Мемлекет басшысының пікірінше, стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады.
Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндеттемелерін орындау қажет екенін айтты.
Президент шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек деп санайды. Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.
– Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы – 2 есеге арттыруы қажет, – деп тапсырды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.
– Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ мұндай жағдай инвестиция көлеміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвестициясын тартуда тек фискалды ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, тауарды экспортқа шығарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар іс-әрекеттерін үйлестірудің жеткіліксіздігі – жүйелі проблемалар болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы фискалды саясат жөнінде айта келе, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді біртіндеп азайту қажет деген пікір білдірді. Дегенмен оған аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүгіну керек екенін айтты.
– Үкімет бірінші кезекте республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне назар аударуы қажет. Ұлттық банк Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың түсімін арттыру мақсатында қаражатты басқару жолдарын қайта қарастыруға міндетті. Активтерді дұрыс басқару Ұлттық қордың көлемін айтарлықтай арттыра алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.
– Ұлттық банк осы саясатқа шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс. Қаржы реттеушісінің мәліметі бойынша, экономиканың әр секторының 50 пайыздан астамы – банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпорындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар. Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді дамыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Пікір қалдыру