Бот және фейк аккаунт кімге керек?

/image/2019/12/18/crop-43_1_439x586_facebook0.jpg

Бот және фейк аккаунт екі түрлі болғанмен де, өзара тығыз байланыста жұмыс атқаратын жалған аккаунттар. Олар шынайы аккаунттар секілді өзгелердің жазбаларына лүпіл басып, пікір жазып, репост жасайды. Бот және аккаунттардың фейк екендігін анықтау үшін түрлі тәсілдерді пайдалануға болады. Солардың ең маңыздыларын атап өтсек:

1. Әлеуметтік желідегі белсенділігін тексеру. Яғни, парақшадағы фото, видеолардың қашан жүктелгенін, суреттердің астында неше пікір, лүпіл бар екенін, алғашқы фото мен соңғы фотоның қашан салынғанын салыстыру арқылы білуге болады.

2. Қолданушының жеке басына байланысты ақпараттың, тіркелушілердің санын бақылау арқылы. Егер олардың саны аз болса, көбінде, бот не фейк аккаунт болып шығады.

3. Парақшадағы кез келген фотоның тұсына тінтуірдің сол жақ батырмасын басып, «копиравать URL картинки» дегенді таңдаңыз. Жаңа терезеге «картинки» деп іздеп, цифрлы фотоаппарат белгісін басып, фотоның сілтемесін немесе өзін жүктесеңіз, іздеу нәтижесінде ұқсас картинкалар тізімінің арасынан дәл сол фотоның қай әлеуметтік желіден алғанын, жиынтықтың ішінде бар ма екендігін тексеріп көре аласыз . Егер бот пен аккаунттың фейк екеніне күмәніңіз қалмаса, әлеуметтік желі админіне хабарлап, оларды бұғаттата аласыз.

Өткен жылғы қойылған "Әзіл әлемі" концертінде Тұрсынбек Қабатов өзінің ешбір әлеуметтік желіде тіркелмегенін, әлдебіреулердің оның есімін пайдаланып, парақша ашып, шыр-пыр болуына не себеп деп таңданысын ашық айтқан-ды. Қазіргі сәтте инстаграммда kabatov_tursynbek_resmi деп аталатын парақшасы бар. Ал оның атын қолданып, жұмыс істеп отырған басқа оннан астам парақша "есім ұрлаушылардың" қолында. Шынында, фейк аккаунт ашу оларға не үшін керек?

Көпшілік қарапайым адамдар белгілі тұлғалардың есімін пайдалану арқылы өздерінің жазбаларын жұртшылықтың көптеп оқып, оқырман аудиториясының неғұрлым ауқымды болғанын армандайды. Енді біреулері жарнама жасап, рейтинг жинап, мол табысқа кенелу үшін фейк аккаунт ашады. Жалған қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, олжаны оңай иеленуге ниеттенгендер де табылады.

2018 жылы белгісіз біреу Азаттық радиосының тілшісі Сәния Тойкеннің атынан телеграмм желісінде парақша жүргізіп, жұртшылықты митингке шығуға үндеген. Артынан репортер бұл дерек бойынша сотқа шағым білдірген. Қорғаушы Ғалым Нүрпейісов сол кезде фейк аккаунттың иесінің 2 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.

"Қостанай таңы" газетінің хабарлауынша, биыл 20 жастағы Қапшағай тұрғыны Инстаграммда bakyt_best аккаунтымен тіркеліп, тауарларды сатамын деп қаражат жинаумен айналысқан. Құрығына іліккен Қостанай тұрғыны оның есепшотына 12 800 теңге аударып жіберген. Айыпталушы ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Соңғы уақытта белгілі актер Дмитрий Нагиевтың жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін салып, әлеуметтік желілерде бірнеше байқаулар ұйымдастырып жүргендер бар. Олар оқырмандарға құнды сыйлық пен ақшалай жүлделер беруге уәде еткен. Алаяқтардың сөзіне иланған желі қолданушылары байқаудың шартын орындап, қалтасынан қағылған. Жабық киініп видеоға түскендіктен, оларды бірден тану мүмкін емес.

Бұндай деректер аз емес.

Ботты дауыс жинау үшін ғана қолданбайды, онымен қоса, бірнеше функцияларды іске асыру үшін пайдаланады. Көптеген боттар бірігіп жұмыс жасайды. Боттар компания сайтының тұтынушыларының сауалына жауап береді, ауа-райын мәлімдейді, жалған жаңалықтармен ел ішін дүрліктіреді. Көбінесе, жарнаманы таратумен айналысады. Кей мемлекеттерде жалған ақпаратты саяси жағдайды бір жүйеге келтіру үшін, аудиторияның назарын аударту үшін таратады. Мысалы, Дональд Трамп президент болғанда, наразылық акциясы қаптап кетті. Америкадағы саяси дүмпуді басу үшін әдейі фейк жаңалықтар ел ішінде жариялаған еді.

Соңғы уақытта мамандар ақпараттың жалғандығын тексерудің жаңа әдісін ойлап тапты. Ең алдымен, ақпараттың сенсация тудыру үшін жазылғанына назар аударыңыз. Егер сенсацияға негізделсе, леп белігісі мен сұрау белгісінің қаншалықты жиі кездесетініне мән беріңіз. Егер сауаттылық деңгейі төмен болса, фейк ақпарат болуы мүмкін. URL адресіне мән беріп, сайттағы "Біз туралы" қосымшасын түгел ақтарып шығыңыз.

Самал Қожамжарова

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар