Мұхамеджан Тазабек: Біз Ринатты сақтауымыз керек...

/image/2019/06/12/52925193_358851271389932_6473433713522067775_n.jpg

Бірден басын ашып айтайын, Ринатпен шәй дескен жеріміз жоқ. Жүздескен күннен бері сәлеміміз түзу, бетіміз ашық. Балғынбек екеуінің орысша айтысын талай тіл түсінбейтін дүбәраларға тыңдатып, қазақ өнерінің үздіктері ретінде насиxаттаған да кезім көп. Қасиетті Мекке, Мадинаға да өзім бас боп ертіп апарып, зәм-зәмды бұлағынан ішіп, киелі жерде иіліп намаз оқып, сиынып дұға қылуына да ағалық жолымды жасағам. Ұлы сапардан қайтарда, інілік ізетпен раxметін айтып, ризашылығын да білдірген. 

Өткенде, "Айтыстар" кітабымның тұсаукесеріне арнайы кеп, құттықтап кеткенде де қуанып қалғаным есімде. 

Әркімнің мінезі әртүрлі ғой, ұлтқа қызмет етудің формасында келіспейтін жерлеріміз жетерлік. Бірақ ол, жек көруге, жауласуға себеп емес. 
Біз Ринатты сақтауымыз керек. Кешелі-бері жаны ашып отырған жанды байқамадым. Бәрі пайдаланғысы келеді. Алдыға сап қойып, арқасынан қызықтап қарағысы келеді. Лап-лап етіп от боп тұрған ақынды, орманға қарай бағыттағысы келеді. Алаңға барса арқасын қоздырып, "алдандым" десе жүйкесін тоздырып, көптің емес, топтың мүддесіне пайдаланғысы келеді. Отты жырларымен 100 жылдықтың ақыны болатын адамды, эмоциясын қоздырып, 1 күндіктің бүлігіне итергісі келеді. Әйтпесе, Ринат не айтам десе айтыс саxынасы мен эфир мінбері ешуақытта есігін жапқан жоқ. Түсініксіз жер мен түсініксіз жандардың ортасынан ол тұғыр мың есе қолайлы екені бәрімізге белгілі. Қара ниетті адамдар неге мұнша көбейген. Жүрсін ағам көзімен көріпті, қызуы тасып, қисалаңдағандар да сонда жүр екен, бетін бүркеп, ниетін жасырғандар да, жан-жақтан кеп жатса керек. Екі ортаға біреу кеп от тастаса, кім кінәлі? Әрине, Ринатты көрсетеріне күмәнім жоқ. Сондықтан да, ақын бауырымыз "тарқаңдар да, тарқаңдар" деп зар иледі. "Ешкімнің қанын мойныма жүктегім келмейді" деді. 

Біз кеше, Мұстафа Өзтүрікке қорған бола алмағанбыз, Әбдісалан аға мен Бекзаттың өлімі де бізге сабақ болмаған сияқты... 
Ринатты да аяйын деп тұрған ешкім жоқ.

"...Әркімнің өз мақсаты керегінде" деп Абай айтқандай, әйтеуір, құзғын құлқын, құрбандық іздеген қоғам...

Ия, Зайтовтың өз ойы, өз пікірі бар. Алаңға бару да өз шешімі. Бірақ неге ағалық ақыл айтпаймыз. Неге асықпай алысқа барғанын қаламаймыз. Құлды бәрекелді өлтіреді. "Елім, жерім" деген жүрегі бар екен, неге оны сақтамасқа, неге оның Абайдай дана, Қазтуғандай қазына болғанын күтпеске. Кенесарының бауыры Наурызбайдың қызбалығынан қорқып, жанұшырғанындай жанашырлық қайда?! Қобыланды батырдың Тайбурылының 40 күндік кемдігі үшін жауға жібергісі келмеген Құртқаның қамкөңілдігі қанымызда жоқ па?! 

Ия, Ринат батыл сөйлейді. "Сіздер үшін жаным құрбан" деп жатыр... Жастығы шығар, жалыны шығар... Бірақ батырдың артында би тұрмаушы ма еді?! "Елге батыр құт емес, би құт" дегенді талай бәлені бастан өткерген бабаларымыз айтпап па еді?! Батыл-ақынның ақыл айтар абызы кім?! Топқа барар жері мен тоқтайтын жерін айтатын биі кім?! 

Абыз бен би болуға жарамасақ, ақынды алдыға салып, Алашты алаңдата бермейік. Алақтаған топ пен абақтының арасында құрбандыққа шалына беретіндей қазақтың қайсар ақыны көп емес...

Алаң алақтаған топ пен жалақтаған жасақтың жолығатын жері емес, балалардың балмұздақ жеп, ата-әжелер немелерелерін емін-еркін қыдыртатын жер.

Алла артық қылам деп, тыртық қылғаннан, еселеймін деп, есеміз кеткеннен сақтасын!

Дереккөз: Мұхамеджан Тазабектің Facebook парақшасынан алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар