Қазақстанның бес аймағының халқы 1,5 миллионға кемиді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты еңбек ресурстарын дамыту орталығы хабарлады. Олардың болжамына сай, керісінше мұнайлы өлкелерде халық 1,36 миллионға артады. Осылайша,Қазақстанда бұрын-соңды болмаған демографиялық теңсіздік пайда болуы мүмкін. Сонымен, бестікке кірген аумақтар қандай?
Соңғы 3 жылда Қазақстанды тастап кеткен адамдардың саны 115 мыңнан асып жығылады. Оның ішінде 40 мыңға жуығы 16-жастан асқандар екен.
Халыққа қатысты маңызды мәселлеерді зерттеп отырған орталықтың маманы Дмитрий Шумеков зерттеу нәтижелері қуанарлық еместігін айтады. Өйткені, бүгінде шетел асып кетіп жатқандар артып келеді. Оның үстіне, "кеткендердің ойсыраған орны 5 аймақта айқын сезіледі" - дейді ол.
"Халықтың өсу динамикасы біркелкі емес. Облыстарда жұрттың көбею көрсеткіші тұрақты түрде өсіп жатқан жоқ. Сондықтан, 5 облыста 1,3 миллионға жуық адам азаюуы қатері бар. Атап өтсем, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында адам саны бірінші жартыжылдықта ғана 8,3 мыңға кеміген. Келгендерден қарағанда кеткендер 21,4 мыңға көп. Көшіп жатқандардың көбі 20-30 жастағылар болғандықтан, табиғи өсу деңгейі одан әрі төмендеуі мүмкін", - дейді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ маманы Дмитрий Шумеков.
Дмитрий Шумектовтың мәліметінше, бірнеше онжылдықта адам саны бойынша елімізде теңсіздік орнайды. Өйткені, Қазақстанның бір бөлігінде мұнаймен жан сақтауға үйренгендер көбейеді. Жастар Батыс Қазақстанға барынша шоғырланып, осы аймақтың демографиялық ахуалы түзелмек. Алайда, маман атаған аумақтарда түрлі факторлардан жастар, тіпті орта жас болып есептелетін 31-42-лердің дені басқа елге қоныс аударуы мүмкін.
Мамандардың сөзінше, Қазақстандықтар үдере көшетін бірінші мемлекет Ресей. Көп жағдайда көші-қон этникалық мәселелермен байланысты болады екен. Алайда, соңғы жылдары Кореяға жұмыс іздеп сабылғандардың саны артқан. Мәселен, биылдың өзінде осы елге 7000-ға жуық отандасымыз кетіпті".
"Мәселен, Ұлттық банктің статистикасына сүйенетін болсақ, 2012 жылдан 2018-жылға дейін жеке тұлғалардың Қазақстанға шетелдерден аударылған ақша көлемі 219 миллион АҚШ долларынан 614 миллион АҚШ долларына яғни 2, 2 есе өскен. Дәл осы уақыт аралығында Оңтүстік Кореядан Қазақстанға аударылған ақша көлемі 60 есе ұлғайған", - дейді Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының аға сарапшысы Әмина Бауыржан.
Сарапшының сөзінше, соңғы екі жылда Кореядағы ауыр болса да 1,5-2 мың АҚШ долларын төлейтін жұмысқа аңсары ауғандар қаптап кетіпті. Тіпті, айына 600-ге жуық адам осы мемлекеттен бірақ шығады екен. Алайда, біліктілікті қажет етпейтін еңбек түрінен құқығын қорғай алмай, опық жегендер де жоқ емес. Бірақ, кеткендердің басым бөлігі кері қайтпайтын көрінеді. Бұл пікірмен әлеуметтанушылар да келіседі.
"Үрдістің өзгеріп кетеді, басқа жаққа бұрылады, өзгереді деуге негіз жоқ. "Не себепті, көшуді қалайсыз деген сұраққа көбінесе экономикалық себептер айтылады.Мысалы, жұмыстың болмауы , бұндағы тұрмыс деңгейінің төмендігі және де көшіп баратын елде жағдайды жақсартуға мүмкіндіктің көбірек болуы", - дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев.
Мамандардың айтуынша, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында адамның азаюына әсер ететін жағдай жеткілікті. Ең бастысы, жұмыссыздықтың салқыны болса, екінші себеп туу көрсеткіші жылына небәрі 17 пайызды құрайды екен. Ал, өлім көрсеткіші 41 пайыздан асады. Сондықтан, күрделі кезеңнен өту үшін әрине елдің жағдайын жақсартудан басқа шара жоқ - дейді олар.
Пікір қалдыру