"Тоқаев қашан "жарылады" немесе қос үкіметтің текетіресі туралы не білеміз?"

/image/2019/09/19/crop-2_10_939x990_mycollages.jpg

Кеше ақпарат агенттіктері «Қазтелерадио» компаниясы акцияларының толық пакеті республикалық меншікке берілгені жөнінде хабар таратты. Бір қарағанда, бұл – меншіктеу иесі иттей сапырылысқан елдегі қатардағы хабар сияқты естіледі. Бірақ біле білгенге – бұның астарында үлкен саяси мән жатыр.


Орталық офисі мен негізгі техникалық құрал-жабдығы Алматы қаласында орналасқан «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы – елде телевизия және радио хабарларын таратудың Ұлттық операторы саналады. Эфирлік сигналы бүкіл Қазақстанға тарайтын барша отандық «ТВ» мен «РВ» осы оператордың қызметіне мүдделі. Егер Ұлттық оператор толқынның тұтқасын тартып қалса, «31-арна» мен «КТК» түгілі, «Хабар» мен «Қазақстан» да қараң қалады. «Қазақ радиолары» мен ұсақ-түйек радио-тележәшіктердің хабар тарату диапазоны да осы оператордың қызметтік құзырына тәуелді.


Ал енді осы «Қазтелерадионың» қызметінде қандай «саяси мән» болуы мүмкін?
Тікелей! Мәннің мәнісі Тоқаев мырзаның президенттік ерік-жігеріне тікелей тіреледі. Егер ол сайланған президент ретіндегі рөлдің ретімен тікелей эфирге шығып, «Кітапханаға» кіріптар болуға мәжбүр екенін айтып, халықтан қолдау сұрайтын болса, елдегі өзгеріске өзеуреген жұртшылық жөңкіліп, алаңға атып шығуы әбден мүмкін. (Еске салайық: «бірінші президент», «Қауіпсіздік кеңестің» төрағасы деген жасанды лауазымдарды тақымына тығып, «Нұр Отанды» жастанып алған Н.Назарбаевтың әкімшілігі «Бірінші президенттің кітапханасы» деп аталатын ғимаратта отыр. Бүгінде астаналық истеблишмент қос билікті «Ақорда» және «Кітапхана» деп атайды).


Ал Тоқаев мырза «жасанды» билік иесінің саяси-интригалық қитұрқылығынан құтқаруға халықтан араша сұрай ма, жоқ па – ол енді басқа әңгіменің тақырыбы. Әзірге айтпағымыз – бұған дейін «Қазтелерадио» акционерлік қоғамына «біріншінің» бірінші қызы Дариға Назарбаеваның командасы иелік етіп келген. Компания пакетінің қомақты бөлігі де, оған басшылық жасап отырған менеджерлер тобы да – Дариға ханшайымның «жүгірмектері» еді.
Тағы бір еске салатын жәйт – елдегі саясатты сарнайтын «Хабар», «КТК», «Евразия – Бірінші арна» ТВ-лары, басқа да төрт-бес «ФМ» радиолар Назарбаеваның назарында екені мәлім (шоу-думанға қатысы бар көдедей көп «РВ-ТВ»-ларды айтпағанда). Енді, міне, бұлардың барлығы бір күнде хабар тарату техникасы жағынан мемлекетке тәуелді болып шыға келді. Дариға далада қалды... ма?


Бұл қандай саяси қисапты білдіреді? ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «өкіл әкесімен» тікелей текетіреске кетті ме? Елдегі ақпарат тарату кеңістігіне иелік құзыры Назарбаевтың «Кітапханасынан» Тоқаевтың «Ақордасына» (яғни, мемлекетке) өтті ме?


Әлбетте, бұл сұрақтардың жауабын жуық маңда біле алмаспыз. Білетініміз бір нәрсе – қалай болғанда да, сайланған президент Тоқаев пен «биліктің басқыншысы» Назарбаевтың арасындағы текетірес бірте-бірте айқындала түсті. Оған бір мысал – Тоқаевтың Қытайға сапары: бұрынғы президент Қытайға барған сайын, бірер миллиард қарызды қалтасына сала келетін; Тоқаев – «екі жаққа ортақ бизнесті бірлесіп жасайық» деп қайтты.
Тоқаев барлық кездесулерде қазақ және қытай тілдерінде ғана сөйледі. Есік-тесікке кірген жерінің бәрінде ауыз жаппай, тек қана орысша сөйлейтін назарбаевтық дәстүрдің «аузын ұрып қойды». Орысшалап айтқанда: «Чем не вызов? Мелочь, но приятно...».


Бұл екі арада Тоқаев қытай жерінде жүргенде, Назарбаев Мәскеуге – Путинге «жалоба» жасап барды: «ел арасында беделі жоқ...» деп сыпсың қағып. Бұл да «вызов»: «Аяз, әліңді біл!» деген сыңайы. Тоқаевтың бірте-бірте халыққа бет бұра бастаған түрі Назарбаевтың қызылит ішін күйдіріп барады...


Көрнеу көзге көріне бермейтін мұндай текетірестің «түрлері» күн сайын қылаң берер түрі бар. Біз әрине айсбергтің үстін ғана білмейміз: оның астында жан алып, жан берістің арпалысы жүріп жатқаны анық. Өткенде президенттің аппарат басшысы Қырымбек Көшербаев «сенімнен шықты» деген тоқаевтық тоқетермен Шымкенттің әкімін орнынан алып тастады. Ол алғашында қаңғып кетердей күйде еді, кейіннен назарбаевтық «Нұр Отанның» жиынында жайнаң қағып отырды. Ол – ол ма, «сенімнен шыққан» адам күні кеше премьердің кеңесшісі болып шыға келді. Яғни, бұл текетіреске тоқаевтық үкіметтің басшысы Мамин да тартылды деген сөз. Бұл енді «более серьезный вызов»: премьер-министр «Кітапхананың» дегеніне мойынсұнды деген сөз.


Ал екеуара ерегестің көкесі кешелі-бері басталды: Тоқаев өзінің халыққа жолдауында бейбіт жиындарға ерік беру керек деді; Назарбаевтың «жандармериясы» «шеруге шықты», «ДВК-ны қолдады» деп, азаматтық белсенділерді тағы да соттай бастады. Айдалғандардың алғашқысы 15 күндік абақтыға түсті.


Түбін қуып келгенде, бұл тартыстың екі жаққа да жөні бар: тумысынан тоқпейіл Тоқаев көрген тәліміне сай, шама-шарқы келгенше халыққа қызмет етіп кеткісі бар; ал тұтас мемлекеттен бастап, бір қаланы өз атына меншіктеп алған Назарбаевтың жоғалтары көп. Кім өзінің отыз жыл жиған-тергенін тегін таратып бергісі бар дейсің?...


Қысқасы, қос өкімет қосарланып, ұзақ жүруі мүмкін емес: не Назарбаев тағы бір қитұрқы қимылды бастайды; не Тоқаев бір күні «жарылады». Негізі, қарсыласына қарағанда, ішкі дүниесі әлдеқайда таза Қасекеңнің қастыққа ұшырамай, халық жағында «жарылғаны» жақсы болар еді...
Кім білсін?!

Ермұрат Бапидің фейсбук парақшасынан алынды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар