Тілің үшін жыртылды жағаң талай...

/uploads/thumbnail/20170708180933023_small.jpg

Тіл – ұлттық қазына. Тіл – ұлттық намысымыз. Көкірек көзі ояу әрбір қазақ өз ана тілінде көркем сөйлеп, ата-бабаларымыз ардақтаған тіл байлығын келер ұрпаққа жеткізу – азаматтық аманатым деп түсінуі тиіс. Халқымыз өз ойын қашанда мақалдап, мәтелдеп, бейнелеп сөйлеуге шебер, тілі өткір халық.

Тіл – қарым-қатынас құралы десек, құралдың өткір болуы – шыңдалуынан. Шыңдаушы, яғни үйретуші – ұстаз. Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы деген сөз бар. Айтылған талаптың үдесінен шығуға үлес қосатын да – ұстаз, және осы салада тер төгіп жүрген ұстаздар да баршылық.

Ұстаздық – білімділікті, шеберлікті, аса жауапкершілікті, мейірімділікті талап ететін мамандық, тіпті, болмысының солай қалыптасуын қажет етеді. Олай дейтінім, мұғалім – жоғары оқу орнында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс. Ең негізгісі – оқыту процесінде үнемі шәкірттерімен тығыз қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен қызығушылығын, әр баланың әр қилы тағдырына куә болып, жүрегіне жол таба білуді міндетіне алған және солай санайтын маман. Осындай қиындығы мен қызығы мол, баға жетпес мамандық иесі, ұлағатты ұстаздардың бірі – Сабырова Әлима Есенқызы.

Өткенсіз болашақ жоқ. Өткенімізге, яғни ұстаздық өмір жолына бір сәт көз жүгіртіп қарасам, жастарымыз үшін, әсіресе, жас маман иелері үшін тағылымы, алар ғибраты да мол екен.

Әлима Есенқызы 1982-1987 жылдары ұлтымыздың мақтанышына айналған білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бағамен бітіреді. Жас маман университет қабырғасында жүріп-ақ, әр түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене араласады. Сол кездері студенттер арасында өтілетін айтысқа қатысып, айтыстың жеңімпазы атанады. Университетті бітіріп, тұрмыс құрады. Отбасылық, тіршілік тауқыметімен өнерден қол үзгенімен, қолынан қара домбырасы әлі де түспей келеді. Жиын-тойларда әдемі қоңыр даусымен қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп айтады. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы қазақтың қара домалақ қызы таудай талабымен ҚазҰУ-ды бітірген соң, сол кездегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Практикалық қазақ тілі» кафедрасында оқытушылық қызметін бастайды.

1998 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында бір кафедрада қызметтес болдық. «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасында бірнеше қазақ тілі пәні оқытушылары еңбек еттік. Өз көзіммен көргенімді көмескісіз айтайын. Сол жылдар ішінде шыны керек, оқытушылар қауымы біраз қиыншылықтарды бастан кешірдік. Жүктеме аз, шәкірт көп. Көздері жәутеңдеген қаракөз студенттеріміздің тілі шұбарланған, тіпті, бір ауыз қазақша сөйлей алмайтындары да болды. Көзің көріп, құлағың естіп отырған кезде, намыстан қаның басыңа шауып, отбасыңды да ұмытып, жұмыс орнында қалып қойып, тіл үйреткен шақтарымыздың да болғаны жасырын емес. Сол кездері студенттер жатақханасында түней жатып, тілді үйретіп, тіл үшін жағасын жыртып оқытқандардың бірі – Әлима Есенқызы еді. Күні бойы аудиторияда бір топ студентпен де, кейде әрқайсысымен жеке дара ұзақ уақыт қалып қойып, ақ қағазға шұқшиып, қадалып отырған сәттерін өз көзімізбен көрдік. Кейде, біз отбасыңызды, бала-шағаңызды ұмыттыңыз ба деп қалжыңдайтынбыз. Ондайда: - Менің арманым – көгенкөз осы балаларымды қазақша сөйлеуге үйретсем, ұлттық дәстүрді санасына сіңірсем, қанекей! – деп күрсінетін. Ол жылдар да артта қалды. Бәрі де айтуға оңай...

«Тіл – ұлттың жаны. Тілді үйрену - өз ұлтыңды, ұлттық салт-дәстүрді тану деген сөз. Қазақ тілі – ең бай, ең көркем, әдемі тіл. Біз, қазақ, тілге шебер, шешен халықтың ұрпағымыз. Ұрпағымызды ұлттық дәстүріміздің, ана тіліміздің уызына қанық етіп өсіру – азаматтық және ұстаздық борышым деп санаймын», - дейді болмысы бөлек тіл жанашыры Әлима Есенқызы.

Осылайша, тілге қатысты жан айқайын айтудан бір жалықпайтын, мінезі ашық, тілі қылыштай өткір қазақтың қарапайым қызы, терең білімі мен шынайы еңбекқорлығының арқасында жүрген ортасында беделді, мәдениеті жоғары, мерейі үстем, ойып алар орны бар. Сол кездері білім берген шәкірттерінің дені – студенттер арасында өтілетін ғылыми конференцияларда, білім сайыстарында үздік атанып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұның бәрі – еселі еңбектің арқасында келген жетістік.

Еңбек ете жүріп Әлима Есенқызы бірнеше әдістемелік-оқу құралдарын жазды. Бірнеше ғылыми мақалалары әр түрлі басылымдарда жарық көрді. Мысалы, «Орыстілді аудиторияда жырау поэзиясын зерделеу» (2000ж.), «Бакалавриатқа арналған жұмыс бағдарламасының негізгі мақсаты» (2001ж.), «Тілдерді білуді кешенді бағалаудың жан-жақты белгілері. Әдістемелік оқу құралы» (2003ж.), «Білім берудің кредиттік жүйесіндегі сабақтың құрылымы» (2004ж.).

Кәсіби білікті, жауапкершілігі жоғары, өз жұмысына жоғары талаппен қарайтын, еңбекқор Әлима Есенқызы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы шеңберінде ұйымдастырылған қоғамдық жұмыстарға да белсенділік танытып, студенттерге тағылымды үлгі беріп қана қоймай, студентке қатысты кездейсоқ жағдайларда да оң шешімін табуға рухани күш-жігерін салудан еш тартынып, шаршаған емес. Шәкірттерінің жүрегіне ізгілігімен, өжеттілігімен қатаң талап қоя отырып, үйретуден жалықпайтын ұстазымыз Әлима Есенқызының орны ерекше. Сөз орайы келгенде, орны ерекше ұстазымыздың тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетейін. Адал еңбек пен бойдағы күш-қуатты, білімді, талап пен талантты шын бағалаған халық «Талант, білім, саф алтын – бәрінен де озады» деп, бекер айтпаса керек. Әлима Есенқызының авторлығымен жазылған «Деловая переписка на казахском языке» (2003ж.), «Тілдерді білуді кешенді бағалаудың жан-жақты белгілері» (2003ж.) атты әдістемелік-оқу құралдары үздік бағаланып, жоғары сұранысқа ие болады. Еңбегі жанып, тасы өрге домалайды. 2006 жылы тамыз айында Әлима Есенқызын «Caspian Training Group» білім беру орталығы қызметке шақырады. Осылайша, Әлима Есенқызы әр салаға арналған «Қазақ тілі» бағдарламасы бойынша тіл үйретуге кірісіп кетеді.

Ұлттық мүдде десек, ең алдымен, мемлекеттік қызметтегі іс-қағаздардың қазақша жазылуы керек екенін түсінеміз. Елбасы «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз. 2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы қазақша білуі тиіс» деп билік пен халықтың алдына үлкен міндеттер қойды.

Сонымен, «құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келіп» демекші, іздегенге сұраған болып, өзінің көксеген көңіліндегісін, яғни халқымыздың бай мұрасынан, бай тіліміздің қазынасынан тыңдаушысын сусындатуға белсене кірісіп, осы таңға дейін қызу қайнаған еңбектің ортасында жүр. Мақсаты – тіл тағдыры әркімнің өз қолында екендігін мойындату. Тек, ниет болса, шынайы құлшыныс болса, ұлттық құндылығымыздың мәңгілік екенін түсіндіру. Мұндай қасиет әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше таланты мен талабы бар, өжет, ұлттық намысы жалындаған адамға ғана тән қасиет.

Әрине, Әлима Есенқызы жан-жақты ізденіс пен ерен еңбектің арқасында өз саласындағы мамандар мен қызметкерлерге мемлекеттік тілде ресми іс-қағаздарының қазақша толтырылуына бар ынта-шынтасымен ұлтым деп соққан жанашырлық сезімін аямайтынына, тіл тұғырының мықты болуына, бар күш-жігерін салатынына толық сенеміз. Бұған дәлел, Әлима Есенқызына берілген сертификаттар мен мақтау қағаздар:

  • «Innovation Language Teaching Methods». Алматы, 2007ж.
  • Сертификат Республиканского центра ускоренного обучения государственного языка «Интерактивные методы преподавания государственного языка». 2008ж.
  • «Коммуникативті құзыретті қалыптастыру: дәстүр мен жаңашылдық». КІМЕР сертификаты. 2011ж.
  • Алматы қ. Тіл комитетінің «Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері» сертификаты. 2012ж.
  • Алматы қ. Тіл комитетінің «Мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері» сертификаты. 2013ж.
  • Астана қ. KazTraining&Consulting-2013 Көрме-Конференциясы аясында мастер-класс өткізгені үшін алғыс.

Ер жасы – елуге келген Әлима Есенқызының бойынан ұлтқа тән намыс, ұстазға тән ұлылық, анаға тән мейірімділік, дос-жарандарға тән жылылық пен ізеттілікті сезініп, елуді еңсерген елеулі жасымен құттықтай отырып, алдағы өміріне де биіктен көріне беріңіз дегіміз келеді.

«Құртақандай «қорғасын» қызым аман болсын, он балаға татырлық батырлығы, ұлға бергісіз қайраты бар балапанымды Жаратқан Ием жарылқай гөр!» дейді, ақ шашты анасы еміреніп.

Біз де құртақандай «қорғасын» ұстаз Әлима Есенқызының отбасына амандық, жиен немерелерімен қоса ұлдан да немере сүйіп, жолдасы екеуі қызық қуанышқа кенеле берсін дейміз. Тіл үйретуде қанатыңыз талмасын, қазақтың қарапайым қызы!

Рыскен ӘБІШЕВА

ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, ф.ғ.к.

Алматы қаласы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар