Су – тіршілік көзі. Оның адам өміріндегі маңызы баршаға аян. Сондықтан да бүгінде елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы мәселесі күн тәртібіне өткір қойылуда. Сәйкесінше Жамбыл облысында жыл соңына 209 елді мекен тұрғындары орталықтандырылған ауыз суды пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Нәтижесіндеші өңір тұрғындардың ауыз сумен қамтылуы көрсеткіші 56 пайызға жеткізілмек, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Халықты ауыз сумен қамту ісінде Елбасының тапсырмасына сай сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жөніндегі «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы іске асырылуда. Бүгінде облыс аумағындағы ауылдық елді мекендердің 53,3 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал өңірдегі 4 қала тұрғындарының орталықтандырылған сумен қамтылу көрсеткіші 88 пайызды құрады.
Биыл бюджеттен Тараз қаласының сумен қамту бойынша 2 жобаға жалпы құны 1 миллиард 775 миллион 200 мың теңге қарастырылып отыр. Сонымен бірге аудандардағы ауылдық елді мекендерді сумен қамтуға бағытталған 16 жобаға 5 миллиард 222 миллион 700 мың теңге қаржы бөлінген. Мұнан бөлек тараздықтардың ауыз сумен қамтылу көрсеткішін 100 пайызға жеткізу үшін 7 жоба әзірленіп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде Тараз қаласы маңындағы «Шалғай Қарасу – 1,2,3,4,5,6,7», «Қайнар», «Мичуринец», «Ақжол», «Родничок», «Тектұрмас», «Қарасай», «Барысхан», «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» сынды саяжайлар мен тұрғын алқаптарының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Ал Шу ауданындағы Шу қаласы бойынша қазіргі таңда 7 мыңнан астам халық тұратын «Қосқұдық» алқабының сумен қамту жүйелерінің құрылыс жобасы әзірленіп, сараптама қарауына тапсырылып қойды. Қосқұдықтықтарды сумен қамтуы керек жобаның жалпы құны 300-350 миллион теңгені құрайды. Жоба толықтай іске асырылған жағдайда қала тұрғындарының 80 пайызы орталықтандырылған су құбыр жүйесіне қосылады.
Облыс елді мекендеріндегі 8 жоба бойынша құбыр тарту жұмыстары өз межесіне жетіп те қалды. Сол арқылы жыл соңына дейін Байзақ ауданындағы Талас, Сарыкемер, Жуалы ауданындағы Қарасаз, Талас ауданындағы Қасқабұлақ, Майтөбе, Сарысу ауданындағы Игілік, Өндіріс, Шу ауданындағы Мойынқұм, Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылдары сапалы суға қолжеткізеді. Республикалық бюджет арқылы қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған Қордай ауданының Қасық, Талас ауданының Есейхан, Сарысу ауданының Арыстанды және Қызылдихан, Шу ауданының Абай ауылдарының тұрғындарына жыл соңына дейін сапалы тіршілік нәрі қолжетімді болады. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданындағы Бурылбайтал, Мирный, Қияқты елді мекендерін сумен қамту жобаларын аяқтауға 596 миллион 400 мың теңге қарастырылды. Жобаға сай құбыр арқылы тұрғындар Балқаш көлінің тазартылған ауыз суын қолданбақ.
Бұдан басқа, салалық министрлікке 2020-2022 жылдардағы республикалық бюджеттен қаржы бөлуге 5 ауданның 14 ауылдық елді мекеніне жаңа су құбыр жүйелері құрылысын салу үшін 7 миллиард 90 миллион 200 мың теңгеге бюджеттік өтінімдері өтінімдер тапсырылды.
Облыста ауыз сумен қамтылмаған елді мекендерді 2020-2022 жылдары ауыз сумен қамту жоспарын халықаралық қаржы ұйымдары мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Пікір қалдыру