Қазір «ұлы», «тұлға» сөздерінің тұғыры төмендеп кетті. Пұлы барды ұлы қылған, сөздің де қадірі кеткен заман ғой. Бұрын баршаны таң қалдыратын биіктік атаулы қазір аласарған. Байырғылар “Би айтатын сөзді құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ” десе, қазір “Би” титулының өзі құлдық деңгейге түскендей. Өйткені, қазіргінің «биін» бұрынғы бимен салыстыруға болмасы белгілі. Ғалым да, дарын да — дайынның құрандысы. Ақшаң болса алшаңдай бер. Ең ақыры халқы үшін қанын төгіп, жанын бергендер Ұлы емес, құлқынның құлы боп жүргендер Ұлыға айналды. Бұрынғының ұлы ғалымы мен қазіргінің ұлы ғалымын қатар атаудың өзі ұят. Бәріңіз білетін ұлтымыздың бұрынғы ұлы тұлғалары өздерін “мен Ұлымын” демеген, халқының қажетіне жарар ұлы болуға ұмтылып жүріп, ұлы тұлға деңгейіне көтерілді.
Ел баласы мен әке баласының жер мен көктей айырмасы бар екенін бүгінгілер білгісі де келмейді. Жеке бір отбасының даңқын жамап-жасаумен шығарған немесе әке беделін бүркеніп күн көргендер елге ерен еңбек сіңіргендей боп жүр. Қазақ ертеде баласын елінің азаматы болуға тәрбиелеген. Сондықтан кішкене бала “әкемнің баласымын” демеген, “атамның баласымын” деген. Ал қазір “мама баласы” тұлға тұғырынан көрінгісі келеді. Мәселе, әке мен шешені елден бөлу емес, бастысы — елге тұтқа боларлық ұл тәрбиелеуде.
“Қазіргілердің арасында тұлға жоқ” деген сөз емес. Елге еңбек сіңірмек түгілі, елеулі іс атқармастан тұлға бола салғандар жан-жақты насихатталуда. Сөз қадірін кетіру арқылы таным таяздалады. Жарнама арқылы «тұлға» болу деген ұғым санамызға сіңіп барады.
Бірнеше жыл бұрын баспалардан облыстық энциклопедиялар жарыққа шықты. Көбісінің аты энциклопедия болғанмен, заты — қалың брошюра. Мәселен, Жетісу энциклопедиясында бұл өңірге мүлдем қатысы жоқ біреулер кіріп кеткен. Шені үшін кіргізген әрине. Тіпті басқа бір облыстың бизнесменінің эстрадада жүрген ерке баласы “Жетісуға еңбек сіңірген тұлға” ретінде тұр. Бұл энциклопедияда шет елге ақша алып қашып кетіп, бүгінде отбасымен «іздеуде» жүргендер де бар. Әкім болып тұрған кезінде энциклопедияға өмірбаянын қоса салған. Құрастыру кезінде энциклопедиялық талаптар ескерілмегендігін көруге болады. Қайсыбірін айтайық, бізде нағыз ұлы тұлғаны тану қабілеті төмендеп барады.
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру