Отандық кинотүсірушілер қанша табыс табады?

/image/2019/08/20/crop-215_195_853x1137_dede163410a81030c8c7532211ebf1d3.jpg

Белгілі бір шарттарды дұрыс қолданып, тәуекелді төмендетсе, кино түсіру саласына инвестиция құю арқылы жоғары табысқа жетуге болады, дейді "Анаға апарар жол", "Елбасы жолы" сынды көптеген фильмдердің продюсер Ернар Құрмашев "Капитал.kz"-ке берген сұқбатында.

Оның айтуынша, бұрындары "Қазақфильм" жылына бір-екі жоба ғана түсірсе, қазір жеке инвестициялар есебінен тәуелсіз продюсерлердің көптеген кинокартиналары жарық көруде. Сондықтан кинотеатрлардың жұмысын ретке келтіретін жүйені құру өзекті болып отыр. Мысалы, көршілес Ресейде бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Арнайы бағдарлама кинотеатр жұмысының мөлдірлігін қамтамасыз етеді. Осының арқасында Ресей кинотеатрлар нарығы 99 пайызға ашық. Бұл ресейлік киноиндустияның дамуына айтарлықтай үлесін тигізді.

Қазақстанда бұл саладағы алғашқы қадамдар енді қолға алынуда. 2019 жылдың басында Кино тура заң қабылданды. Заң электрондық билет сату жүйесін енгізуге міндеттейді. Жүйе енгізілген күн киноөндірушілер үшін тағдыршешті сәт болмақ. Өйткені фильм прокатта нақты қанша жинағанын білуге жол ашылады. Сонда киножобаларға инвестиция салу үлкен тәуекел тудырмайды.

"Бүгінде отандық фильмдер прокатта ең көп дегенде $500 мың мен $1 млн қаржы табады. Барлық түсірілген фильдердің арасында табыстылары 15-20 пайызды құрайды. Фильм тапқан 500 мың доллардың 250 мың долларын кинотеатрға береді. Қалған 250 мың доллардың 5-7 пайызын дистрибьютор алады, өндірушіде қалғаны $230. 30 мың долларға жуық қаражат маркетингке кетеді. Бізде сонда тура 200 мың доллар қалады. Сондықтан шығынға ұшырамас үшін фильм бюджетін осы сомадан асыра алмаймыз. Бұндай бюджетпен сапалы компьютерлік графикамен фэнтези немесе атыс-шабыс фильмін түсіре алмайсың. Бұл жанрлардың Қазақстанда кенжелеп жатқаны содан. Жаңағы ақша комедия мен драма түсіруге ғана жетеді" – дейді ол.

Продюсер отандық киноиндустриядағы жүйелік мәселелер шешілсе, 5-10 жылда фильмдер 5 млн доллардан астам қаржы жинауы мүмкін деген пікірде. 18 млн тұрғыны бар нарық әлеуеті $15-20 млн-ды құрайды. Ол үшін кинотеатр бизнесін мөлдір етіп, аймақтарда жаңа кинотеатрлар салу қажет. Субсидия мен квота бөлінуі тиіс.

"Меніңше Қазақстанда кинотеатрлар көп болуы керек. Қазіргідей 280 зал емес, кемі 700 зал болғаны дұрыс" – дейді Ернар Құрмашев.

Рүстем Масаков

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар