Сапарбаев: Ешқандай ақталу, сылтаулар болмау керек!

/image/2019/11/05/crop-14_4_521x748_s.jpg

Үкімет үйінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ана мен бала өлімін азайту мәселелеріне арналған селекторлық кеңес өткізді, – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 Кеңес барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, соңғы үш жылдағы динамиканы талдау елімізде ана өлімін төмендету үрдісінің жоқтығын көрсетеді. Көрсеткіштердің өсуі Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Одан өзге соңғы үш жыл ішінде нәрестелер өлімі 4 пайызға артқаны белгіленген. Өңірлер тұрғысынан динамиканың аса өсуі Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында байқалады. Жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында ана мен бала өлімін азайту бойынша жоспарлар жүзеге асырылуда, олардың негізгі бағыттары – кадрлармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жарақтандыру, медициналық көмекті стандарттау, цифрландыру және халықпен ақпараттық жұмыс жүргізу.

"Алайда, мониторинг аталған шараларды өңірлердің жеткіліксіз орындағанын көрсетеді. Мәселен, Алматы облысында мәлімделген 34 анестезиолог-реанималог дәрігердің тек 10 маманы, Қарағанды облысында 29 маманнан тек 1, Ақмола облысында 30 маманның тек 4-і, Маңғыстау облысында 15 маманның тек 1-еуі тартылған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстарында қажеттілік болғанның өзінде неонатолог дәрігерлер тартылмаған. Ал Қостанай облысында 9-дан 2-і ғана", – деді Надыров.

бала өлімі

Вице-министрдің айтуынша, бірқатар өңірде балалар ұйымдарын медициналық жабдықтармен қамтамасыз етудің төмен деңгейі байқалады. Атап айтқанда, олар – Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Одан өзге кеңесте тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық мекемелердің дәрі-дәрмектер бойынша қарызын өтеу мәселелері талқыланды.

"СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, еліміздің медициналық мекемелерінің бірыңғай дистрибьютор алдындағы жалпы қарызы 19,5 миллиард теңгені құрады, оның 17 миллиард теңгесі – биылғы келісімшарт бойынша. 

Сондай-ақ, Атырау, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары бейнеконференция байланысы арқылы кеңеске қатысып, сөз сөйледі. 

Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Бердібек Сапарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Вице-премьер медициналық қызметтер саласындағы азаматтардың шағымдарына уақытылы жауап берудің, білікті кадрларды даярлау және медицина қызметкерлерінің біліктіліктерін үздіксіз арттырудың, материалдық-техникалық жарақтандырудың, жүкті әйелдердің тізілімін жүргізудің, ана мен бала өлімін азайтудың маңыздылығын атап өтті.

"Біздің міндетіміз – азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен уақытылы қамтамасыз ету. Ешқандай ақталу, сылтаулар болмауы керек! Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге осы жылдың 1 желтоқсанына дейін жинақталған қарыздарды өтеп, тиісті кестені жасауы керек. "СК-Фармация" келесі жылы дәрі-дәрмектердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуі керек. Өткен жылдардағы барлық жіберілген қателіктер 2020 жылы қайталанбауы керек. Осы мәселені пысықтап, түбегейлі тоқтатыңыздар!", –  деп  сөзін түйіндеді Сапарбаев.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар