Дәл қазіргі кезеңде ұлтқа қатысты ұлы тірліктер жасалуда. Оны жоққа шығара алмаймыз. «Қазақтың тілі дамымай жатыр» деп байбалам салатындар Герольд Бельгердің сөзімен айтсақ, бір нәрсені түсінгені жөн: «Қазақ тілін дамытатын өзге ұлт өкілдері емес, қазақтың өзі». Шындығында солай. Мұны наурыз мейрамының алдында ғана бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев та ашық айтты.
–Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық салада енгізуге жұмыс жасаймыз. Өз ішімізде, елімізде, мемлекеттік басқару органдары мен басқа салаларда барлығы да өз тілімізде жүретін болады, құдай бұйыртса. Бірақ оған асығыстық жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Елімізде тыныштық, өзара сенім, барлығының құқығын қамтамасыз ету, дін, мәдениет, тіл бойынша ешкімді де шектемейміз, әркім өз мәдениетімен, өз тілімен өмір сүрсін. Бұл қалыпты жағдай, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар, журналистермен кездесуде Президент өзге тілдерден ажырап қалу дұрыс емес екендігін де атап өтті.
Ақиқатында, Президенттің де айтып отырғанында көрегендік саясат пен тарихи мән-маңыз жатыр. Қазір құдайға шүкір, осыдан 5-6 жылдағыдай емес, мемлекеттік тілдің құдыретін мойындайтындардың қатары күрт артып келеді. Балабақша мен мектептерде балаларын қазақ тіліне берген ата- аналар көбейді. Өйткені олар қазақтың тілінің мәртесі күн сайын артып келе жатқанын түсіне бастады. Бұл ғана емес, Ұлыбританияның елшісі Кэролин Браун үш айдың ішінде қалайша қазақ тілін үйренгенін айтып берді.
–Мен министрлік жетекшілігіне өзімнің үш ай ішінде қазақ тілін үйренетінімді айтып сендірдім. Бұл уақытта тілді түбегейлі меңгеру мүмкін емес. Алайда, сөйлей алмағанмен біршама үйренуге болады. Бастапқыда Лондонда тұратын қазақ мұғалімдерімен жұмыс істедім. Оның бірі қызылордалық, бірі қарағандылық болды. Сондықтан екеуінің тілінен айырмашылық байқауға болатын еді. Әсересе, «к», «қ», «ы», «і»» әріптерін үйрену оңайға соққан жоқ. Мұғалімім ғарыш, ғылым сөздерін мысалға келтіре отырып, үйретті. Ал маған Наурыз мерекесі қатты ұнайды. Біріншіден, бұл керемет мезгіл, екіншіден, жер жаңарып, күн ұзарады. Ел бір-бірінің үйіне қонаққа барып, дәмді тағамнан ауыз тиеді. Былтыр Әйгерім есімді қыз Көрісу мерекесі жайлы айтып берді. Әсіресе, батыс қазақстандықтар Наурыз мерекесін ерекше тойлайды. Британдықтар жылқы етін жемейді. Сіз Лондон көшесінен бір британдықты тоқтатып, жылқы етін ұсынсаңыз, ол қатты таңғалатын еді. Бірақ мен Қазақстанда тұрып, жылқы етін жеуді үйрендім. Өте дәмді. Өйткені ол өте пайдалы екен, құрамында холестерині аз, дәмі тіл үйірер тағам екенін білемін. Өзім британдық болсам да, қазір қазақтар секілді жылқы етін сүйсініп жеймін, – дейді елші Кэролин Браун.
Қазақ тіліне күн өткен сайын өзге ұлт өкілдері тарапынан артып келе жатқан құштарлықтың бір көрінісі ретінде тағы бір мысалды айта кетуге болады. «Қазақ аруы -2017» байқауына Павлодардан орыс қызы Виктория Петрова қатысты. Ол жүлделі орынды алмаса да, мемлекеттік тілді жетік білетінін аңғартып, қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты қойылған сауалдарға тосылмай жауап берді. Демек, мемлекеттік тілдің мәртебе алып, өмірдің бар саласында көрінуі эволюциялық жолмен біртіндеп дамып келе жатыр. Мұндай жағымды көзқарастағы мысалды жүздеп келтіруге болады. Жақында ғана Алматы қаласының тұрғыны Вячеслав Попов өзінің әлеуметтік парақшасында жарты жыл ішінде қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлеуге үйренетінін айтып, елдің алдында уәде берді.
– Өзімнің қазақ тілін білмеуімді түпкілікті жоюға шешім қабылдадым! ССРО кезінде туылдым деп ақталмаймын, интернатта, кейіннен мектепте нашар оқытты демеймін. Менің қазақ тілін білмеуім – ол менің жауапкершілігім! Яғни, жауапкершілігімнің жоқтығы! Мен оны оқымаған өзім, қажет деп санамай, қиынсындым, қорықтым. Мен қазір өзіме және айналамдағыларға, Қазақстанда өмір сүретін барша қазақтар мен орыстарға, басқа да ұлт өкілдеріне мынаны дәлелдегім келеді: Шынымен өз дәстүріңді, мәдениетіңді, халықтар достығын сыйласаң, бір кездері менің украиндық және еврейлік арғы аталарымды өз жерінде қабылдап, сонау 1927 жылы Түркісіб құрылысы, кейіннен 1941-1945 жылдары фашизмге қарсы тізе бүгіп соғысқан елді сыйласаң. тілін үйренуге болатынын дәлелдегім келеді. Олар маған және менің отбасыма, менің балаларыма осы жерде өмір сүріп, бейбіт ғұмыр кешу мүмкіндігін бергендері үшін қазақ тілін алты ай ішінде үйреніп, қазақ әдебиетін оқи алатындай деңгейге жетуге өзімді міндеттеймін! Біз – бауырлармыз! Біз – бір қаннанбыз! Біз – бір істі бірге атқарудамыз! – деді Вячеслав Попов.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Қостанай облыстық филармониясының баспасөз хатшысы Алла Чечеткина «қазақ тілін білу бәріміздің міндетіміз» деп айтты.
–Мен Қостанай облысының Амангелді ауданы Тасты ауылының тумасымын. Ұлтым –молдаван. Аты-жөнім - Алла Чечеткина. Өзім қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындап өскен баламын. Негізі, қазақ тілін білу үшін, мен сияқты, көрші Күміс әженің мыжымасын жеп өсу керек. Ал сіздер, мыжыманың қандай ас екенін білесіздер ме? Қолдың сары майы қосылып, мыжылған ыстық таба нанның дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Дегенмен, өз ата-анама да алғыс айтқым келеді. Сол кісілердің ақылымен мен қазақ сыныбында оқыдым. Сақыпжамал деген алғашқы ұстазымның арқасында қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын.
Мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің тәуелсіздігімізге, егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Біздің ауылда қыз баланың кешкі уақытта көше кезіп жүргені ұят, ерсі саналатын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңлілерім де осы тәрбиеден алшақтамаса екен деймін, - деді Алла Чечеткина.
Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Қазақ тіліне деген қажеттілік барған сайын артып келеді. Оны мойындауымыз керек. Жалпы мемлекеттік тілге деген қажеттілікті басқа емес, ең алдымен өзіміз тудыруымыз керек. Сонда ғана ана тілінің мәртебесі артады. Қазақтың тілін терең білсек, сөйлесек, өзге ұлттарға мойындатсақ, сонда ғана мемлекеттік тіл дамиды.
Миуа Байназар
Пікір қалдыру