«Көшпелі технологияға жүгіну – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де сырттан келетін технологияның көлеңкелі жақтары барын да ескеруіміз керек. Шетелдік технологияға жүгіну – технологиялық бодандыққа түсіруі мүмкін. Бұл жерде тағы бір ескеретін дүние – бірде-бір өркениетті мемлекет табысты ғылыми жетістіктерін, бетке ұстар жаңа технологиясын ешуақытта ешкімге сатпайды»,-дейді ғалым. Шетелдік технологияға жүгіну – технологиялық бодандыққа түсіруі мүмкін.
– Тоқтамыс Нүсіпқұлұлы, өзіңіз білесіз, қазірде біз елдегі өндіріс орындарын жандандыруға барынша күш салудамыз. Жалпы, біз бір қарағанда шикізат бұғауын бұзып, технологиялық өңдеу саласына бет бұрып жатқан тәріздіміз. Сіз маман ретінде осындай қадамдарға қандай баға берер едіңіз?
– Негізінде, мемлекет аумағында инновация экономикасын қалыптастыру, нығайту оңай шаруа емес. Инновация экономи касының негізі отандық ғылымның жетіс тіктеріне, оның қоғамдағы сұранысына тәуелді. Кейінгі он шақты жыл аралығында еліміз үшін бұл өте өзекті мәселе болып отыр.
Бүгінде шикізат экономикасынан келешегі кемелді отандық өндірісті жандандыруға мүмкіндік беретін инновациялық дамуға бетбұрыс жасау керек екендігі қаншама алқалы мәжілістерде күн тәртібінде тұрып, биліктің жоғары буынында осыған қатысты тиісті шешімдер қабылданды. Бірақ, өкінішке қарай, ресми статистика мәліметтері, күнделікті өмір көріністері және сырттан ағылып келіп жатқан бұйым дар легі әзірге экономикадағы ондай өзгерістерді білдірмейді. Керісінше, жыл өткен сайын республика бюджетінің негізін құрайтын мұнайды шетке сатудың көлемі ұлғайып, тасымалдаудың жаңа бағыттары ашылып жатыр. Шикізат экономикасының мемлекет дамуына тигізетін ең қауіпті кері әсері де бар. Мәселен, әр елде жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің бұлжытпас ғылыми дәлелдері шикізат экономикасы еңбек жасындағы халықтың тек 10-12 пайызын ғана жұмыспен қамтамасыз ететінін көрсетеді. Мұның салдары халықты өндірістен шеттетуге апарады. Ал өндірістен шеттетілген халық тұтастай рухани кедейшілікке, тоқырауға ұшырап, қоғамды әлеуметтік келеңсіздіктер жайлайды. Осыны ескерген біздің мемлекетіміз соңғы жылдары индустриалды-инновациялық жобаларға серпін беруге кірісті. Әйтсе де, менің ойымша, біздің елде бұл жобалардың орындалуын бақылау жағы кемшін. Міне, бұл ретте алды мен осы мәселе шешілуі тиіс деп ойлаймын.
– Қазір бізде инновациялық жобаларды орындау мақсатында шеттен келетін көшпелі технология ға жүгіну жағы басым. Қалай ойлайсыз, шетелдік технология қазақтың экономикалық, инновациялық әлеуетін көтеруге бейім бе?
– Көшпелі технологияға жүгіну – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де сырттан келетін технологияның көлеңкелі жақтары барын да ескеруіміз керек. Шетелдік технологияға жүгіну – технологиялық бодандыққа түсіруі мүмкін. Бұл жерде тағы бір ескеретін дүние – бірде-бір өркениетті мемлекет табысты ғылыми жетістіктерін, бетке ұстар жаңа технологиясын ешуақытта ешкімге сатпайды. Сондықтан сырттан келетін көшпелі технологияның көмегіне жүгіне беруден бізге сақтанған абзал. Бұл үрдіске иек арта берсек, біз күні ертең ескі технологиялардың мұражайына айналып, өмір бойы өзгелердің соңынан еріп қана отыруымыз мүмкін. Қазір біздің қоғамда «ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңа технологияны жасауға қаржы шығарудың қажеті қанша? Оның орнына шетелдік дайын технологияны сатып алып, өндіріс орындарын құрмаймыз ба?» деген кері тартпа пікірлер де бар. Ақиқатында мұндай таяз ой, жаңсақ пікірлерге қазір өмірдің өзі жауап бере бастады. Қыруар қаржы шығындап, шетелдік технологиямен өнім шығаратын өндіріс орындарын салтанатты түрде ашқан қайсыбір мекемелер жарты жыл өтер-өтпестен үнсіз жабылып қалған жайттар да кездеседі. Бұған себеп – шетелдік технология мен жергілікті шикізаттың үйлеспейтіні. Осыдан барып шығарған өнім сапасыз, сатылу қабілеті төмен, ішкі сұраныс мардымсыз. Егер бұл көріністің келешекте молынан орын алуы мүмкін екенін түсінсек, біз Қазақстан ғылымының аяғына тұсау болып, адымын аштырмай тұр ған бірнеше кедергіден үзілді- кесілді арылуымыз қажет.
– Мәселен, атап айтқанда, ол қандай кедергілер?
– Ең бастысы – Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан орын алған ғылымға деген немқұрайдылық. Бізге нағыз ғылым мен оның жұбы жазылмас серіктесіндей болып қалған жалған ғылымның ара-жігін ажырату керек.
Біріншісін қолдау қажет. Ал екіншісінің қоғамда өмір сүруін болдырмау ға тиіспіз. Бұған қатысты айтарым, әртүрлі саладағы әлемдік ғылымның даму бағыттарына, бағдарламаларына зер сала отырып, ғылыми қауымға, ғалымдарымыз ға нақты ғылыми жобаларға тапсырыс берілуі керек. Сонда өмірлік күші жоқ, бүгін де қаржыны жалмап жатқан жалған ғылым өзінен-өзі жоғалады.
– Мысал келтіре аласыз ба? Сіздің ойыңызша, нақ қазір біздің қоғамға қандай ғылыми жоба ауадай қажет?
– Бұл ретте айтарым, мәселен, біздің жерімізде қайтарымды табиғи қуат көздерінің өте үлкен қоры бар екені белгілі. Арзан, тиімді электр қуатын алуға болатын жерасты ыстық су көздерінің көлемі шартты отын түріне шаққанда, еліміздегі мұнай-газ қорларын қосып есептегендегі мөлшерден он есе көп. Енді бұған мәңгілік сарқылмас әзірге игерусіз жатқан жел, күн қуатын қоса беріңіз. Міне, ғалымдарға, тиісті Үкімет құрылымдарына 2022 жылға дейін еліміздің экономикасын қайтарымды қуат көздерін пайдалануға толық көшіру туралы нақты стратегиялық тапсырыс берілсе... Мұндай ғылыми жоба еліміздің экономикасына түбегейлі өзгерістер енгізіп, қуатты мемлекетке айналуымызға үлкен ықпал жасар еді. Екінші бір ғылыми жоба – жер қойнауын дағы қазба байлықтарды, жерасты таза су көздерін ықшамды, залалсыз игерудің жаңа әдістемелерін өмірге енгізу. Қазірде кен орындарында ежелден қолданылып келе жатқан дәстүрлі әдістер шахта, ашық карьерлердің жер қыртысына, жерасты су жүйелеріне тигізіп жатқан залалдарының өлшемі, есебі жоқ екені белгілі. Бұл әдістермен бір тонна қазба байлықты алу үшін шамамен жүз тонна бос тау жыныстарын қопарып, жер бетіне тасымалдауға тура келеді. Қаншама қуат, қаржы қайтарымсыз еңбекке жұмсалады. Осыған байланысты жер қойнауынан ұңғылау жүйесі арқылы тек қазба байлықтарды ғана алып шығатын технологияның негізін жасау жобасы қажет дер едім. Жобаның нәтижесі – өндірілетін қазба байлықтардың өзіндік құнының ондаған есе төмендеуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мұндай әдістер жер қойнауын сақтауға және оның бастапқы табиғи қалпына еш зиянын тигізбес еді. Меніңше, бұған қоса инновациялық жобалардың қатарына жел қуатын игеру және Алматы қаласының ауа кеңістігін зиянды қалдықтардан тазартуға арналған ұсыныстарды да жатқызуға болады. Мысалы, Алматының тау баурайында орналасқанын ескере отырып, қаланың ауа қабаттарының қозғалу заңдылықтарын, қысымын және қызуын зерттеп, таудан қалаға қарай жүргізілетін ауа қысымы жоғары және төмен алқаптарды жалғастыратын құбырлар жүйесін салуға болады. Сонда құбырдың екі басындағы ауа қысымының алшақтығы құбырда өте қуатты, тығыз, жылдамдығы үлкен, басқарылатын жасанды жел өзендерін туғызады да, құбырдың ішіне бойлай орналастырылған турбиналар тізбегінен электр қуатын алуға болады. Ал құбырдан шыққан аса екпінді жел өзендері Алматының ауа кеңістігін тазалауға бағытталған болар еді. Мұндай ғылыми жобаларды іске асыруға аса көп қаржының, уақыттың қажеті жоқ. Шамамен үш-төрт жыл жетеді.
– Сіз бұл ұсыныстарыңызды жоғарыға бағыттап айтып көрдіңіз бе? Неліктен, мұндай ұсыныстарыңыз ескерілмей жүр?
- Бұл ұсыныстар біраз жерде айтылды. Ескеретін нәрсе, ғылыми инновациялық жобаларды таңдау, қаржыландыру шаруаларында асығыс, таяз шешімдер қабылдап, науқаншылыққа ұрынуға болмайды. Бұдан бірнеше жыл бұрын ешбір кәсіби сараптамаларсыз ғарыш бағдарламасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен көп мөлшерде қаржы бөлінгені белгілі. Тек бүгінге дейін, бағдарламамен қандай жобалар жүзеге асырылғаны, нәтижелері және қаржының қалай жұмсалғаны белгісіз. Белгілісі – 60 миллион АҚШ долларына Ресейден сатып алынып, ғарыш кеңістігінде із қалдырмай жоғалып кеткен қазақстандық КАЗСАТ-1 жер серігі. Оған кім жауапты, ол жағы – тағы құпия. Міне, осындай салғырттыққа бой алдырмау үшін әр ғылыми жобаны жан-жақты зерттеп барып қаржыландырған жөн деп есептеймін.
– Өзіңіз білесіз, қазірде көптеген елдер нанотехнологияның қарымына жүгінуде. Сіз біздің осыған қатысты тындырып жатқан шаруаларымыз турасында не айтасыз?
– Нанотехнология зерттеулерімен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан аты әлемге әйгілі ғалымдардың пікірінше, нано технология дегеніміз – келешекте жеке атомдар мен молекулалардың адам қолымен үйлестірген жиынтығынан тұратын, тұрмыста белгісіз зат. Жиынтықтың ғылыми негізі, іске асырылу әдістері, қолданылатын аспап-саймандардың түрлері әзірге беймәлім. Орындалу уақыты туралы жалпылама болжамдар ғана айтылады.
Ал біз нанотехно логия болмысын анықтау үшін көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге сәйкес жабдықталған зертханаларымызбен мамандарымыздың жоқтығына қарамастан, бұл саладағы жетістіктеріміз жайында барша әлемге жар сала бастадық. Мұны өз тарапымнан дұрыс деп ойламаймын. Себебі өркениетті елдердің дені бұлай істемейді. Олар әбден саралап, жетістігіне көз жеткізіп барып жаңалықтарын бір-ақ жария етеді. Ал біз қылаң еткен дүниені жалпақ әлемге жайып саламыз...
– Сонда біз не істеуіміз керек? Ашылған жаңалықты жария етпесек, онда оның өзіндік құны неде болады?
– Елімізде ғылым салаларын, әсіресе оның қолданбалы түрін дамыту жолында алынбас қамалдай болып тұрған кедергі – отандық ғылым мен ішкі өндірістің арасын дағы байланыстың әлсіздігі. Жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкіндігінің төмендігі. Мұны сіз де, мен де білемін. Себебі еліміздегі ірі өндіріс, кен орында рының көпшілігі шетелдік компаниялардың еншісінде. Олар өз елдерінің мүддесін қорғау жолында және банктерден алынған несиенің келісімшарттарының баптары бойынша, инвестиция ретінде қаржы емес, өздерінде шығатын бұйымдарды әкелуге ынталы.
Мақсат – елдерінде жұмыс орындарын сақтау, алынатын салықты өздерінде қалдыру, сонымен бірге бұйымдардың баға сын жасанды түрде барынша жоғарылатып көрсету, шығындарын ұлғайту, сөйтіп түптің-түбінде өнім немесе пайда бөлісінде тиесілі үлес салмақтарын көбейту. Бұл орайда бізге де осы саясатты ұстану керек. Біз ашылған жаңалықты жариялауға емес, оны өндіріс орнына енгізуге, жаңалықтың үлес салмағын көбейтуге күш салуымыз керек. Өндіріске ене алмаған ғылымның өмірі ұзаққа бармайды. Бұл жерде осыны қатаң ескергеніміз абзал.
- Жалпы, қазірде «қоғамда жаңашыл инновациялық жобаларды қолданысқа енгізуге қайсыбір саяси-әлеуметтік жағдайлар да кедергі» деген пікірлер де бар. Сіз бұған қосыласыз ба?
– Қосылуға болады. Себебі бүгінде мемлекеттің мүддесі мен мемлекеттің атынан шешім қабылдайтын шенеуніктердің мүддесі қарама-қайшы келіп жататын құбылыстар кездеседі. Былайша айтқанда, мемлекетке тиімді жоба, шенеуніктерге тиімсіз болуы да мүмкін. Мысалы, тиісті орында отырған шенеунікке елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін екі жоба ұсынып көріңізші. Біріншісі, ескі тәсілмен он ұңғы бұрғылау керек. Екіншісі, жаңа әдіс, озық технологияны қолданып, бір ұңғы бұрғылап, елді мекенге қажетті көлемде суды беруге болады. Әрине, шенеунік шығыны он есе көп бірінші жобаны таңдайды. Өйткені оның жеке қалтасына түсетін табысы бір ұңғыға қарағанда әлдеқайда көп болады ғой.
– Өзіңізге белгілі, біз, негізінен, табысты шикізат көзінен көріп отырмыз. Ал қайсыбір халықаралық сарапшылар «уақыт өте келе шикізат көзінен түсетін табыс көлемі азаяды» деседі. Сіз ғалым ретінде бұл болжамға сенесіз бе?
– Рас, біздің республика бюджетіне сырттан келетін қаржының қомақты бөлігі мұнай, газ, уран сатудан түсіп жатқаны статистика мәліметтерінен белгілі. Бірақ әлемдегі қуат көздерін пайдалануды зерттейтін халықаралықорталықтардың болжамдарынша, көмірсутекті кен орындарының жершарындағы белгіленген қоры шартты отын есебінде 350 млрд тонна болса, оларды жылдық тұтыну көлемі 15 млрд тонна. Осыған орай «2025 жылдан әрі қарай, көмірсутекті қазба-байлықтардан өндірілетін қуатты пайдалануға бағытталған экономиканың келешегі бұлыңғыр» деген болжамдар айтылуда.
Бұған қатысты айтарым, біз үшін ұлттық қауіпсіздігіміздің, егемен ел ретінде сақталуымыздың бірден бір кепілі – инновация экономикасы. Оның негізі –берері мол. Сондықтан біз болашақта отандық ғылымның жолында тұрған жоғарыда аталған кедергілерді жоюымыз керек. Онсыз қоғамда оң өзгерістербола қоймайды.
Сұхбаттасқан: Қарлығаш Зарыққанқызы
Пікір қалдыру