Елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге әртүрлі саланың қоғам қайраткерлері өзіндік ойларын, пікірлерін ашық жазып, жариялап жүр. Ақын Қалқаман Сарин де өзінің фейсбуктегі парақшасында елімізде болып жатқан жағдайларға қатысты өзіндік пікірін білдірген екен деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Осы әлеуметтік желіде бүгінгі билікті сынаушылардың да, жақтаушылардың да пікірін оқып отырамын. «Сенікі де дұрыс, сенікі де жөн» деп қоя салуға болатын еді. Бірақ, мен де өз елімді, ұлтымды, тілімді шексіз сүйетін адаммын. Жалпы мен саясатқа араласа бермейтіндердің қатарынанмын. Ақын-жазушы халықтың рухани тәрбиешісі деп, тек қана шығармашылықпен жүрген адаммын. Бірақ, ел бірлігі мен тыныштығына қатысты мәселеде саясаткер немесе тарихшы болу міндетті емес деп ойлаймын. Сол себепті, сайлаудан кейін, асықпай отырып өз ойымды білдіруді жөн көрдім. «Өз сөзім, өзімдікі» жақтырсаңыз өзіңіз білесіз, жақтырмауға да хақыңыз бар.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген. «Сын болсын, бірақ, шын болсын». Орынды сын болса, ол қабылданады, тиісті іс-шаралар атқарылады, атқарылып та жатқанын көріп отырмыз. Байқаймын, кейбір азаматтар тым артық кетіп, тіпті, жеке басқа тиісіп жатыр, оны да осы желіден баршаңыз көріп отырсыздар. Сөйте отырып, «Бізде демократия жоқ, сөз бостандығы жоқ» дейді. Егер расында солай болса, тіпті осы желіге артық сөз жаза алар ма еді?
«Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сынның айтылғаны дұрыс. Ал егер сынның өзі сын көтермей тұрса ше? Біреуді сынардан бұрын өзіміз не істедік, тым болмаса өз тұрмысымызды, туысымыздың жағдайын, ағайынның, ауылдастың тіршілігін түзету үшін не істедік? - деп сұрақ қойсақ болар еді, өзімізге.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында екінші Президентті сайлап отырмыз. Сайлауға дейінгі қызметін қосып есептегенде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеніне әлі 100 күн де толмапты. Яғни, әлі тіпті, қолға алған жұмыстарының алғашқы нәтижелері де шығып үлгерген жоқ.
Жақында Президентті Ұлықтау рәсіміндегі сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы былай деп бастады: «Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді:
Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!
Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін.
Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету».
Президент «Қоғамда қордаланған кез келген мәселеге қатысты ұсыныс енгізіңіздер, қарастырамыз, бірлесіп шешім қабылдаймыз», деп отыр.
Мемлекет басшысы бұл сөзін Ұлықтау рәсімінің ертеңінде отандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында тағы айтты. Бұл осы әлеуметтік желіде және жарияланып жатты. Одан кейін іле-шала еуропалық «Euronews» телеарнасына берген сұхбатын да көрдік. Ең басты ұстанымы ашықтық екенін айтып отыр.
Президенттің қызметіне кірісе салып алғашқы қол қойған Жарлықтарының бірі – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы қадамдарымен өзінің БАҚ үшін де, жалпы қоғам үшін де диалог құруға ашық екенін білдіріп отыр деп ойлаймын.
Осы қадамдар ашықтыққа дәлел емес пе?
Айта кететін тағы бір мәселе, егер Ұлықтау рәсіміндегі Президенттің сөзін мұқият тыңдасаңыздар, ол бүгінгі қоғамда қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды, қиыншылықтарды ашық айтып берді. Яғни, «жауырды жаба тоқып» отырған жоқ. Проблемалардың бар екенін, тіпті, халық тұрмысының нашарлағанына дейін ашық айтып отыр. Басқа қай елдің басшысы ресми қызметке кіріскенде қоғамның проблемасын ашық көрсетіп еді? Көп жағдайда алдағы 5 жылда атқаратын шаруаға уәде беріп, проблемалардың үстімен өте шығатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев олай етпеді. Неге? Өйткені, елдің басындағы тауқыметтен, қордаланған көп жылғы проблемалардан, ауылдың тозып, ағайынның азып кеткенінен, кәсіпорындардың тұралап тынысын аша алмай тұрғанынан, ел тізгінін енді ғана қолына алып отырған Президенттің хабардар екенін халық білсін деп отыр.
Сөйтіп, енді осы тығырықтан шығудың 10 бағытын айқындап, атқарушы билікке алдағы 5 жылда қан-сорпа жұмыс тұрғанын анық аңғартты.
Сол сияқты жемқорлықпен күрес мәселесі. Білесіздер, бұған дейін мемлекеттік қызмет пен жемқорлықпен күрес мекемелері бір шаңырақтың астында еді. Енді жемқорлықпен ымырасыз соғыстың басталғанын айғақтағандай өз алдына бөлек орган құрылды. Кәсіби мамандар шоғырландырылып, тиісті заңнамалармен бекітіліп жатыр. Бұл майданда енді ешқандай аяушылық, бармақ басты, көз қысты тірліктің болмайтынын көрсетпей ме?!
Бұдан артық не керек?! Кеткен президент те ұнамайды, келгені де жаман деп отырсақ, сырттан бізге біреу жақсысын әкеп бере ме? 70 жылдан астам басқалар басқарды ғой, ол құқайды да көріп едік қой. Енді өзімізді өзіміз бағалайықшы, ағайын!
Жалпы, расында осы ел үшін, ұлт үшін жаны ауырып жүргендер болса, өз ұсыныстарыңызды заңды жолмен енгізіп, кетеуі кеткен дүние болса бірге түзетуге, қоғамда, өзіміз жүрген ортада әділдікті бірге орнатуға ұмтылайық та, ағайын!
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген.
Бірігуге шақырамын! Алаш баласы, көк тудың астына бірігейік!" делінген жазбада.
Пікір қалдыру