Бразилия сериалдарын басып озып, қазiргi таңда көш басында тұрған – кәрiс пен түрiк және үзілмейтін, үздіктіре күттіретін үнді сериалдары. Негiзi, олардың (сериал иелерi) ойы, мақсаты – қазақтың (қазақтан басқа кiм көредi екен?) санасын улау ма, әлде өз тiршiлiктерiнен хабар берiп, өз мәдениеттерiн, салт-дәстүрлерiн осы бiр «тәсiлмен» көрсету ме? Әлде биліктің халық санасын басқа жолмен улап, "өспесін, өшсін", мемлекеттік проблемаларға бас қатырғанша, болмайтын, өмірі таусылмайтын, режиссерінен басқа ешқашан ешкім шешіп бере алмайтын шетелдің отбасылық проблемаларын бас қатырып отырсын, халықтың санасы, деңгейі, білімі өспесін, білімге емес сериалға уақыт жұмсап, өмірлерін босқа өткізсін деген "жасырын басқару құралы" ма?
Бiз, қазақтар, өмiр-жолынан талай тайып, сан мәрте сүрiнiп-жығылып, қайта тұрғанбыз. Өмiр-өзеннiң дауылына төтеп берiп, Тәуелсiздiк аралына ата-баба арманымен, батырлардың күшiмен, көк бөрiге тән өжеттiгiмiзбен, қырандай қырағылығымызбен, барыстай батылдығымызбен жеткенбiз! Өмiр-кiтапқа өзге жаза алмаған тарихты жазып, өзге оқи алмаған жазбаны оқыған ерекпiз! Бiз жасынның жарқылынан қорықпайтын, селге ақпайтын, теңiзге батпайтын, күнге күймейтiн, құзға құламайтын, тұғыры тау шыңының шынарына салған қыран ұясындай биiк, асқақ, жiгерлi елмiз Жаратқан бiздi солай жаратқан!
Сонда сол сериалдар арқылы бiздi өмiрдiң ащы дәмiн татпады, отбасы күйреуiн, отбасы бақытын көрмедi, ақшаға құнығудың, өгейлiктiң, жетiмдiктiң, аурудың қасiретiн, арамның айласы асып, адалдың ары тапталғанын, болмашы бiреу үшiн арманның аяқасты болып, үмiттiң үзiлуiнiң не екенiн бiлмейдi демекшi ме? Бiз олардан зорғысын көргенбiз! Көргенбiз де, көнгенбiз! Сонау «қалмақ қырғаннан», сүйекке терi ғана қапталған аштықтан, желдi Желтоқсаннан...тағысын-тағы аман өтiп, Тәуелсiздiктiң туын еркiн желбiретiп келе жатқан мұңы бiр төбе, жыры бiр төбе, жеткен жетiстiктерi, асқан асулары бiр төбе болған азат елмiз! Сол сағызша созылған сериалдардағы ойдан шығарылған көрiнiстердi бiз өз басымыздан өткергенбiз!
Ымырт кiре көк экранға таласу басталады (бiр кiсi айтқандай: «Ол телевизор емес, ол – тiрi безер». Рас, ол тiрi безер...). Сен көрмейтiндi мен көремiн, мен көрмейтiндi сен көресiң... Қазақтың өзге шаруасы аздай, ендi қалғаны түрiктiң күйреген отбасы үшiн күйзелiп, кәрiстермен қосыла жылап, «мылжың» мексикандықтармен қосыла күлiп, баспалдақтан екі күн түсіп, актері жоқтай бір адам екі адам болып ойнап басты қатыратын, өлді дегені тіріліп, соқыры көріп, есалаңы ес жиып, немересімен бірдей болып көрінетін не бір қартаймайтын сайқымазақ әртістеріне толы, түкке тұрғысыз мәселені айлап шешіп, тұмсық астындағыны көрмейтін, сананы бітеп, көзді тұмшалайтын үнді сериалдарына арбалып, өз жоғын жоқтамай, өз тігісін тікпей, өзгенің ойдан құралған өміріне өкініп, онсыз да мүжiлген көңiлдi одан ары болмашы көрiнiстермен мүжу...басталады, жалғасады, бітпейді...
Тағы бір айтпағым, әлгi «жарнама» дейтiн нәрсе. Кезiнде, бiз оқушы болған шақта, сол бiр «дүние» көп-ақ едi. Көптiгi сонша, «жарнама көрейiн десең, сериалдарын жылт-жылт еткiзiп қайта-қайта көрсете бередi» дейтiн көрермен қауым. Сол жарнама атаулының өзi жақсы ма едi деп қалдым. Кезiнде соны бекер көп көрсетпесе керек...
Әне, әне, келе жатыр, қазiр, қазiр... сериалдың дәл «әлдекiмдер» күткен жерi. Бәлкiм, режиссердың «айтпақ ойы», киноның «түйiнi», бiреулер үшiн сериалдың «қызығы» да сол болар?! Келе жатыр, әнекей, сериалдың, һәм, киноның «ұятты» жерi... Қап, жарнама! Көрiнiстiң жалғасынан бұрын «жүгiрiп» кеткен «ойымызды» ақыл сезiп қойып, қызу майданға түстi ар мен ұят... Жарнама бiттi, дәл «сол» жерi де өтiп кеттi (қалжыңсүйерлер: «бұл сәттi өздерi көрiп алып, бiзге жарнама көрсетiп қойды» дер). Көрiп «көзайым» болар сәттен айырған «ей, қу жарнама»!
Ол (жарнама), негiзi, жақсы едi! Ол – ақылды едi! Оны дер кезiнде жiберiп отыратын көк экранның арғы бетiндегi ағай-апайлар, тiптен жақсы едi! Ол дәл керек кезде пайда болып, адамның ұятын ой-қапастан жұлып алатын едi, ол сериалға сән беретiн едi... ол... ол... негiзi... ол керек едi!
Көптiң қалауымен, тынымсыз шалынған қоңыраулардың әсерiмен жарнама жойылды. Әлгiндей сәттердi көру мүмкiндiгi көбейдi! Тiптен, арасында жарнама берiлiп жатса да, дәл сондай бiр «мәндi» жерлерiн тоқтатып қойып, жарнама бiткен соң қайта қосады. Ал, бұрын, «ол жерлердi» өткiзiп жiберетiн.
Бала-шаға үлкендермен жағаласып көретiн. Арасында жарнамасы аз қаптаған сериалдардың «сондай» жерлерiне келгенде ұяты бар, тәрбиесi мол кейбiр кiшкентайлар көзiн жұмғандай болады. Көзiн жұмғасын көрмейдi деп ойлайтын үлкендер, бала-шағада да құлақ барын ұмытты...
Жоқ емес, қазір де жарнаманы көп көрсететін телеарналар бар. Бірақ олар жарнаманы дәл қайсы кезде көрсету керек екендігін білмесе керек. Ұятты фильм, сериалдарда көрсетпей, жаңалықтардың, әлдебір жап-жақсы бағдарламалардың арасына жарнама қосып қоятынына не деуге болады енді...
Отанның отбасынан басталатыны сияқты, бала болашағы «ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледiге» тiкелей байланысты. Үлкендердiң бiрдеңе сұрап бiлгiсi келiп былдырлап мойнына асылған баласына «мыжыма» дүниенi тәптiштеп түсiндiрiп жатар уақыт жоқ. Олар өте қарбалас. «Сол баяғы бала қамымен шапқылап шалдығып жүрмiз»... дейдi-ау... Сылтау. Адам адамның, көңiлдiң құнын бiлсе, ағып бара жатқан уақыттың, зымырап бара жатқан өмiрдiң бiр сәттiк, қас-қағым мезетiнде де әр нәрсеге уақыт таба алады.
Отбасынан көрген тәрбие сүйекке бiткен таңбадай ғұмыр бойына сақталып, баланың қалыптасуына өз әсерiн тигiзерi сөзсiз. Сол тәрбиеге көк экранның «көмегi» де көптеп тиiп жатыр-ау... шамасы...
Н.ғ. ...отандық сериалдарға аса сұраныс жоқтығына дәл сол өзге елдің сериалдары 100 пайыз кінәлі!!!
Пікір қалдыру