Тікелей эфирден көрсетілген бейнедебатта журналист Сергей Дуванов қос тарапқа кезек-кезек сөз беріп отырды.
Ермұхамет Ертісбаевтың сөзінше, елдегі президент сайлауының барлығы заңды әрі әділ өткен.
"Сайлау мәселесінде бұлтартпас деректер бар. Қазақстандағы ең бәсекелі президент сайлауы 1999 жылы өтті. Ол кезде ҚСЗИ-ге жетекшілік ететінмін. Додаға түскен Серікболсын Әбдилдин Атырауда 35 пайыз, бүкіл ел бойынша 13 пайыз дауыс жинады. Ал 2005 жылғы сайлауға Жармахан Тұяқбай түсті. Құрамында халықаралық сарапшылар болған экзит-полдың түскі 12-дегі қорытындысы бойынша Назарбаев 87-88 пайыз көрсетті. Бір ғана нәрсеге келісем, ол 2011 жылғы сайлау. Ол кезде күшті бәсекелестер болған жоқ. Мэлс Елеусізов, Ғана Қасымов мықты қарсылас емес еді. Бірақ Назарбаевтың электоралдық қолдауын бүкіләлемдік қауымдастық мойындайды" – деді Ертісбаев.
Әблязов бұл айтылғандарды толықтай терістеді.
"Кез келген өркениетті, демократиялық елде президент екі мерзімге, жалпы жиынтығы 8 жылға сайланады. Назарбаев 30 жылдан бері билікте. Осы сайлаудың бәрі мен министр болып тұрғанда көз алдымда болып жатты. Ермұхаметтің айтқандары шындыққа сәйкес келмейді" – деп атап өтті ол.
Қазақстанда шынайы оппозиция неге жоқ?
Ертісбаев:
"Оппозицияның әлсіз болуына олардың өзі кінәлі. Ал мемлекеттік партиялар ұйымдасқан, жүйелі жұмыс жүргізді. Сондықтан да кезінде мемлекеттік партияға "Асар", "Азаматтық" партия сынды ұйымдар қосылды. Мықты күш аясына бірікті".
Әблязов:
"Мықты оппозиция болмады емес, болды. Оның бәрін Назарбаев соттап, өлтіріп, жолдан тайдырып отырды. 2000 жылдары біршама оппозициялық күштер бар еді. Мәселен сол "Ақжол" партиясы. Бірақ ол билікке жақын схема бойынша таратылды. Жетекшісі Әлихан Бәйменов парламентке кетті. Оның өзге мүшелері "Нағыз Ақжол" деген партия құрғанымен, оның жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаев өлтірілді, оппоненті Заманбек Нұрқаділов те өлтірілді. Мен Ғалымжан Жақияновпен бірге түрмеге қамалдым. Билік біздің Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) партиясын тіркемей қойды. Артынан экстремистік деп танып, жоқ қылып жіберді. Осылайша, қарсылық білдіріп, алаңға шыққан оппозиционерлерге экстремистер деген айып тақты. Ал "Асар" мен "Азаматтық" партияның бірігуі күлкілі әңгіме. Асар дегенің Дариға Назарбаева, "Азаматтық" дегенің Машкевич. Оппозицияның күшке айналмауының екінші себебі – халықтың дайын болмауы. Бірақ қазір жағдай басқаша. Біздің партияны тіркеңдер. Кімнің жеңетінін сонда көреміз".
Ертісбаев ҚДТ қозғалысының Әділет министрлігінде экстремистік ұйым ретінде тіркелуін үнемі алаңға шығуға, ғимараттарды басып алуға шақырып, конституцияға тікелей қарсы әрекет жасайтындығымен түсіндірді.
Сөз жарысқа түсуші Әблязов пен Ермұхаметовтың айтқандары мен келтірген деректері, тіпті цифрларға дейін бір-біріне қарама-қайшы келіп, қос саясаткер бір-бірін өтірікшіге теңеп жатты.
Мәселен, Әблязов Қазақстан жан басына шаққандағы ақшалай табыс бойынша Латвия, Литва, Эстония сынды бұрынғы посткеңестік елдерден қалып келетінін мәлім етті. Оның айтуынша, Эстонияда ең төменгі жалақы 700 доллар, Қазақстанда 100 доллардан әрең асады. Орташа жалақы Эстонияда 1500 доллар болса, Қазақстанда 500 доллар. Айырмашылық бірінде 6 есе, бірінде 3 есе. Ал әлеуметтік жағдайдың нашарлауы елдің тәуелсіздігіне төнген қауіп. Сондықтан Қазақстан өте қиын шақта тұр.
Ермұхамедов керісінше, аталған елдермен салыстырғанда Қазақстанда өмір сапасы жоғары екенін, дипломат ретінде Қазақстанның бірде-бір жауы жоқ екеніне сендірмек болды.
"Қазақстанның барлық державалармен қарым-қатынасы жақсы. Қытай қатері туралы әңгіме ойдан шығарылған. Қазақстан номинал бойынша экономикасының көлемі өзінен 10 есе үлкен Ресейді басып озды. Армения, Грузиямен салыстырар болса, қазақстандықтардың 25-30 пайызы бай адамдар. Ал Эстония жері сатылған, Еуро одақтың дотациясына өмір сүріп отырған ел. Орта тап жөнінен Қазақстан мақтаулы Украинадан да жоғары" – деген ойда бұрынғы дипломат.
Қос тарапқа соңында "Қазақстанды не күтіп тұр?" деген сауал қойылды.
Әблязов халық бұл режимнен әбден шаршағанын, таяу 1-2 жылдықта жаңа күштер келіп, Қазақстанды үлкен өзгерістерге бастайтынын айтты.
Ермұхамедов болса, Қазақстан жаңа, екінші президент кезеңіне аяқ басты деген пікірде. Оның сөзінше, басы ашық бір мәселе бар. Ол – Назарбаев билікті Дариға Назарбаеваға бермейді. Мемлекетте қос үкімет деген болмайды. Бұл туралы Ертісбаевқа кездесу кезінде Назарбаев өзі айтқан.
Пікір қалдыру