Қос биліктен туындаған саяси шиеленіс қайда алып барады?

/image/2019/07/07/crop-10_20_354x472_153739847000.jpg

Қос биліктен туындаған саяси шиеленіс қайда алып барады?

Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен президенттіктен бас тартқанымен биліктен бас тартпағаны баршаға аян. Ол ҚР Конституциясын өрескел бұза отырып өз Парламентіне   Қазақстан билігін өмір бойы уысынан шығармауға мүмкіндік беретін бірнеше заңдар шығартып алды. Оның билігін ұстап тұрған негізгі күштердің бірі — ҚР Қауіпсіздік кеңесі, екіншісі- "Нұр Отан" партиясы. Ал Елбасы өмір бойы басқаратын Қазақстан халқы ассамблеясының саяси салмағы айтарлықтай емес. 

Конституцияны бұзу  мәселесіне келетін болсақ, ҚР Конституциясының 40-бабының 1- тармағы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің басшысы және Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

ҚР Конституциясының 44-бабының 1-абзацының 20- тармақшасына сәйкес ҚР Президенті Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады. Демек, ҚР Қауіпсіздік кеңесі Конституция бойынша консультативтік-кеңесші орган.

Соған қарамастан ҚР "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңесті өмір бойы басқарады. Ең сорақысы Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқаратын ҚР Қауіпсіздік кеңесінің құрамына ҚР Президенті, ҚР Парламент Сенатының және Мәжілісінің төрағалары,  ҚР Премьер-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, ҚР Бас прокуроры, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ҚР Сыртқы істер министрі, ҚР Қорғаныс министрі, ҚР Ішкі істер министрі, ҚР "Сырбар" сыртқы барлау қызметі және басқалар кіреді. Былайша айтқанда аталған заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап барлық билік тармақтары мен күштік құрылымдар басшыларына өз бұйрығын орындата алады.

ҚР Конституциясы бойынша мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға — ҚР Президенті, яғни Қасым-Жомарт Тоқаев болса, ҚР "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңы бойынша Қазақстандағы ең жоғары лауазымды тұлға — ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, яғни Нұрсұлтан Назарбаев болып шығады. 

Ал Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқаратын "Нұр Отан" партиясы тек ҚР Парламентінде зор басымдылыққа ие ғана емес, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлап, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр.

Бұдан шығатын қорытынды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен бас тарту алдында заңсыз заңдар шығару арқылы ҚР Президентінің конституциялық құқықтары мен мәртебелеріне қол сұқты. Ол осы әрекетімен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол-аяғын толықтай байлап-матап, қандай да бір әрекетке бара алмайтындай етті. Осылайша Қазақстанда конституциялық құрылым бұзылып, қос билік орын алып отыр.

Қазіргі қалыптасқан қос биліктің орнауы еліміздің болашағына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Тарихқа көз жіберсек қос үкімет, қос биліктің ғұмыры ұзаққа созылған емес және халыққа берген пайдасы да шамалы. Қазақстандағы қос билік неғұрлым ұзақ тұрған сайын елдің, мемлекеттің, ұлттың болашағына соғұрлым қауіп төнуі мүмкін.

Ішкі саясат жағдайына келер болсақ, халықтың әлеуметтік жағдайы құлдырап, билікке деген наразылығы күшейе түсуде. Ал қос билік арасындағы шиеленіс дәл бүгін айқын көрініс таппағанымен алдағы уақытта, мүмкін, бірнеше айлардың ішінде кланаралық, ірі лауазымды тұлғалар аралық тайталасқа, бақталасқа алып баруы ғажап емес. Ол кезде билік басындағы кландар мен билік өкілдерінің халықтың жағдайын ойлап, қандай да бір саяси, экономикалық, яки әлеуметтік реформа жүргізуге мүмкіндігі не құлқы болмайды. Бұл жағдайда елдің ішкі тыныштығын сақтап тұру да мүмкін емес деген ойдамын.

Сыртқы саясатта, Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен Қытай елімен жақын қарым-қатынаста болуды көздейді, осы уақытқа дейін ол қытай мүддесіне жұмыс жасап келе жатқандай әсер қалдырады. Ресейдің ықпалынан да шыға алмайды. Ол билік құрған уақытта Қытай елінің Қазақстанға деген ықпалы, экспансиясы бәсеңдемейді.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай еліне емес, АҚШ-қа арқа сүйегісі келетінін бірнеше рет байқатты. Қазақстан АҚШ-қа жақындаған сайын Ресейден алыстайтыны да бар. Президенттің Ресей атом электр станциясын салу мәселесін халықпен ақылдасу сылтауымен кейінге қалдырғысы келгені де содан болса керек.

Бұл бір-біріне қарама қайшы екі ұстаным, екі мақсат алдағы уақытта Елбасы мен Президент арасындағы салқындыққа алып баруы мүмкін. Оның қаншалықты тереңдейтіні Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси ерік-жігері мен тәуекеліне байланысты. Егер ол "қуыршақ" президент қалпында қала бергісі келсе, әрине қатты қайырымға, саяси реформаларға бармайды. Онда Назарбаев-Мәсімов билігі үстемдік құрып, Қытайдың Қазақстанға ықпалы одан әрі күшейе береді, халық тұрмысы нашарлай береді.  

Ал егер Қасым-Жомарт Тоқаев әділетсіз сайлаудың нәтижесінде қол жеткізсе де президент ретінде өзінің конституциялық құқығы мен құзіретін пайдаланып, президенттік креслода ұзағырақ отырғысы келсе, нақты әрі батыл қадамдарға баруы керек.    

Президент Тоқаев халыққа бет бұра ма?

Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев "қуыршақ" президенттікті қанағат тұтып, батыл қадамға барғысы келмесе әңгіме қысқа. Ал егер ол өз қолына тиген билікті ұстап қалғысы келсе, ең алдымен халықтың сенімі мен қолдауына ие болуы тиіс-ақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін ұстап тұрушы негізгі тұлғалар Кәрім Мәсімов пен Қалмұхамбет Қасымов болса керек. Ал ҚР Қорғаныс министрі  Нұрлан Ермекбаевтың Кәрім Мәсімовтың ең сенімді адамы екені туралы осыған дейін де айтқанмын.

Парламент депутаттарының басым бөлігі мен қос палатаның басшыларын да Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясының құрамында екенін ескерсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағдайының қаншалықты күрделі екені айтпаса да түсінікті.

Десек те, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік креслода ұзағынақ отыруға дәмелі болса қандай нақты қадамға баруы тиіс?

Мәселен, ол Нұрсұлтан Назарбаев, Кәрім Мәсімов, Қалмұханбет Қасымовтарға төтеп беру үшін тек Қырымбек Көшербаевпен шектелмей, ең алдымен ұлттық құндылықтарға бей-жәй қарамайтын, батыстық Иманғали Тасмағамбетовпен, Арыс оқиғасында едәуір елдің ішін жылытқан оңтүстіктік Өмірзақ Шүкеевпен бірігуге әрекет етуі тиіс-ау деймін. Таразы басы президентке ауа бастаса биліктен зор дәмесі бар орталықтық Нұрлан Нығматуллин де оның командасына кіруі бек мүмкін.

Конституция бойынша ҚР Президенті өз жарлығымен кез-келген деңгейдегі кадр мәселесін шешуге құқылы. Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен Кәрім Мәсімовты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығынан алып тастай алады, тіпті Қауіпсіздік кеңесті де тарата алады. Ол үшін тек саяси ерік-жігер, тәуекелдік және қоғамның қолдауы керек.  

Иә, шынымен, халық сеніміне кіріп, қоғамның қолдауына ие болғысы келсе Қасым-Жомарт Тоқаев  халыққа қарай бет бұрып, әдемі сөзбен халықты алдауға емес,  "мен реформатормын",- деп өзі айтқандай шынайы саяси реформа жасауы тиіс.

Саяси реформа неден басталуы керек?

Парламент депутаттары биліктің өзі құрып, өзі қолдап отыратын үш-төрт партияның өкілдерінен ғана құралатын болса, онда ешқандай өзгеріс те, реформа да болмайды. Парламентті тек қағазда ғана емес, өмірде де өкілді орган ретінде қалыптастырып, Президенттің хатшылығы деңгейінен халықтың үні дәрежесіне көтеру керек. Бұл үшін әрине ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілуі керек.    

Саяси реформаның басы ҚР "Саяси партиялар туралы", ҚР "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңдарын өзгертіп, халық қолдайтын жаңа партиялардың өмірге келуіне және ел қолдайтын,  халықтың үнін биік тұғырдан естіртетін, бұқара ішінен шыққан, оның сеніміне ие болған қоғам белсенділері мен қоғамдық көшбасшылардың бір мандаттық сайлау нәтижесінде Парламент төрінен орын алуына   жол ашуы тиіс.

ҚР "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңы өзгеріп, жергілікті әкімдерді, әсіресе ауыл мен аудан әкімдерін халық сайлайтын ету керек.

Халық өз наразылығын қуғын-сүргінсіз, қудалаусыз көшелерде, алаңдарда білдіруге мүмкіндік алғаны дұрыс. Былайша айтқанда саяси реформа сан салалы және көп сатылы болуы мүмкін. Ең бастысы  халық пен билік арасында шынайы диалог орнап, халық пікірімен, талабымен санасатын дәрежеге жетуі тиіс. Бұл тұста президент құрғысы келіп отырған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халыққа қарай бетбұрыстың алғашқы қадамы болуы мүмкін. Тек оның жұмысы халықтың көңілінен шығуы шарт. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамның сеніміне кіре ала ма?

Кеңестер одағының құрсауынан шығып, дербес ел болғалы бері де 6-7 кеңес құрылып, демократиялық жолға бастайды деген кеңестің де түк бітірмегенін ел ұмытқан жоқ. Егер бұл кеңес те Жер комиссиясының аяғын құшып, көз алдау болса бұқараның билікке деген сенімі емес, ызасының арта түсері анық. Онсыз да оты ойнап, қазаны қайнап, ашуын кімнен аларын білмей отырған халықты одан әрі ашындыра беру президентке керек емес, әрине.

Бұл тұста аты айтып тұрғандай аталған жиын шынымен қоғамның сеніміне ие болу үшін құрылған болса ең алдымен оның құрамына халықтың өзі ұсынған азаматтары кіруі тиіс. Екіншіден, ол халықтың талап-тілегін орындауға күш салғаны ләзім. Атап айтқанда саяси қуғын көріп, түрмеге жабылған азаматтарға бостандық беру кеңестің алғашқы жетістігі болар еді.

Жеке пікірім, ұстанымым бойынша билік басында Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов отырғанда ешқандай саяси реформа да, өзгеріс те болмақ емес. Ең бастысы ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге, оның ішінде қытай компанияларына, жеке тұлғаларына сату, жалға беру тоқталмақ емес. Қытай елінің экологияны бұзатын түрлі зауыттарының елімізге орын тебуі, кең етек жайған жемқорлық тоқталмақ емес. Бұл мемлекет үшін де, ұлт үшін де зор қауіп, орасан зауал.

Сондықтан, сол екеуін барлық басшылық лауазымнан алып, билікке, ел басқаруға ықпал ете алмайтындай ету үшін барлық әрекеттерге бару керек деп ойлаймын. Осы тұста егер президент Қасым-Жомарт Тоқаев шынымен халыққа бет бұрып, шынайы саяси реформа бастағысы келсе, оны істеу үшін  халыққа арқа сүйеуді мақсат етсе, халық оған қолдаушы, қорғаушы болуы тиіс деп есептеймін. Бірақ, оған президенттің тәуекелі жете ме, жоқ па белгісіз.      

"Алаш жолы" жалпыхалықтық қозғалысы қайда қозғалуы керек?

Шынымен де Қасым-Жомарт  Тоқаев халық сенімі үшін күресіп, шынайы саяси реформа жасауға бет бұрса, жоғарыда айтылғандай жаңа, ел сеніміне ие болатын саяси ұйымдар мен партиялар құрылуы тиіс.

Ел басына күн туып,  ұлт ретінде жойылу қаупі туған кезде ұлтшылдықтың кең өріс алып, ұлтты сақтап қалу үшін күрестің күшейе түсетіні, ұлтшылдықтың өркендеп, дамуы табиғи құбылыс.

Қазіргі уақытта қазақ ұлтының басына қара бұлт үйіріліп, қазақ тілі өгей тілге айналып, үш тілділік ұран болып жатқан кезде, жеріміз жаттың қолына кетіп, тұтастығына қауіп төнген кезде, ұлттық өнер, тәлім-тәрбие, мәдениет жойқын соққыға ұшырап, есін жимастай есеңгіреген кезде қазақ елінде ұлтшылдық дамуы тиіс.

Әрине, ол ұлтшылдық озбырлық, басқа ұлттарды кемсіту, төмендету үшін емес, өзінің табиғи болмысын, ұлттық мүддесі мен құндылығын сақтап қалу үшін жанталасқан, қорғанушы ұлтшылдықтың болатыны сөзсіз.

Осы тұста барлық ұлтшыл күштердің басын қосып, жалған, жағымпаз ұлтшылдардың емес, шынайы ұлт үшін, ұлт мүддесі үшін күресетін нағыз ұлтшыл күштердің басын біріктіру, бір ұйымға топтастырудың қажеттілігі туындап отыр.

Сонау 2013 жылы құрылған Қазақ ұлттық кеңесінің, 2016 жылы құрылған "Алаш жолы" жалпыхалықтық қозғалысының жалғасы ретінде "Алаш жолы" саяси партиясын құру мақсаты көптен көкейде жүр. 

"Алаш жолы" партиясы "Жерімізді сатпаймыз, тілімізді сақтаймыз!", "Ауылшаруашылық жерлер қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін!",- ұранымен Парламент төрінен орын алса қазіргі қалыптасқан жер мәселесін шешуге едәуір үлес қосар еді. 

Түйін

Қорыта келгенде, осы күнге дейін жер мәселесі шешілген жоқ. Қытай экспансиясы жалғасуда, зауыттары жерімізге келіп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Жемқорлық күн санап өршіп барады. Билік мемлекетті басқаруға дәрменсіз екенін көрсетті. Билік үшін таласқан шенеуніктер халық жайлы ойлайтын емес.

Халықтың шыдамы шегіне жетті.  Мақсатсыз, ұйымдастырушысыз, стихиялы көшеге шығып, митинг өткізудің нәтиже бермейтінін де білдік. Бұдан былай бұлайша өмір сүруге болмайтынын халық түсінді.

Тобықтай түйін, бүгінгі күні халықтың алдында да, биліктің алдында да екі жол, екі таңдау тұр.

Бірінші жол, билік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде тұрып, реформатор екенін көрсетіп, халыққа бет бұрып, шынайы реформалар жасайды. Оның алғашқы қадамы ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халық белсенділерінен құралып, халық үшін нақты жұмыс жасайды. Одан әрі сол кеңес ұсынған реформаларды, ұсыныстарды жүзеге асырады.

Ал халық өзі сенген өкілдерін аталған кеңеске ұсынып, оларға қолдау көрсетеді, нақты ұсынысын айтып, олардың ұлт мүддесі үшін жұмыс жасауын талап етеді. Бұл билік үшін де, халық үшін де шиеленіс, қақтығыссыз мәселені өркениетті шешудің жолы.

Екінші жол, Қасым-Жомарт Тоқаев "қуыршақ" президент болып қала береді. Халықтың мұң-зарын, талабын билік ескермейді, ешнәрсе өзгермейді. Ол кезде халық өз наразылығын, талабын алаңда көрсетеді. Ол кезде "қақтығыс болады, қан төгіледі",-деген уәж, сылтаулар жүрмейді. Ғасырлар бойы еркіндік пен жері үшін күресіп, қанын төгіп келе жатқан қазақ баласы аттандап алаңға шығады, өз талабын билікке орындатады.

Менің ойымша бұдан басқа жол жоқ. Ұлт мүддесі, ел болашағы үшін нақты қадам, нағыз әрекетке баратын кез келді деп есептеймін.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қай жолды таңдайтыны тамыз айында  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында белгілі болып қалады деп ойлаймын. Егер, ол "қуыршақ" президент болып қала беру жолын таңдаса, халық билік жүйесін күшпен өзгерту шараларын бастауға құқылы.

Мақсат Ілиясұлы, "Алаш жолы" жалпыхалықтық қозғалысының жетекшісі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар