5 жыл ішінде табиғи газ өндіру орташа есеппен жылына 6 пайызға, мұнай өндіру 2 пайызға өскен. Газ саласының ЖІӨ-дегі үлесі 2030 жылға қарай 3,6 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл туралы energyprom сарапшыларының зерттеуінде айтылады.
Мұнай-газ саласы – ҚР экономикасын дамытудың басты драйверлерінің бірі. Аталған сала соңғы үш жылда орта есеппен 6,1%-ға өскен.
2019 жылдың он айының қорытындысы бойынша табиғи газ өндірісі 1,5%-ға артып, 46,3 млрд текше метрге жеткен. 2018 жылы өндіріс 55,5 млрд текше метрді құраған. Соңғы бес жылда табиғи газ өндіру жылына орта есеппен 5,6%-ға өсіп келеді екен.
Ал газ конденсатын қоса алғанда, мұнай өндіру жыл басынан бергі он айда 74,8 млн тоннаны құрап, жылдық өсім 0,3%-ға жеткен. 2018 жылы өндіріс көлемі 90,4 млн тоннаға жеткен болатын. Соңғы бес жылда мұнай өндіру орташа есеппен жылына 2,1%-ға өсіп жатыр.
Бүгінде газ саласы мұнай секторына қарағанда жылдам қарқынмен дамып келетіні байқалады. Қазірдің өзінде ЖІӨ-дегі газ саласының үлесі 1,8%-ға жетті және ұдайы өсіп келеді. Секторда жалғасып келе жатқан өсім ЖІӨ-дегі үлесінің 10 жылда 1,8%-дан 3,6%-ға дейін (2020-2030 жылдар) ұлғаюына ықпал етеді.
Пікір қалдыру