Және бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – екпе туралы халықтың көзқарасы қандай? Вирусты жұқпа – қызылша ауруы туралы маман не дейді? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының Инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Смағұл Манар Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісінің сауалдарына жауап берген еді.
Қазақстанда вирусты жұқпаның ахуалы қандай?
Жалпы жедел вирустық жұқпалар туралы эпидемиологиялық маусым кезінде қазан-сәуір айларында аймақтардан мәлімет алып отырамыз. Қанша адам ауырды, қанша адам көмекке жүгінді. Оның қаншауынан сынама алынды, қаншауынан вирус анықталды. Жалпы вирустың қандай түрлері анықталғанын бақылауда ұстаймыз.
Қазіргі таңда елімізде Еуропа елдеріндегідей қызылша вирусы шықпады ма, соны анықтаймыз. Соған алаңдап отырамыз. Эпидемиялық өршу өткен жылдың қазан-қараша айларында басталды. Сол уақыттан бері бүгінге дейін жеті мың адам қызылша ауруымен ауырды. Отыз пайызы ересектер, жетпіс пайызы балалар. Ал жалпы қызылша ауруымен тіркелгендердің сексен пайызы екпе алмағандар. Ал дәл қазір жағдай бірқалыпты.
Қазіргі бізді алаңдатып отырғаны - басқа жұқпалы аурулардың эпидемиялық маусымы басталды. Ол энтеровирусты жұқпа, жіті ішек жұқпалары. Ішек құрттары, тамақтан улану, іш өткізу секілді түрлі вирусты жұқпалары. Қоғамдық тамақтану орындарында тамақты аса мұқияттылықпен жеуге кеңес береміз. Қоғамдық тамақтану орындардарын, асханаларды жіті тексеруден өткіземіз.
Қоғамдық орындағы асханалар тексеріле ме?
Ораза бітті, енді той маусымы басталады. Сондықтан, тойхана, дәмхана иелерін аспаздарына барынша мұқият болуға шақырамыз. Мысалы, аспаз ауырып тұрса немесе қолында жарақаты болса, барынша сақ болуын талап етіңіздер дейміз. Ыдыстарды тазалап жуу керек. Ыдыста тамақ қалдығы қалмауын қадағалау керек. Қазір күн ыстық. Ыдысты тамақ қалдығы қалса, дәл сол тамақ қалдығына микроб, вирус жиналса, сол жерге келген қонақтар ауру жұқтырып алса, екі жаққа да жақсы болмайды. Тойда 40-50 емес, жүзден астам адам келеді. Жазда тамақты ерте дайындап қойса, кешке той басталады дегенше, ыстық күнде ол бұзылып кетуі мүмкін. Сол тағамды тұтынған тойға келгендердің бәрі жаппай улану қаупі өте жоғары. Соған аса мұқият болу керек.
Қоғамдық орындарда тамақтану, жеке гигиена туралы...
Біз мемлекеттік қызметкер емес, ғылыми тәжірибелік орталықпыз. Жергілікті жердегі жеке кәсіпкерлердің мейрамхана, дәмханалары Салауатты тағамтану орталығының департаментінің талабына сай тексерістен өтіп, арнайы сертификатталуы тиіс. Аспаздарының да білімі, сертификаты болуы қажет. Ал жеке тұтынушыларға келсек, кім қай жерден тамақтанса да, чек талап етуге құқылы. Егер оқыс жағдай болса, мысалы улану фактісі орын алса, чекпен дәлелдей алады. Бірақ бұл жеке бір адам емес, топтық жағдайда ғана орындалады. Біз екі тарапты да жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Ал көшеден тамақтануға келсек, ол әр адамның жеке гигенасына байланысты. Оқушыларға, студенттерге, көпшілікке де кез келген жерден әртүрлі тағам сатып алып жей бермеңіздер деп ескертіп жүрміз. Қазіргі кезде қаланың кез келген жерінде әртүрлі тағам өнімдерін кез келген адам сата береді. Мысалы, сүт, құрт, май сататындарға қойылатын талап: сиырыңыз ауру емес пе, сүтіңізді таза ыдысқа сауасыз ба, тазалық сақтайсыз ба деп сұраймыз. Малдарда кездесетін бруцеллез ауруы адамға жұқса, ол тіпті адамды бедеулікке, буын ауруларына дейін алып келеді. Сондықтан, әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Алыпсатарларға «алмаңдар, сатпаңдар», тұтынушыларға «сатып алмаңдар» демейміз. Тек саудагерлерге өз өнімдеріңізге кепілдік беріңіздер дейміз.
Ал өткен аптада сарқытқа қатысты қызу пікірталас тудырған мәселеге келсек...
Бәріміз сарқыт жеп өстік. Оған ешкім «жоқ» дей алмайды. Ол біздің дәстүр. Тек мұнда басты талап сол тағамды дайындайтын адамға қойылады. Мұнда тағам дайындайтын аспаздың сертификаты бар, ауру емес адам болуы мүмкін. Бірақ сарқытты, яғни, қалған тамақтарды мейрамханадан үйге апарам деген аралықта оған әлдебір микробтар түсуі мүмкін. Мысалы, тойда мен дәретханаға барамын да, қолымды жай жуа саламын. Сосын ет турай саламын. Демек, осы аралықта тағамға микроб түсуі мүмкін. Яғни, сарқыт тасыған адам сонымен қатар микроб тасушы болуы да мүмкін. Оны өзі де білмей қалады.
Оразаның алдында да имамдарға ескерттік. Біз оразаға, ауызашарға қарсы емеспіз. Бірақ аспаздарға, ауызашар беретін жандарға талап қойып, барынша тазалық сақтауларын қадағалаңыздар деп ескерттік. Тағам әзірлейтін, ыдыс жуатын адамдарға да ескерту керек. Яғни, біздің мақсат – ескерту. Мысалы, былтыр ауызашар кезінде тағамнан ауырып қалған адамдар болды. Биыл ондай жағдай тіркелмеді.
Халықтың екпеге деген көзқарасы
Жалпы халықтың екпеге деген көзқарасы әртүрлі. Елімізде екпеден бас тартатындар баршылық. Бұл жағдай дүниежүзілік деңгейде үлкен мәселе ретінде тіркелді. Яғни, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша екпеден бас тартып келеді. Қазақстанда батыс өңірде екпеден бас тартатындар көп.
Міне, жаз басталды. Енді көптеген ата-ана балаларын шетелге оқуға жібергісі келеді. Бірақ шетелдің талабы – бала міндетті түрде екпе алуы тиіс. Яғни, қызылша, туберкулез сынды аурулардан міндетті екпе алуы тиіс. Сөйтіп, ата-ана қиын жағдайға тап болады. Сондықтан, баланы кішкентай кезінде алуы тиіс екпелерін уақытылы алып жүруге кеңес береміз.
Тұмау туралы, жүкті әйелдерге салынатын екпе туралы
Ал тұмауға келсек, ол ауа тамшылары арқылы жұғатын вирустық жұқпа. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында өрши түседі. Сол айларда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, қоғамдық ортаға бармаңыз, бару қажет болса, бетперде киіңіз деп ескертеміз. Вирустық жұқпаның таралуының белгілі бір деңгейі болады. Егер деңгейден асып бара жатса, мысалы, мерекелік шараларды өткізбей тұра тұрыңдар, жиналыс жасамай қоя тұрыңдар деп ескертеміз. Мысалы, бөлмені жиі желдетіп алыңыз дейміз.
Жиі ауыратын, иммундық жүйесі әлсіз адамдарға мемлекет арнайы тегін екпе бөледі. Тұмаудан барынша сақтанудың ең тиімді жолы – екпе. Эпидемиялық маусым өршіген кезде «екпе алайын» деушілер болады. Бірақ ол мүмкін емес. Себебі, екпенің де өз уақыты бар. Мысалы, қазан айынан бастап екпесаламыз. Әсіресе, жүкті әйелдердің екінші, үшінші кезеңінде тұмаудан екпе алуға кеңес береміз.
Аяғы ауыр әйелдерге салынатын тұмауға қарсы екпеден балаға еш зиян жоқ. Қайта керісінше, анасын да, баласын да аурудан қорғайды.
Жүкті әйелдерге тек тұмауға қарсы екпе ғана егіледі. Басқа екпелер егілмейді. Ал егер жүкті әйел тұмау екпесінен бас тартқан жағдайда қоғамдық ортаға бармаңыз, иммунитетіңізді көтеріңіз, құнарлы тағам жеңіз деп кеңес береміз.
Тұмаудан дәрі-дәрмектен бөлек қарапайым жолмен қалай қорғануға болады?
Тұмаудан екпеден тыс қарапайым жолмен қорғану ол – қолды жиі жуып жүру. Мысалы, мен ауырып тұрып түшкіремін, түшкіргенде қолыммен аузымды жабамын да, сосын барып есікті ашамын немесе тағы бір зат ұстаймын. Сөйтіп, өзге біреуге жұқтырамын. Сондықтан ең басты қорғану тәсілі ол – қол тазалығы. Егер ауырып тұрсаңыз, өзгеге жұқпасын десеңіз, бетперде киіп жүріңіз. Тағы бір қарапайым түрлері серуендеу, құнарлы тамақтану.
Тұмауды үй жағдайында емдеу
Жүкті әйелдер, егде жастағыларға, балаларға тұмаудың әсері тым күшті. Жеңіл ауру сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осы аталған адамдарға тұмау тисе, тез қозып кету ықтималдығы тым жоғары. Үй жағдайында емделуге болады, бірақ дәрігердің кеңесі міндетті түрде керек.
Қыстағы тұмаудың, жаздағы тұмаудан айырмашылығы
Жазда көп тұмаумен ауырғандар тіркелмейді. Тіркелген жағдайда ол сырт жақтан келді деген сөз. Ондай жағдайда вирусты зерттейміз. Қандай вирус, қайдан келген, емі қандай болуы мүмкін дегенді іздестіреміз, шара қолданамыз. Сол адамды жіті бақылауға алып, толықтай емделіп шығуын қадағалаймыз. Егер шет жақтан ауырып келген болса, ол адам ұшақтан түскен бойда ауруханаға жеткізіледі. Әуежайда адам дене қызуын тексеретін арнайы құрылғы бар. Егер адамның дене қызуы көтеріліп тұрса немесе шетелден белгілі бір аурумен ауырып келе жатыр деп ескертілсе, ұшақтан түскен бойда тиісті шаралар қолданамыз.
Тұмауды халық емімен емдеу
Тұмаумен немесе басқа аурумен емделу кезінде табиғи өнім, мысалы, қымыз, шұбатпен, биобелсенді қоспалармен емделуге қарсылығымыз жоқ. Оның да пайдасы бар. Адамның имммундық жүйесін көтереді. Жалпы күш-қуатын арттырады. Алайда, өзіңіз сенім артатын жақсы бір дәрігерге тұрақты түрде қаралып, кеңес алып тұрғаныңыз абзал.
Пікір қалдыру