Төтенше жағдай кезінде кімдер қашықтан жұмыс істеуге міндетті, оларға жалақы қалай төленеді?

/image/2020/03/16/crop-2_19_548x974_1566308254_news_b.jpeg

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті. Бұл туралы Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. 

Нұрымбетовтың сөзінше, Еңбек кодексіне сай, кәсіпорындар мен мекемелер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен жағдайда жұмыс беруші жұмысшыға дәл бұрынғыдай жалақы төлеуге тиіс. 

– Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкенде, еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс атқару мүмкіндігі болады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде төленетін болады, – деді Нұрымбетов.

Министрдің айтуына қарағанда, төтенше жағдай кезінде жұмыс көлемі шектелетіндей болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Олай болған жағдайда, жұмысшылар жұмыс істеген сағатына қарай еңбекақы алатын болады. 

– Егер де жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Мұнда аптадағы жұмыс күндерінің саны немесе бір күндегі атқарылатын жұмыс сағаты азаюы мүмкін. Немесе жұмыс күнімен бірге, сағат та азаюы ықтимал. Бұл жағдайда жұмыс істеп жүрген азаматтар сағатына қарай еңбекақы алатын болады. Яғни, мысалы аптасына жұмыс күні бес күннен үш күнге қысқартылса, аптасына үш күндік жалақыны алады. Немесе бір күнде сегіз сағаттың орнына төрт сағат жұмыс атқарылса, төрт сағаттың жалақысы міндетті түрде төленетін болады. Толық емес жұмыс күні Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі, – деді министр. 

Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 коронавирусына байланысты елдің барлық аумағында 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай жариялаған болатын

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 10 адамнан коронавирус табылды. 

 

 



Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар