Сауд Арабиясы мен Ресейдің бастамасымен бір неше жыл ілгері құрылған ОПЕК-ке мүше және мүше емес мұнай өндіруші елдердің одағы "ОПЕК+" мүшелерінің 6 наурыз 2020 жылдағы Венадағы кездесуінде келісімі бойынша, Сауд Арабиясы мұнай өндіру көлемін биылғы бірінші тоқсанның соңына дейін мұнай өндірудің жалпы көлемін тәулігіне 1,7 млн. баррельге азайтуға шақырған еді. Алайда, Ресей бұрынғы жағдайды сақтап қалуды қоштады. Нәтижесінде келісімге қатысушы елдердің ешқайсысы сәуір айынан бастап мұнай өндіруді төмендетпейтін болды. (Келісім негізінде Қазақстан мұнай өндіру бойынша міндеттемесі тәулігіне 1,843 млн.баррель болуын орындады әрі осы келісімге қосылды). Әлемдік экономикада ОПЕК одақтасары дағдарыс кезінде әлемде шикізат өндірісі мен экспортын күрт шектеп, мұнай бағасын көтеріп отырған. Оған 2014 жылғы жағдай мысал болады. Келісімнің бұзылуына орай, Сауд Арабиясы келесі айдан бастап, қазіргі тәулігіне 9,7 млн баррель мұнай өндіріс көлемін 10-12 млн баррельге дейін арттыратынын және мұнай бағасын төмендететінін де айтты. Бұл мәлімдемеден кейін, мұнай бағасы бірден 30%-ға (Brent маркалы мұнай бағасы 31,5 долларға, WTI маркасына 30,30 долларға) құлдырады. Мұндай бірден құлдырау 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыстан кейін қайталанбаған жағдай.
Қазақстан қандай күйде, енді не болады? - деген сұрақ барша азаматтарды алаңдатып отырғаны анық. Республикалық бюджеттің 44 пайызы мұнай мен газ саласынан келетін еліміз үшін қара алтынның нарықтағы бағасының жоғары болуы тиімді әрине. Өйткені, үкімет 2019 жылдың 23 қазан күнгі «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдағанда мұнай бағасын баррельіне 55 долл. бағамға негізделген. Бюджетке сай, түсімдер де қомақты көрсетілген. Мысалы: 2020 жылдағы түсімдер 11,3 трлн теңге, 2021 жылы – 12 трлн теңге, 2022 жылы – 12,8 трлн теңге сомасында белгіленгенді. Осы үш жылдық шығыстардың да ауқымы кең пішілді. Мысалы, 3 жылдық кезеңде республикалық бюджеттегі әлеуметтік блоктың шығыстары 20 трлн теңгені құрайтын болды. Оның ішінде 2020 жылға 6 трлн теңге жоспарланды. Шығыстардың негізгі бөлігі мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға және аймақтарды дамытуға бағытталған. Мәселен, ауылдық елдімекендерді таза ауызсумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат көзделген. Мәселен, 2020-2022 жылдарға денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығыстар 4,7 трлн теңге, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын іске асыруға 2,2 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға 390 млрд теңге көзделген болатын.
Күтпеген жерден мұнай бағасының түсіп кетуі Қазақстан үкіметінің жоспарлаған жұмыстарын орындауға қол байлау болары анық. Тіпті, зат бағасының, қызмет көрсетудің, шетелдік вальютаның қымбаттауына әкелетіні түсінікті. Қазір ақша айырбастау орындарында доллар 392-402 теңге айналасында саудаланып жатыр. Осыған орай, Мемлекет басшысы шұғыл жиын өткізіп, бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әңгіме осы айтылған дүниелер орындала ма? -Міне бұл өзекті сұрақ. Оған оң не теріс жауап беруден ілгері факторларға талдау жасап көрейік. Оң фактор ретінде үкіметіміз бен Ұлттық банктің мүмкіндігін қарастырып көретін болсақ, екі негізгі активтерге көзіміз түседі. Олар: ұлттық қордағы валюта активтері және мемлекеттік алтын валюта қоры. Мемлекет осы екеуіне "қол салу" арқылы қаржы нарығына интервенция жасап «Еркін айырбас бағам саясатына» қайшы келіп, доллар бағамын бақылауға алуы, осы арқылы инфлация деңгейін белгілі шектен асырмауы мүмкін. Ал теріс фактор ретінде мыналарды айтуға болады:
- Корона вирусының әлі де дендеп баруы, әлемдік экономиканы барынша әлсіретіп барады. Бұл өз кезегінде тауар тапшылығы мен қымбатшылығына ұрындыруы анық.
- Қытай экономикасының шатқайақтап тұруы, қара алтынға деген сұранысты азайтып жіберді.
- АҚШ-тың мұнай экспорты жылдан-жылға артып келеді. 2019 жылдың көктемінде әлемдік нарыққа күніне 3,6 млн баррель мұнай жеткізе бастаған АҚШ-ты әлемдік сарапшылар, тақтатас революциясының нәтижесінде 2024 жылы мұнай өндірісі 70%-ға, ал сұйытылған табиғи газ саудасы 75%-ға өсіріп, тәулігіне 9 млн баррельге жуық мұнай өндіретін ірі нарыққа айналады деп болжауда. Бұлай болғанда, Вашингтон энергетикалық геосаясатқа етене араласып, Ресей мен Сауд Арабиясының жағдайы қиындатуы мүмкін.
- Еуропа елдерінде энергияның балама көздерінің үлесі артып отыр.
- Геосаяси жағдайлар шиленісіп, болжап болмайтын жағдайлар қалыптасып отыр.
- Еліміз үкіметінің бұл тосын жағдайға дайындығы жоқ екені анық. Себебі, бюджетті 55 долл. бағаммен қарастырған. Тіпті, "Б" жоспары бар деген күннің өзінде 40 долл. бағаммен қарастырған болар (Ресей осы бағаммен қарастырған).
Осы айтылған факторларды таразыға тартып қарасақ, теріс факторлардың салмағы басым. Тіпті, "Оң фактор"-деп айтып отырған қорларға "қол салу" мен интервенция саясаты шындап келгенде шарасыздықтың күйі ғана.
Халық арасында мұнай бағасы бөшкесіне 20 долларға төмендеп, теңге өте құнсызданып кетеді. Тіпті, бір долл. 900 теңгеге дейін түсуі мүмкін деген қауесеттер айтылуда. Бірақ, менің өзімнің жеке пікірім: Мұндай дәрежеге жуық жылдар ішінде, түсе қоймауы мүмкін. Өйткені, мұнай және мұнай өнімдеріне деген сұраныс әлі де басым. Себебі, әлем баламалы энергетика көздеріне толық өткен жоқ. Дамушы елдер әлі де көп. Бірақ, корона вирус салдарынан әлемдік экономика зардап шегуін жалғастырса, онда мұнай бағасы 20 долларға түсуінің ықтималдығы бар. Алайда, ұзақ мерзімге жалғаспауы бек мүмкін.
Мұнай бағасының құбылуы ұлттық экономикамызды шайқалтып, тұрақсыздық тудырып, саяси және әлеуметтік шиленістерге бастап, еліміздің тұрақты дамуына кедергі келтірері анық. Бұл басы бүтін түсінікті дүние. Сондықтан еліміз үкіметі түбегейлі өзгерістерге баруы тиіс. Оның алғашқы сатысы - шикізатқа тәуелділіктен арылу. Бұны еліміз үкіметі айтып жатыр. Бірақ, әлі де арыла алмай келеміз. Оның басты тетігі бюджеттік жоспарлауда жатыр. Бюджет бойынша мемлекеттік аппарат, қорғаныс, сот және құқық қорғау құрылымдарына қаржы көп бөлінеді. Одан соң, білім мен ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдаулар бағытына қаржы бөлінеді. Соңында индустриялы-инновациялық бағдарламаларды қаржыландыру тұрады. Осының бәрі де маңызды салалар. Алайда, шикізатқа тәуелділіктен арылудың бірден-бір жолы ғылым мен білімді дамыту. Мемлекет осы салаға шынайы, дұрыс жағдай жасап, қаржыландырса, индустриялы-инновациялық даму стратегиясы ұлттық экономиканы дамыту бағытында жұмыс жасайтын болады. Сонда, шетелдік валютаға емес, теңгеге байланған экономика өмірге келеді.
Қорыта айтқанда, мұнай бағасының құлдырауы әлем және еліміз экономикасына соққы болары анық. Бірақ, еліміз үкіметі, шикізатқа тәуелділіктен арылатын, шынайы бәсекелестік қоғам жасауға талпынатын шығар. Бұл дағдарыс, сол жаңғырудың басы болмасына кім кепіл?
Менің 2014 жылы жазған "АҚШ Ресейді күйрете ме?" - атты мақаламда: "АҚШ-тың қысымымен Сауд Арабия 1985 жылы мұнай өндіруді барынша арттырып, бағасын күрт төмендеді. ...Кеңес Одағының мұнай экспортынан жыл сайын түсіп отырған 30 млрд. доларының 10 млрд. долларын кемітіп кетті". Осы мақалада АҚШ Кеңес Одағының мұнай саласына соққы беру арқылы оны ыдыратқандығы туралы жазылған. Қазіргі жағдай да, соған ұқсап барады. Соңы қалай болар екен?....
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұстазы,
экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарының кандидаты
Қастер Сарқытқан
Пікір қалдыру