Мемлекет басшысы Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы этникалық дүнгендермен кездескен. Жұмыс сапарының видеосын Ақорданың баспасөз қызметі facebook желісіне жариялады.
– Отанымыз бір, шаңырағымыз бір, тіліміз бір. Бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Мысалы, солтүстікте құнарлы жерлер бар. Неге бір жерде отыруымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, я болмаса, шығысқа жіберіңдер. Олар сауда жасайды, еңбектенеді, бай болады. Әлем деген үлкен кеңістік қой. Балаларыңыз осы әлемді танып білуі керек. Басқа халықтармен араласуы қажет. Әрине, Қазақстанды да тануы шарт. Сондықтан өз балаларыңызға дүнген қауымдастығынан бөлек Қазақстан деген үлкен әлемнің бар екенін үйретіңіздер, - деді Тоқаев.
Сонымен бірге Тоқаев тіл мәселесін де қозғады.
– Балаларыңыз қазақ тілін, орыс тілін, дүнген тілін білуі керек. Ал мемлекет өз тарапынан мәдениеттеріңізді дамытуға, тілдеріңізді үйренуге, салт-дәстүрлеріңізді сақтауға жағдай жасайды. Бірақ мемлекеттік тілді білуі маңызды. Әсіресе, дәл осындай ауылды жердің тұрғындары қазақша білу керек", - деп ескертті президент.
Пікір қалдыру