Кеше, яғни 14-шілдеде Астана қаласында «Шындық экспедициямын» ұйымдастырушылар Президентке, Үкімет және Парламент басшыларына арнайы хат жолдап, бірнеше талап қойды. «Шын сөз» деп аталған хатқа 14 қоғамдық ұйым, 211 жеке тұлғалар қол қойған.
Хат жазған белсенділер өз хаттарына бір ай көлемінде жауап алмаса билік органдарын сотқа беретінін мәлімдеді.
Шындық іздеушілердің жұмысына әдеттегідей полиция қызметкерлері кедергі жасауға тырысып бақты.
Хаттың мәтіні төмендегідей:
Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевқа
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
Кәрім Мәсімовке
Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы
Қасымжомарт Тоқаевқа
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы
Қабидолла Жақыповқа
ШЫН СӨЗ
«Шындық экспедициясы» 2015-жылдың 17-26-маусымы аралығында Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарының жеті ауданын аралап, киік, мал, аңдар мен құстар қырылған аймақта болып, барлық мән-жайға қанық болып қайтты.
Экспедиция қорытындысы бойынша мынандай шындықтардың беті ашылды:
1. Қазақстан аумағында осы жылдың 10- мамырынан бастап 134 мың киік қырылды деген ресми ақпарат таратылған еді;
Алайда қырылған киіктердің шынайы саны 150 мыңнан асады.
2. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті және оған қарасты «Ғарыш-экология» мекемесі басшылары Қостанай және Ақтөбе облыстарына Протон зымыранының бөлшектері құламайды деп мәлімдеген еді;
Шындығында, соңғы бес жыл бойы Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарының, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының аумағына Протон зымыранының бөліктері ұдайы құлайтыны дәлелденді.
3. Облыстарда орын алған мал шығынының да саны таратылған ресми ақпаратта көрсетілген саннан әлде қайда көп екені анықталды;
Мәселен, Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы «Сыма-К» шаруа қожалығында киік қырғыны басталғаннан кейін он күн ішінде 67 бас мал қырылғаны, онымен көршілес «Қазымбек» шаруашылығынан 9 бас мал шығынының болғаны, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты «Құмқұдық» серіктестігінде 35 жылқының өлгені анықталды. Бұдан басқа да көптеген мал шығындары туралы ақпараттар расталды.
4. Протон зымыранының ұшырылуы, құлауы, Ресей Федерациясы әскери полигондарындағы түрлі сынақтар Қазақстан халқының денсаулығына кері әсер етіп жатқаны анықталды. Ел арасында түрлі ісік, қан тамыр, жүрек, тыныс жолдары ауруларының артып отырғаны белгілі болды;
5. Протон зымыраны ұшырылып, әскери сынақтар болғаннан кейін жергілікті жерлерде ауа-райының күрт өзгеретіні анықталды. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың мал өсіріп, егін егу жағдайына кері әсерін тигізуде.
Осы аталған жағдайларды ескере отырып:
1. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Протон зымыранын ұшыруды тез арада мүлде тоқтатуды;
2. Қазақстан аумағындағы барлық әскери-жаттығу полигондарын жабуды;
3. Осыған дейін Протон зымыранының бөлшектері құлаған, әскери сынақ жүргізілген аймақтардағы тұрғындардың денсаулығына толықтай тексеру жүргізуді және зардап шеккендерге өтемақы тағайындауды;
4. Протон зымыранының ұшырылуынан, әскери қарулар сынаудан қоршаған ортаға келген зиян көлемін толықтай анықтауды;
5. ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес Ресей Федерациясынан Протон зымыранының ұшырылуынан, әскери қарулар сынаудан адам денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен қаупін анықтап, бағалап, соған сәйкес өтемақы көлемін анықтауды және ол өтемақының тез арада төленуін талап етуді ұйымдастыруды;
6. 2013-жылдың 02-шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында Протон зымыранының құлауынан болған зардаптар үшін өтемақы ретінде Ресей Федерациясы төлеуге міндеттелген 90 млн. долларды тез арада алып, киіктің, малдың жаппай қаралу себебін анықтау мен зардап шеккендерге өтемақы ретінде беруді;
7. Қырылған 150 мың киіктің, жүздеген малдың, аңдар мен құстардың жаппай қырылғаны үшін нақты лауазым иелерін жауапқа тартуды, оның ішінде еліміздегі экология мен қоршаған ортаны қорғауға тікелей жауапты ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникті, ғарыш саласына тікелей жауапты ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевті лауазымдық қызметінен босатуды;
8. Экспедиция жұмысы аяқталған соң да ресми ақпарат бойынша Қостанай облысында 3 мыңнан аса мал өлді. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Шардара, Арыс, Отырар аудандарында мал өліп жатыр деген хабар алдық. Кейбір шаруа қожалықтарында 500ге дейін қой, ешкі қырылған. Осының бәрінің себебін анықтап, халыққа ресми түрде жариялауды талап етеміз.
Осы аталған мәселелер бойынша нақты шаралар ұйымдастырып, шешімдер қабылдауларыңызды және ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңының 16-бабына, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңының 8 бабына сәйкес жауап беруіңізді талап етеміз.
Қол қойған жеке тұлғалар тізімі қоса беріліп отыр. 5 бет.
«Антигептил» азаматтық
қозғалысының үйлестірушісі Мақсат Нұрыпбай
«Жалпыұлттық социал-демократиялық
партиясының» Астана қаласы бойынша
филиалының басшысы Асхат Рахымжанов
«Халықаралық экология академиясы»
мекемесінің президенті Мұсағали Дуамбеков
«Нағыз желтоқсан»
қоғамдық қорының президенті Құрманғазы Рахметов
«Жемқорлыққа қарсы халықтық
комитеті»қоғамдық қорынің президенті Мұсағали Дуамбеков
«Адам құқықтары және демократия институты»
қоғамдық қорының директоры Болатбек Блялов
«Халық бірлігі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы Мақсат Нұрыпбай
«Халықтық Альянс»
азаматтық қозғалысының үйлестірушісі Сәкен Байкенов
«Адам құқықтары мен бостандықтарын
қорғау» қоғамдық қорының директоры Еділ Мәкен
«Қазақ елі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы Мұратбек Аргынбеков
«Қазақстанның экологиялық
қорының» вице-президенті Қамария Жазбаева
«Нұр-Аянат» қоғамдық
бірлестігінің төрайымы Гүлмира Сәрсенбаева
«Айна жастар клубы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы Нұрлан Жабаев
«Жастар бірлігі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы Дулат Ілиясов
Пікір қалдыру