Ақын Азамат Малжанбай қоғам белсендісі, тергеу изоляторында қайтыс болған Дулат Ағаділдің қазасына байланысты ұлы Жанболат Ағаділдің атынан монолог жазды.
Жанболат Ағаділдің монологы
ӘКЕСІ ДУЛАТҚА АРНАЛАДЫ:
Асыл әке өзің барда қасымда,
Байқамаппын, бақытты екем расында.
Талапкердің таңын бүгін қарсы алдым,
Жылап тұрып бейітіңнің басында.
Көп деуші едің, ел мен жер деп өлгендер,
Кеше қатты толқыды ғой көмгенде ел.
Кім ойлаған жерге тығып кетер деп,
Жедел жәрдем көлігімен келгендер.
Ол сұмдарға ашпаған ем есікті,
Теуіп кіріп, зорлығымен шошытты.
Әкетай-ау, сен аңсаған «әділет»,
Осы жолы ажал болып жетіпті.
Сіз айтқан соң Алаш жайлы оқығам,
Өсиетіңді көкейіме тоқығам.
37-жылдардағы сұмдықтар,
Біздің үйде болғанына шошынам.
Дулатовтай болса екен деп батылды,
Қойыпты деп айтып едің атыңды.
Сол арыстай сенде кеттің жан әке,
Түсіне алмай мынау нұрлы ғасырды.
Жер қайысты жаназаңа келгенде,
Өзегіме өрт тұтанды көмгенде.
Бәлкім бізде тірі жетім болмас па ек,
Осы халық сен тіріде ергенде.
Пана болар зар болып бір қалқаға,
Алты жетім аңырадық Арқада.
Енді біздің жан-жарамыз жазылмас,
Алты алаш келіп алақанға салсада.
Балаң қалды жетім болып сор қайнап,
Анам қалды жесір болып ойбайлап.
Өз басыңа домалайтын жартасқа,
Мерт болдың-ау әке қатты айғайлап.
Қазақ үшін тұрамын деуші ең өлгенше,
Әке сені жау көрді ғой көмгенше.
Тұл жетімнің азабына шыдармыз,
Осы жүйе сізді өлтіріп жөнделсе.
Әке өзіңе біз түгілі, ел зар болды,
Өз сақшымыз өзімізге жау болды.
Бізді осылар қорғайды деп жүруші ем,
Сәби жүрек түсіне алмай дал болды.
Әке сенен деуші едік көп үлгі алсақ,
Нәр беретін тамыр едің бүр жарсақ.
Әке сенің тыншиды ма аруағың,
Осы елдегі соңғы жетім біз болсақ.
Әке сенің әр бір сөзің – ұлт үні,
Көкжал едің қисаймаған қылшығы.
Бөлтірігің аман болса түбінде,
Қорқауларды итше ұлытар бір күні.
Қош бол әке, артыңда алты бала жүр,
Рухыңменен бізді есіңе ала жүр.
Тұлыбына мөңіреп қалған сиырдай,
Еліңе де назарыңды сала жүр.....
Азамат Малжанбай
Пікір қалдыру