Қазақ тіліндегі аудиокітап қосымшалардың орны ойсырап тұр

/image/2019/12/06/crop-64_12_688x918_audiobooks.jpg

UCL зерттеу орталығы мамандарының айтуынша, адамның эмоциясы ақпаратты оқу кезінде емес, тыңдау барысында айқын байқалады. Осы ретте аудиокітаптар қазіргі таңда бізге бірқатар мүмкіндіктер ұсынып отыр. Соның ішінде, уақытты үнемдеп, оқу үдерісін әлдеқайда жағымды ете отырып, денсаулыққа да оң әсерін тигізеді.

Жуырда көпшіліктің кітап оқуға қатысты пікірін білу мақсатында 19-35 жас аралығындағы әлеуметтік желі (Instagram, VK)  қолданушылары арасында сауалнама жүргізген едік. Пікіртерімде «кітапты қандай форматта оқыған ыңғайлы?» деген сауал қойылды.

Сауалнамаға қатысқандардың 12 пайызы кітап оқымайтыны анықталды. Сұралғандардың 16%-ы баспа кітапты оқығанды құп көреді. Бірақ олардың сөзінше баспа кітаптар оқуға ыңғайлы болғанымен, баға тұрғысынан тиімсіз. Орта есеппен бір кітаптың құны 3500-5000 теңге тұрады. Сол себептен болар, қатысушылардың 29 пайызы кітапты электрондық нұсқада оқығанды ұнатады екен. Қалған 43%-ы барлық жағынан тиімді әрі ыңғайлы деп аудио нұсқадағы кітаптарды таңдаған.

а

Сауалнамаға қатысқандарды нарықта қазақтілді аудиокітаптардың аздығы қынжылтатынын байқадық. Сондықтан басым көпшілігі әлем әдебиеті мен шетел авторларын оқуға мәжбүр. Балалар да шетелдік ертегілерді тыңдап өсіп жатқаны жасырын емес.

Осы орайда медиакеңістікке шолу жасап, Аpp Store мен Play Market платформаларындағы аудиокітап ұсынатын қосымшаларға анализ жасадық. Ең көп тыңдалымға ие қосымшалардың қатарына ресейлік «Слушай аудиокниги» және «Storytel» мобильдік қосымшалары енген. Олардың рейтингтері 4.7-ні құрайды. Ең қызығы, қосымша қолданушыларының 30%-ы біздің отандастар. Ал қазақ тілді кеңістіктегі «AudioKitap» қосымшасының қолданушылары тым аз. Өйткені ол жердегі контенттің өз аз. Бүгінде жоғары сұранысқа ие кітаптар тізімінде бизнес, психология, мотивациялық бағыттағы еңбектер көш бастап тұр. Бәлкім, қосымша қолданушыларының аздығына танымал әдебиеттердің қазақтілді нұсқасының болмауы әсер етіп жатқан шығар.

Бұл олқылықтың орнын толтыруға талпыныстар жасалмай жатқан жоқ. Айталық, отандық «AiAt» аудио мобильді қосымшасы мотивациялық, психологиялық бағыттағы әлемдік бестселлерлермен қатар, шетелдік және отандық әдебиеттің аудио нұсқаларын ұсынып жүр. Десе де бұл жеткіліксіз. Сондықтан әлі де қазақ тіліндегі аудиокітап қосымшалардың орны ойсырап тұр.

Айшолпан Танкиева

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар