғалымдардың, ойшылдардың зерттеуін саралауға тура келді, - дейді Сәкен Нұрқабекұлы.
Жоба авторы Санжар Керімбайдың айтуынша, Сәкен Нұрқабекұлы кітаптың 65-70% жұмысын атқарған. Тұрақты кірісі бар жұмысын ысырып қойып, аталмыш кітаптың жұмысына білек сыбана кіріскен. Оның ішінде Батыс ғалымдарының зерттеуін саралап шыққан.
Одан бөлек кітаптың шығуына атсалысқандар – Әділбек Нәби, дінтанушы магистр, Мұхит Төлеген, дінтанушы PHD докторы.
Құрастырушылардың айтуынша, кітапта ажырасу, зорлық, неке, некесіз бала, махаббат, түсік, сәбиді қоқысқа тастау секілді бірқатар мәселелер көтеріледі. Оның шығу себебі неде екеніне жауап іздейді. Кітапта тарихи деректер, статистикалық мәліметтер кездеседі. Мұның барлығы экзистенция әдісімен талданған.
Пікір қалдыру