Маңғыстауда тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда облыста тегін дәрі беру процесі SMS-хабарлама арқылы бақыланып отыр. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» («ӘМСҚ») келтірген дерек бойынша, биыл сәуір-маусым айларында республика бойыншатегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына шамамен миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген болатын.
SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 27 798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 4 137 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды. Дәрі-дәрмектің қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары жолдаған.
«ӘМСҚ»Маңғыстау филиалы келтірген мәлімет бойынша, дәрі-дәрмек үйлестіру бойынша алғашқы жартыжылдықта 61 заңсыз жағдай (дефект) анықталып отыр. Сол себепті емханалар есебінен 1 258 478 теңге көлемінде қаржы қысқартылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмек пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі басшысы Тимур Мәлікұлы тегін дәрі алатын тұрғындар емханаға барып, телефон нөмірін қалдыру қажеттігін айтады. Өйткені, көпшілік тұрғындардың телефон нөмірлері дұрыс емес немесе қалдырмаған.
Ескерте кету керек, тегін дәрі-дәрмек тиесілі тұрғындардың телефонына хабарлама келеді. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттер SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдай алады немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады.
-Егер дәрі-дәрмекке қатысты тұрғындардан сұрақ туындаса, өзі тіркелген дәрігерден сұрауы қажет. Мәселен, медбике не учаскелік дәрігер пациентке тиесілі дәрі бермеді делік. Сол емхананың бас дәрігеріне немесе оның орынбасарына кіріп, арыз жазуы тиіс. Егер емхана деңгейінде бұл мәселе шешілмеген жағдайда, 24 сағат қызмет ететін денсаулық сақтау басқармасының колл-центр орталығына қоңырау шала алады. (тел. 303060, 87758776259) Мұны айтып жатқан себебім, көпшілік жағдайда тұрғындар біздің басқармаға келіп жатады, ал емхана дәрігерлері бұл мәселеден бейхабар. Әрине, бұл тұрғынның жеке құқығы, дегенмен мәселені осылай жедел шешуге болады, - дейді Тимур Мәлікұлы.
Пікір қалдыру