Жоғары Сот төрағасы Жақып Асанов кеше әріптестеріне үндеу жариялады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Құрметті әріптестер!
Былтыр Елбасының бастамасымен Ұлт жоспары шеңберінде Еуразия кеңістігінде екі орган құрылды:
- МФЦА соты
- Халықаралық Арбитраж Орталығы («МАЦ»).
МФЦА соты азаматтық және коммерциялық даулар бойынша ағылшындық жалпы құқықтың принциптеріне сүйенеді. Оның процессуалдық нормалары озық халықаралық тәжірибеге негізделген.
МАЦ тараптарға ережелерді, рәсімдерді, тіл мен арбитрлерді, соның ішінде МАЦ-тың құрамына ұсынылған арбитрлерді таңдау мәселесінде барынша икемді.
Бұл органдардың артықшылығы неде?
Біріншіден, біздің және шетелдік кәсіпкерлер жоғары стандарттар бойынша жұмыс істейтін 9 беделді судьяға және үлкен абыройға ие халықаралық арбитрларға жүгіне алады.
Яғни, тараптар МФЦА және МАЦ юрисдикциясын пайдалану жөнінде жазбаша келісімге келсе, бұл органдар қылмыстық және әкімшілік істерден бөлек кез-келген шаруашылық дауды қарай алады.
Екіншіден, МФЦА соты «eJustice» деп аталатын өтініштерді қабылдау жүйесі мен шағын дауларды ($150 000 дейін) жеделдетілген тәртіппен қараудың рәсімін енгізді. Даулар тек тиімді емес, сонымен бірге тез қаралады. Бүкіл процесті онлайн көруге болады.
Үшіншіден, 2021 жылдың соңына дейін МФЦА соты мен МАЦ ешқандай баж алмайды. Яғни, істер сапалы және тез ғана емес, сонымен қатар тегін қаралады.
МФЦА соты тәуелсіз және отандық сот жүйесінен алшақ. Солай болса да арамызда біз оның тиімді жұмысына мүдделіміз, себебі бұл экономикамыздың инвестициялық тартымдылығына әсер етеді.
А.ж. 25 сәуірінде МФЦА соты алғашқы ісін қарады. Қаулысы қоса тіркеліп отыр. Осыған дейін еш жерде жария етілген емес. Қаулыны үлкен қызығушылықпен оқып, ой бөлісесіздер деген ойдамын.
Біз МФЦА соты мен МАЦ-қа ағылшындық жалпы құқық шеңберінде шешілетін істер барынша көп берілгенін қалаймыз.
Сингапур, Гонконг, Ньй-Йорк, Лондонның қаржы орталықтарының моделі ағылшындық жалпы құқықтың нәтижелі жұмысының жақсы мысалы. Бүкіл әлемдегі сот қауымы соларға қарап бой түзейді. Олардың жұмысы біздің судьяларға да жақсы үлгі болар еді.
Барлық судьяларды МФЦА соты мен МАЦ-қа жүгіну құқығын түсіндіруге шақырамын. Олардың артықшылығын істі дайындаудың алғашқы кезеңінде-ақ бизнес өкілдеріне жеткізген жөн. Бұл халықаралық компаниялармен дауы бар тараптар үшін ерекше маңызды.
Тараптар арызын Қазақстанның жергілікті сотына беріп қойса да МФЦА мен МАЦ-қа қаралуға болады. Ол үшін арасында келісім болса жеткілікті.
Бұл шаралар елімізде инвесторлар мен кәсіпкерліктің дамуы үшін қолайлы құқықтық жағдай туғызары сөзсіз.
Құрметпен,
Ж. Асанов",- делінген үндеуде.
Пікір қалдыру