Сәт сайын түрленіп, тотыдай таранған Тараз қаласының сәулеттік келбетін жақсартуда облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасына қарасты сәулеттік бюро мекемесінің қосқан үлесі қомақты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Өткен жылдың маусым айында ашылған мекеменің негізгі міндеті Тараз қаласында салынатын нысандардың нобайын сызып, макетін дайындау болып табылады. Архитектуралық бюро сәулетшілері әзірлеген нысандардың нобайлары мен макеттері апта сайын облыс әкімінің төрағалық етуімен өтетін қала құрылысы кеңесінде жан-жақты талқылынады. Осы талқылаудан өткен нысандардың құрылысы ары қарай мердігер компанияларға беріледі.
– Бүгінде сәулеттік бюрода 8 сәулетші жұмыс жасайды. Жұмысымызды бастаған 1 жарым жыл ішінде қаладағы құрылыс нысандардың барлығындағы композицияларға біздің сәулетшілер өз үлестерін қосып үлгерді. Мәселен бұрын «Махаббат аллеясы» аталған саябақ «Жастар» аллеясы болып қайта жаңғыртылды. Қайрат Рысқұлбеков саябағы көркіне көз тоймас көрікті орынға айналды. Сәулеттік бюро аллеядағы ескі субұрқақтарды жаңарту жұмыстарын жобалаумен айналысты. Сондай-ақ, саябақта «Білім» «Қарахан Айша бибі» стеллалары орнатылды. Өз кезегінде осы нысандардың барлығы да сәулеттік бюро мекемесі мамандарының идеясынан туындаған, –дейді сәулеттік бюро директоры Арман Әбдешов. Қазір сәулеттік бюро мамандары әзірлеген нобайлар бойынша Тараз қаласындағы 15 шағын ауданда Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, Қаржы орталығы, Неке қию сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік нысандарының құрылысын қолға алу жұмыстары жүргізілуде.
Сәулеттік бюро сәулетшілерінің енді бір тобы «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық паркі аумағындағы тарихи-мәдени орталықты орта ғасырдағы сәулеттік үлгімен салу ісіне жұмылдырылды. Бұл мақсатқа жету жолында сәулетші мамандар іргетасы ортағасырда қаланған Самарқанд, Бұқара қалаларында болып, олардағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып та қайтқан.
–Бұл кешеннің аумағындағы облыстық өлкетану мұражайы, көркем сурет галереясы, көрме орталығы, «Руханият» орталығы сынды ғимараттарды салынып сыртқы әрлеуіндегі әрбір өрнектің әу бастағы сәулеттік жобадан ауытқымауын басты назарда ұстаймыз, –дейді сәулеттік бюро директоры.
Пікір қалдыру