Ақын Мақпал Жұмабай өзінің мақамды жырларын арқалап ағылшын халқына Мақпалшерін таныстыру үшін Лондонға сапарға аттанбақшы деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ақынның өзі фейсбуктегі жеке парақшасында жазды.
"Сәлем, Лондон! Maqpalsher саған бара жатыр!
Достар, менің бұл жобаға дайындалғаныма тура бір жыл болды. Сөзімді асыл мұратыма сеніп, қасымда болған шығармашылық тобыма рахмет айтудан бастағым келеді. Біз 15 адам Лондонға аттанғалы отырмыз. Осы жаңалықты сіздерге жеткізгенге дейін бір кітап жазуға болатындай қызық пен қиыншылықты бастан өткердік. Дәл қазір ол маңызды емес! Маңыздысы, біз заманауи қазақ өнері үшін тәуекелге бел байлап отырмыз. Біршама уақыт болды, заманауи өнерімізді дамыту жолына білімім мен тәжірибемді арнайтынымды, сол жолда нақты істер бастағанымды сіздерге жариялаған едім. Бұл Лондон сапары – сол нақты ісімнің, тәуекелімнің бірі.
18 қыркүйек Лондондағы Брунель кеңістігінде (музейінде) АUA концептуалды концертім өтеді. Концертті индустриалдық революцияның зор тұлғалары Марк және Изамбард Брунельдер 1842 жылы салған осы тарихи ғимаратта өткізгім келді. Өйткені, олар тынық мұхитын кесіп өткен ең алып кемелер жасай жүріп, әйгілі аспалы көпірлерді сала жүріп, жаңашыл өнерді қолдаған меценаттар мен импрессариолар болған. Олардың өзгеріске, дамуға деген сенімі мен дүниені өзгерткен нақты істері мені қанаттандырды әрі жобамыз брунельдіктердің көңілінен шықты. Сол күннен бері үздіксіз дайындықтарды бастадық. Сапарымыз бен концертіміздің әр сәті жоспарланып, біз сол жоспар бойынша кәдімгі әскери тәртіппен жылжып келеміз. Мен 5 ай бойы сенбі, жексенбі күндері Алматыдағы музыкалық тобыма дайындыққа келдім. Пойыздар мен ұшақтарда ұйықтадым. Сол аралықта Лондонда көрсететін анимациялық қысқа метрлі фильмімізді аяқтадық. Кеште айтылатын барлық жырларды кәсіби аудармашы ағылшын тіліне аударды. Аударма көрсетіледі әрі қонақтарға кітапша ретінде тарту етіледі. Күні кеше ғана ұйымдастыру жұмыстарының барлық кезеңіне нүкте қойдық.
Бұл арман-мақсаттың бастауы қайдан шыққаны анық есімде: осыдан екі жарым жыл бұрын саябақта ұлдарыммен серуендеп жүрген едім, Раханайым ойламаған жерден «Сенің арманыңның шегі неге тек Қазақстан, мама, сен неге ағылшын тіліне аударылғың келмейді, неге шетелдерде кештеріңді өткізгің келмейді. Бұл дұрыс емес. Мен саған осы сұрақ бойынша ойлануға уақыт беремін. Сенің қолыңнан келеді, сен бұған лайықсың» деді. Сол сәтте көкейімді бір беймәлім сезім басты, жыладым ба, күлдім бе, есімде жоқ, бірақ, ұлыма тырысып көруге уәде бердім. Дәл сол кезде бұл дүние менің дауыстап айтуға батылым жетпейтін бір көмескі арманым еді. Бірақ бұдан соң да дауыстап айта алмадым ешкімге. Тек Алматыдағы AUA концертінен соң, шығармашылық командамызбен, отбасыммен өткізген концертімізді талқылап отырғанда, ендігі нүкте Лондон болуы керектігін айттым. Бұдан кейін де ішімдегі үміттің жануына себеп болған әңгімелер болды. Бәрі мені қолдады әрі сенді. Сол сенімнің күші, міне, Maqpalsherді Лондонға алып бара жатыр.
Осы сапарыма қолдау танытқан аяулы адамдарыма – ата-анама, отбасыма, бауырларыма, достарыма және Елші Ерлан Әбілфайызұлына рахмет айтқым келеді.
Ал, Лондон, күт мені!" делінген жазбада.
Мақпалшерді сүйер қауым сүйікті ақын қыздарына сәттілік тілеп, алда алар асудың бұл тек бастамасы екенін, әркез қолдайтындарын, тек биіктен көргісі келетіндерін жеткізді.
Пікір қалдыру