Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін бақылауды қатаң қолға алды, делінген департамент баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеді.
Департаменттің мәліметінше, биылғы он айда 480 өрт тіркелген. Оқиғалар саны алдыңғы жылғымен салыстырғанда 18% азайған. Тілсіз жаудан 558 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 34 адам құтқарылды. 30-ға жуық адам иіс тиіп уланған.
Оқыс оқиғалар пештің жарылуынан, қазандықтың бітеліп қалуынан болған. Оның 58% жекеменшік секторда тіркелген. Сонымен қатар, қаланы газдандыру бағдарламасы аясында көмірмен жылитын үйлердің саны 2,2 есе азайған. Яғни, 2018-2019 жылыту маусымында – 16 626 үй, 2019-2020 жылыту маусымында барлығы 7264 үй пешпен жылытылады.
Көгілдір отын тұтынушыларының саны көбеюіне байланысты одан улану деректері де артқан. Биылдың өзінде 36 адам уланған. Былтыр 44 адамға медициналық көмек көрсетілген болатын. Оқиғалар көбінесе газ құралының герметикалық қорғанысының бұзылуынан оның ауаға тарауынан болған.
9 қарашада Наурызбай ауданының Қарағайлы елді мекенінде газ қазандығының ақауынан 4 адам уланған. Бұл үйде газ құбырында тартылыс жүйесі жұмыс істемеген. Олар токсикология бөлімшесіне жеткізілді. Оның ішінде 1 бала бар.
Осы деректерді назарға ала отырып, қалалық ТЖД 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымында адам өлімі мен жарақаттанудың алдын алу жоспарын белгіледі. Жекеменшік сектордағы 145 үй есепке алынды. 184 кездесу ұйымдастырылып, 85 мың жадынама таратылды. Әкімдік қызметкерлерімен біріге отырып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 593 отбасының үйі тексерілді. Олардың ішінде 404 отбасы көмір жағып отыр. Барлығына иісті газды анықтайтын құрылғы тегін орнатылды. Жыл басынан бері ТЖД 1034 датчик орнатқан.
Бұдан бөлек, мамандар электр энергиясымен үйін жылытып отырған тұрғындарға ескі электр сымдарын ауыстыруға кеңес береді. Себебі, тозығы жеткен аллюминий сымдар да электр тогының кернеуіне шыдас бермей, жануы мүмкін.
Пікір қалдыру